Ел Президенті ең алдымен, саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7%-дан 5%-ға дейін төмендетуді, барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазуды қайтаруды, ауылдық елді мекендердегі әкімдердің сайлауын өткізуді, ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуді, адам құқығын қорғау саласын жетілдіру мен Омбудсмен туралы заң қабылдауды ұсынды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару мен жоспарлаудың жаңа моделін енгізу қажеттігін те тілге тиек етті. Бұл бағыттағы реформалар барлық үдерісті цифрландыруды да қамтитын болады. Бұдан бөлек, азаматтармен өзара қарым-қатынастың сервистік моделі де енгізіледі.
Осы шаралардың алғашқы екеуін ел басшылығының өткен сайлау науқаны кезінде қазақстандық қоғам өкілдері мен шетелдік байқаушылардың көптеген бағалаулары мен ұсыныстарына жауабы деп санауға болады. Қалған шаралардың басым көпшілігін Мемлекет басшысы өткен жылы Қазақстан халқына Жолдауында және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында мәлімдеген болатын. Олардың әрқайсысы жеке зерттеу мен талдауды, соның ішінде шетелдік тәжірибені ескере отырып, олардың мазмұны мен іске асырылуына арналған ұсыныстар жасауды қажет етеді.
Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарды Парламент депутаттарының жаңа құрамының алдында айтуы да кездейсоқтық емес. Осылайша, қос палатаның депутаттарына Президент жоғарыда айтып өткен ұсыныстарды және айтылған басқа да шараларды заңнамалық тұрғыда уақтылы әрі сапалы қамтамасыз ету үшін үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондай-ақ мүдделі жұртшылықтың да өз ұсыныстарын әзірлеуге және насихаттауға атсалысуы күтілуде.
Андрей ЧЕБОТАРЕВ,
«Альтернатива» заманауи зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы