Аймақтар • 18 Қаңтар, 2021

Шалқар көлін сақтап қалудың басты жолы

891 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің бірқатар айма­ғындағы өзен-көлдердің суы азайып, арнасы тартылып бара жатқаны туралы мәселелер соңғы уақытта жиі айтылып жүр. Сондай кеп Батыс Қазақстан об­лысындағы Теректі ауда­нының оңтүстігі мен Жайық өзенінің солтүс­тік-шығыс бөлігінде орна­ласқан Шалқар көліне де орнауы мүмкін.

Шалқар көлін сақтап қалудың басты жолы

Бұрын көлдің ұзындығы 18, ені 15 шақырым болса, бүгінгі уақытта бұл айдыны әжептәуір тарылып қалғаны көзге айқын байқалады. Жалпы ауданы 260 гектарды құраған Шалқар көлі 1994 жылы мемлекеттік биогидрологиялық қорық деп жарияланды. Арада он бір жыл өткен соң, яғни 2005 жылдың мамыр айында Үкімет қаулысына сәйкес Экологиялық-ғылыми және мәдени маңызы бар қоршаған ортаны қорғау нысандарының тізбесіне енді.

Шалқар көлі мен оның ма­ңайы балықтың көптеген түріне және өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне аса бай болғаны бүгін­де ертегіге айналып бара жат­қандай. Көл суы­ның азаюы осы табиғи бай­лық­тардың бәрінің құрып кету қаупін туғызуда. Бұған бірқатар табиғи және техногендік факторлар әсер еткені ешқандай талас туғызбайды. Негізінен көктемгі қар суымен қорланатын көлге ыл­ғалдың аз жиналуы немесе мүл­дем түспеуі және Шалқарға құйы­латын бұлақ көздерінің бітелуі көлдің тынысын тарылтты. Ал көлге тартылған каналдардың суын бөгеп, шаруашылық мақ­сат­тарды пайдалану және ішкі су қоймаларындағы су деңгейінің төмендеп кетуі жағдайды одан сайын ушықтырды.

Тағы бір айта кетерлік мә­се­ле, бұдан біраз жыл бұрын гид­роинженерлік нысандарды іске қосу арқылы Жайық өзенінен Ша­л­қарға су жіберілген болатын. Бүгінде бұл тәсілден мүлдем бас тартуға тура келіп тұр. Өйт­кені Жайықтың су деңгейі қазір тізеден келеді. Сондай-ақ соң­ғы уақытта аталған көл суының деңгейін белгілі бір мөлшерде ұс­тап тұруға септігі тиетін Шо­лақ Аңқаты мен Есен Аңқаты өзен­дерінің де құрғап қалудың сәл алдында екенін айта кету керек.

Мұндай жағдайда айдындағы балық қорын сақтау жөніндегі мәселенің тым қисынсыз екені түсінікті. Жоғарыда айтылғандай, табиғи және техногендік факторлар көлде тіршілік ететін балық уылдырығының жетілуіне кері әсерін тигізіп, шабақтардың қырылуына әкеліп соқтыруда. Ал енді осындай қолайсыздық пен қордаланып қалған проблемаларды реттеу мен жолға қою үшін не істеген жөн?

Бұл орайда, М.Өтемісов атын­дағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары соң­ғы жылдары Шалқар көлінде биологиялық және техникалық бағыттарда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе бастағанын айту парыз. Аталған іс негізінен көл арнасын табиғи жолдармен қалпына келтіруді көздейді. Соған сәйкес жоба аясында тиісті ғылыми негіздемелер әзірленген. Осы арқылы табиғи бассейнде қалыптасып отырған күрделі жағ­дайларға тиісті ғылыми талдау жүргізу қолға алынған. Мұ­ның бәрі мемлекеттік лицензия негізінде өткізіліп, оның то­лық есебі жоғары оқу орнының ғы­лыми кеңесінде тыңдалған.

Біз осы ғылыми зерттеулер аясында жүргізілген экспе­ди­ция­ның құрамында болған Батыс Қазақстан облысы бо­йынша экологиялық ұйымдар қауым­дас­тығының президенті Ғазиз Хай­мулдинмен кездесіп, Шал­қар көлінде қалыптасып отыр­ған күрделі ахуалды сауық­тыру жөнінде пікірін білген едік. Ақжайықтың ардақты ақса­қа­лының айтуынша, қазіргі жағ­дайда мұның ең басты жолы – күн­нен-күнге тартылып бара жат­қан су арнасын қалпына кел­тірудің табиғи жолдарын пайдалану. Бұл ретте табиғат жанашыры ғылыми зерттеулер жүргізу ба­рысында көл деңгейін қалпына келтіру үшін 168 млн текше метр су қажеттігі анықталғанын алға тартты.

Біз жоғарыда Шалқар көлінің төңірегінде көптеген бұлақ бар екенін айтқанбыз. Оның жалпы саны жиырмадан асады екен. Бү­гінде осы бұлақтар түгелге жуық бітеліп қалғаны белгілі болып отыр. Сондықтан Ғазиз Хаймулдин ақсақал тікелей өзі­нің бастамасы бойынша белді буып, жеңді түріп жіберіп, екі бұ­лақтың көзін тазартып, суын қалпына келтіріпті. Сонымен қатар Экологиялық ұйымдар қауым­дастығының жетекшісі университет ғалымдарының көмегіне сүйене отырып, бір ғана бұлақтан көлге тәулігіне 3,5 мың текше метр су құйылатынына көз жеткізген. Яғни бұдан өзге бұлақтардың көзі ашылған кезде бәрі бірігіп, жы­лына миллиондаған текше метр су Шалқарға құйылады. Мі­не, осындай табиғи тәсілдерді іске асыру арқылы Шалқар көлін­дегі су тапшылығын қаржы шығындамай-ақ реттеуге болады.

Ғалым ғылыми-зерттеу жұ­мыстарының қорытындылары бойынша шығарылған ұсыным­дар Батыс Қазақстан облыстық таби­ғи ресурстар және таби­ғатты пайдалануды реттеу бас­қар­масының құзырына берілгенін айтты. Аталған мемлекеттік мекеме бұл тұрғыда тиісті іс-қимыл бағдарламасын әзірлейді деген ойдамыз.

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

журналист

 

Батыс Қазақстан облысы,

Теректі ауданы