Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Шығыс Қазақстан аймағында ұзындығы 70-80 шақырым болатындай отыздан астам шаңғы беткейлері, 10 тау шаңғысы базасы бар. Туристердің таңдауына қарай, қыста балық аулаймын десе, өзені әне, көлі – міне. Бұқтырма, Сібе, Дұбығалы, Зайсан, Алакөл, Ертіс, Үлбі деп тізе беруге болады. Ал шеттен келгендердің көбі қос аяққа шаңғы байлап, сырғанауды қызықтайды. Тау басына тартылған арқан бойымен таудың ұшар басына көтеріліп, төмен қарай зулаудың өзі керемет көңіл күй сыйламай ма?!
Оралханша айтсақ, «Алтайда қыс ұзақ». Мұнда қыс қызығын алты ай көруге мүмкіндігіңіз бар. Батыс Алтайдың теріскейіндегі қардың көбесі сөгілмей тіпті ұзақ жатады. Риддер қаласы сол Батыс Алтайдың қойнауында жатыр. Әйгілі шаңғышы – Алексей Полтараниндер жаттығатын беткейлер де осында. Беткей дейміз ғой, Риддердің шаңғы жолақтары Өскеменнің іргесіндегі «Нұртау» мен «Алтай альпісіне» қарағанда тіктеу. Соның өзінде демалушылар шаңғы, сноубордтарын байлап, биігіне көтеріліп бара жатады. Мұндағы «Эдельвейс» демалыс базасында слалом сынды спорт түрімен айналысу үшін сертификатталған әртүрлі деңгейдегі үш трасса жатыр. Етек жағында әркімнің қалауына қарай, қалтасының қалыңдығына қарай қысы-жазы қазаны оттан түспейтін түрлі дәмханасы, моншасы бар.
Ал Өскеменнің іргесіндегі шаңғы базаларына бара қалған туристер дәмхана, асханаларда ғана емес, жеке-жеке орналасқан шатырлардың бірін жалға алып, отбасымен, жора-жолдастарымен емін-еркін демалып жатады. Шаңғы тебуді енді үйреніп жүргендер үшін жадағайлау жоталары да жоқ емес. Әйтеуір түннің бір уағына дейін таудың басына қарай керілген арқанда тоқтау жоқ. Шаңғы жолының бойымен тау басына дейін тартылған жарық шамдары да сөнбейді. Қонақтар келіп жатады, кетіп жатады. Жалпы, қыс маусымында туристік нысандар 50 мыңға жуық адамды қабылдап, қызмет көрсетуге қауқарлы екен.
Қазіргі уақытта облыста тау шаңғысының туризмі айтарлықтай дамып келеді. Мұнда тек тау шаңғысы ғана емес, сонымен қатар фрирайд, могул, скикросс, слалом сияқты қысқы спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар. Шығыс Қазақстан қысқы спорт түрлерімен айналысуға таптырмас өңір десек, артық айтқандығымыз емес. Оның үстіне демалыс базалары облыс орталығына жақын орналасқан. Қай-қайсысын алсаңыз да, жолы сайрап жатыр. Инфрақұрылымы дамыған. Өскемендіктерді айтамын, сенбі-жексенбіні күтпей-ақ, жұмыстан кейін екі-үш сағат сырғанап қайтуға да болады. Қаланың іргесі.
Жаңа жыл қарсаңында шаңғымен ойда жоқта орман ішін аралап жүрген Елжас Мәженов есімді демалушымен әңімелескен едік. Сонау Атыраудан Шығысқа жаңа жылды қарсы алу үшін келіпті. Айтуынша, отбасымен демалыс базаларының біріне жайғасқан.
– Біздің жақта дәл осындай қыс болмайды. Мынау жарқыраған шамдар, сырғанақ теуіп, улап-шулаған бала, биік-биік таулар, қар жамылған шыршалар жаңа жылдық көңіл-күй сыйлайды екен. Ауа қандай?! Ертегі әлеміне түсіп кеткендей күйде жүрміз, – дейді Елжас шаңғысын ағытып жатып.
«Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» демекші, Елжас айтып тұрған сұлулықты біз байқай бермейді екенбіз ғой. Сөйтсек, Қазақстанның өзге өңірлерінен келгендер жетіп артылады екен. Расында қуандық, туризмнің дамып келе жатқандығы бұл. Қарап отырсаңыз, табиғатымыз, климатымыздың Финляндия, Канададан қай жері кем?! Артық болмаса.
Шығыс Қазақстан облыстық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақовтың айтуынша, қысқы туризм Туристификация картасының «ТОП-50» нысандарының қатарына кірді.
– Облыс әкімінің қолдауымен қысқы туризм объектілерін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, өңірдің ірі 5 демалыс орны мен Батыс Алтай мемлекеттік қорығын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін жаңа электр желісінің құрылысы іске асырылуда. Ол жобаның құны шамамен 1 млрд теңгені құрайды. Өздеріңізге мәлім, биылғы жыл коронавирус пандемиясы жағдайында туризм саласы үшін өте ауыр болды. Дегенмен мониторингтік топтардың рұқсаттары негізінде барлық демалыс орындарына күшейтілген санитарлық-эпидемиялық тәртіпте жұмыс істеуге рұқсат берілді. Облыс бойынша кіру-шығу шектеулеріне қарамастан, жолдамалар арқылы туристік мақсаттағы саяхаттарға рұқсат берілді. Аталған іс-шаралар кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге және облыс тұрғындарын таза ауада демалуға, салауатты өмір салтымен айналысуға шақыруға бағытталған, – дейді басқарма басшысы Марат Саятұлы.
Сонымен қатар қысқы туризмді дамыту мақсатында қазақстандық туроператорлар журналистер үшін ақпараттық турлар өткізу, бейнероликтер түсіріп, оларды халықаралық телеарналарда көрсету, туристік маршруттар бойынша карталар мен жолсілтемелер әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Туризм саласында жеке бизнес ашу, оған берілетін мемлекеттік қолдау шаралары бойынша да арнайы анықтама құжаттары әзірленді.
Облыс қонақтары қысқы туризм объектілерімен және 40-қа жуық туристік маршруттармен visitеast.kz ресми туристік порталы арқылы таныса алады.
Шығыс Қазақстан облысы