Коронавирус • 19 Қаңтар, 2021

Эпидемиялық ахуал күрделеніп барады

379 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігінің кешегі мәліметі бойынша 24 875 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, оның ішінде 6 570-і стацио­нарда, 18 305-і амбулаториялық деңгейде ем қабыл­дауда. Айта кететін жайт, 294 адамның жағдайы ауыр, 60 пациент­­тің жағдайы өте ауыр, 40 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

Эпидемиялық ахуал күрделеніп барады

Жақында Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният COVID-19 жұқтырған пациенттерге медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес өткізген болатын. Оған облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың денсаулық сақтау бас­қар­малары басшыларының орынбасарлары, миокард инфарк­тісі және жарақаттар кезінде ме­ди­ци­налық көмек көрсетудің ин­тег­ра­цияланған моделін енгізу жө­ніндегі Үйлестіру кеңестерінің, инсульт және онкологиялық аурулар басқармаларының, Денсаулық сақ­тау министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.

А.Ғиният атап өткендей, COVID-19 ин­фекциясымен күресуде мем­­лекет барлық мүмкіндікті және құрал­дарды пайдаланды. Дәрі-дәр­мекпен, қажетті медициналық жаб­дықтармен қамтамасыз ету, жаңа модульдік инфекциялық стационарлар салу бойынша шаралар қабыл­дан­ды, қаражат бөлінді. КВИ емдеу және диагностикалау хаттамасы, іс-қимыл алгоритмі әзірленді және үнемі жетілдірілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде індеттің таралу жағдайы тұрақталды және төмендей бастады.

«Бүгінде халық арасында КВИ ауруының өсуін ескере отырып, жергілікті жерлердегі дәрігерлер тіркелген халықты тексеру бойынша жұмысты жалғастыру, науқастардың денсаулық жағдайының нашарлауын дер кезінде анықтау және қажет болған жағдайда ауруханаға жатқызу үшін коронавируспен ауыр­ғандарға мониторинг жүргізу қажет. Жергілікті жерлерде жұмысқа мо­бильді бригадаларды белсенді тарту керек. Олар өз бетінше диаг­ноз қойып, ем тағайындауы тиіс. Денсаулық сақтау басқармаларына КВИ белгілері және вакциналаудың артықшылықтары бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұ­мыс­тарын белсенді жүргізу қажет», деді вице-министр.

Аталған кеңестердің ұсыным­дары бойынша КВИ этиологиясы мен патогенезін ескере отырып, қан айналымы жүйесі аурулары бар пациенттерге ерекше назар ауда­ру, пациенттерді динамикалық бақылаудан өткізуді жолға қою, амбу­латориялық деңгейде дәрі-дәр­мектің жеткілікті болуы, сондай-ақ мамандандырылған орталықтарды материалдық және кадрлық қамта­ма­сыз етуді күшейту маңызды.

Өткен аптадағы ақпарат бо­йынша Қазақстанда COVID-19-дың кесірінен барлығы 2 349 адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше Қазақстанның төрт облысы мен бір қаласы, атап айтқанда, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Атырау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймақта» тұр. Ал «сары аймақта» Алматы, Қарағанды, БҚО мен СҚО бар. Қалған өңірдің бәрі де коронавирустың таралу қаупі жағынан «жасыл аймақта» орна­лас­қан. Жалпы, Қазақстан аума­ғы коронавирус бойынша «сары ай­мақта» тұр.

Денсаулық сақтау вице-ми­нис­трі, Мемлекеттік бас сани­тар­лық дәрігер Ерлан Қиясов елі­міз­де соңғы айда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиялық жағдай нашарлағанын, Қазақстан тәуекелі төмен «жасыл аймақтан» орташа қауіпті «сары аймаққа» ауысқанын айтты. Сондай-ақ Мем­лекет­тік бас санитар қыр­күйекте Англияда анықталған коронавирустың жаңа штаммына (MERS-CoV-2 VI 2012/01) да тоқ­тал­ды.

«Бүгінгі таңда вирустың осы типі бірнеше елде, оның ішінде Аустралия, Дания, Италия, Ис­лан­дия, Нидерланд, Ресей және басқа да елдерде анық­талды. Алдын ала деректер бойынша аталған вирус жастар арасында белсенді таралуда. Бірақ індетті зерттеу жалғасуда. Қазақстанда вирустың бұл типі анықталған жоқ. Вирустың ауа тамшы арқылы берілу механизмін ескере отырып, оның елімізге тасымалдау қаупін жоққа шығаруға болмайды», деді Е.Қиясов.

Оның айтуынша, елімізде эпиде­мия­лық жағдайдың нашарлауы – азаматтардың сақтық шараларына немқұрайлы қарауының салдары.

«Сондықтан қонаққа бармауға және қонақ шақырмауға, жеке гигиена және респираторлық гигиена ережелерін сақтауға, қоғамдық орын­дарда қашықтықты сақтауға, медициналық маска тағуға, антисептиктер қолдануға шақырамын», деді вице-министр.