Мәшһүр атамыздың мәңгілік қонысы Ескелді баурайында жаңадан ашылған мемориалдық музей мен қонақүй ғимараты және оның жұмысы жайлы Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Мұрат Рахметов, музей меңгерушісі Қажымұқан Пазыл, музей қызметкері Әсет Пазылдың берген деректері мен айтқан әңгімелеріне сүйене отырып, жапан далаға рухани азық, рухани жарық беріп тұрған бірегей мемориалдық музейдің қашан ашылғаны, музей ішіндегі көненің көзі, аталы сөзі болып тұрған Мәшһүр атамыздың ұрпақтарының және оны аса қадір тұтқан адамдардың арқасында сақталып қалған жөні бөлек, алтынға ауыспас Мәшекең қолданған, ұстаған заттар мен жәдігерлер, қолжазбалар туралы ақпарат беріліпті.
Әйтсе де, ел ағасы, бұрынғы кеңес қызметкері Мұрат Рахметовтің ауызша айтуына сүйеніп, Мәшһүрді ұлықтау 1977 жылдан басталды деуіне айтар уәжіміз бар. Айтпаса сөздің атасы өледі. Елдің ұлық газеті «Egemen Qazaqstandy» бүкіл республика жұрты оқиды. Онда жазылған пікірді, деректі рас деп қабылдайды.
Тәңір жарылқап әулиелік қасиетке ие болған аса зерделі дін өкілі, әулие, көріпкел, қазақтың ауыз әдебиетін, аңызы мен деректі, астарлы әңгімесін, шешендік баянын, шенді шежіресін тарихпен тамырластырған, сабақтастырған, өз заманының ғұлама этнограф ғалымы, халық қадір тұтқан алыбы Мәшекең арғы, бергі тарихтағы сирек кездесетін тұлға. Сондықтан өз заманынан оза туған адам туралы жазған кезде деректі құжат пен бұлтартпас айғаққа сүйенген жөн.
Мәшһүр Жүсіпті ұлықтау Сарыбұлақ бастауын қоныс қылып, үлкен ұлы Шарапи мен келіні Ақзейнептің қолына қараған күннен басталды десек те артық болмас. Себебі Ақзейнеп «73-ке келгенше, балталасаң да өлмеймін» деген кісі танитын кіді атасының күтімін өз мойнына алады, жазуына жағдай жасап, анасындай күтеді. Сонда атасы Мәшекең: «Сен ана болдың, мен бала болдым», деп батасын береді. Бұл 1925-1931 жылдар болса керек.
Мәшекеңді ұлықтау, ғұлама қайтыс болғанын естіп, оның артында қалған мұрасын сақтауды, жария етуді мұрат қылған «Мәшекең қолжазбаларын тез алып, маған жібер» деген сөз зергері Ғабит Мүсіреповтен басталса керек. Бұл 1931 жылдың желтоқсан айының аяғында болған әңгіме.
Мәшһүр Жүсіпті ұлықтау жайындағы Мүсірепов тапсырмасын орындау мақсатымен ат-шанамен 150 шақырым жерді еңсеріп, араға үш күн қонып, Мәшекең қыстауына әзер жетіп, он бес күн жатып, ақынның, ғұламаның шығармаларын оқып, «Қарамес» қолжазбасынан басқасын, екі папка, екі томын атаның баласы Шарапидің рұқсатымен алып, Алматыға, Ғабит Мүсіреповке жіберген жазушы Дихан Әбілевтен басталса керек.
2019 жылы «Дайк-Пресс» баспасынан шыққан «Ақиқат» атты кітабында Мәшһүр шөбересі Абай Төлеубайұлы Шарапиев «Шарапиден (Шарапи) – Мәшһүр мұрасын көзінің қарашығындай сақтай білген бірден-бір адам. Әкесінің (Диханға бермеген) «Қарамес» қолжазбасын 1934 жылы өз қолымен Ғылым академиясының қолжазба қорына өткізіп қайтады», деп жазады («Ақиқат», 29-бет).
Мәшһүр Жүсіпті ұлықтау, оның артында қалған қолжазбаларын, қолда бар жәдігерлерді жинау, көшіріп жазу, мол мұраны сақтайтын, көрсететін музей салу туралы бірінші болып бастама көтерген, соғыстан кейінгі өмірін Мәшһүр Жүсіп шығармаларын жарыққа шығаруға, мәңгі халық есінде қалдыруға арнаған, Мәшһүр мұрасын жадта қалдыруға жанкешті күрес жүргізген Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, И.В.Панфилов басқарған 8-ші гвардиялық дивизияда, ерекше бөлімде ұрыстарға қатысқан Нағи Ахметов екенін бүгінгі ұрпақ біле ме екен? Білмеуі де мүмкін. Білмесе айтайық, Нағи ақсақал 1965 жылы Мәшһүр Жүсіптің халыққа белгілі (Аллажар мен әкесі Әбдіразақ) екі адаммен 1923 жылы Багаев фотостудиясында түскен суретін Алматы қаласында бірнеше данамен үлкейтіп, бірінші болып елге таратқан. 1976 жылы Қазақстан коммунистік партиясының ХІV съезіне, Қазақстан Жазушылар одағының VІІ съезіне Мәшһүр мұрасын қайта басып шығару туралы хат жолдаған.
«Ақиқат» атты деректі кітаптың ішінде (223-бетте) «Нағаңның мәрттігі» деген мәшһүртанушылардың бірі Төлепберген Алдабергеновтің естелігі есте қаларлық.
Нағи ақсақал үнемі өз пенсиясын, жеке қаражатын жұмсап, қысы-жазы Алматы мен Баянауыл ортасында жиі жүреді екен. Қайтсем музей ашамын деп ұшақпен жылына он рет барып-келетін кезі болатын көрінеді. Алайда бұл шапқылау үйдегі Адиша жеңгейге ұнамай бір күні: «Мәшекең, Мәшекең деп түгел ақшаны қайдағы бір темірлерге жұмсап жатырсың, бәрін бітіретін болдың ғой», деп қатты ренжиді. Орынды сөзге Нағи ештеңе айтпайды, үндемей құтылады. Бір күні Нағаңның үйіне Алматы облысы Кербұлақ ауданынан жақсы бір сыйлас танысы, қойшы інісінің жеңіл машина ала алмай жүргенін, осыған көмектесуін қатты өтінеді. «Көмектессеңіз, ақыңызды жемеймін, бір машинаның құнын берейін», дейді. Нағаң: «Ешқандай ақшаның керегі жоқ, қолымнан келсе көмектесейін», дейді. Орайы келіп, тиісті жерге барып, қозғау салып, қойшы кезегінің жылжымайтынын дәлелдеп, жеңіл машина алып береді. Осыған риза болған танысы Нағаңның сөзде тұратын мәрттігіне риза болып, қомақты ақша алып келеді. Нағаң азар да безер болып алмайды. Сыйлас танысы: «Наға, әуелі Құдай, сосын сіз болмасаңыз, інім өле-өлгенше машина ала алмауы мүмкін еді. Шын жүректен разылығымды білдіріп отырмын. Алмасаңыз қатты ренжиміз, Алмасаңыз бәрібір босағаңызға болсын тастап кетеміз», дейді. Танысы ренжитін болған соң: «Жарайды, болмадыңдар ғой, онда жартысы да жетеді», деп, ас бөлмедегі шкафтың тартпасына сала салған ғой. Кешке таман дәрігерлік жұмысынан келген Адиша апай ас дайындауға кірісіп, шкафты ашып қалса, ақша жатыр екен, шошып кетіп, Нағаңнан: «Мына көп ақша қайдан келген?» деп сұраса, Нағаң: «Саған Мәшһүр беріп жіберді», депті.
Осылай екі ортада шапқылап жүрген Нағи ақсақал ең алдымен, өзі пір тұтқан ғұламаға 1975 жылы Мәшһүрдің немересі Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Төлеубай Шарапиев үйінің бір бөлмесінен көрме ашады. Онда Мәшһүр атаның көзі тірісінде киген киімдерін келіні Ақзейнепке қайтадан қолдан тіктіріп, жаңартып: шапанын, тақиясын, түлкі тымағын, үйдегі бесік, домбыра, ат-арба макеті, қол диірмен, тағы басқа жәдігерлерді, бұған қоса Нағидың әкесі Ахметке Мәшһүр 1923 жылы сыйға тартқан «Омега» сағатын, күміс шақша мен күміс белбеуді қойған екен. 1977 жылдың 8 тамызында тіркеуден өткізіп, өз қаражатымен Баянауыл ауданы Жаңажол ауылында музей ашады. Осы музейге Нағи Ахметовтің өзі жинаған 21 экспонат тапсырғаны туралы ел ағасы Мұрат Рахметов те, мемориалдық музей меңгерушісі Қажымұқан Пазылов та, баласы, музей қызметкері Әсет Пазылов та журналист Фарида Бықаймен болған әңгімеде тіс жарып ештеңе айтпайды. Бұл айтылған деректер жоғарыда аталған Абай Шарапиевтің «Ақиқат» кітабында Нағи ақсақалдың өз қолымен жазылған жазбасында, лауазымды адамдарға жазған деректі хаттарында көрсетілген.
Абай Шарапиевтің облыс түгілі, республикалық деңгейдегі музей қызметкерлеріне үлгі, сабақ боларлық мұрағаттық маңызы зор музейлік-дәйектемелік кітабының «Тарихи мұраларды сақтаудағы Нағи Ахметовтің зерттеу жұмыстары» атты тарауы (31-165-беттер) Нағи ақсақалдың Мәшһүр Жүсіпті жария етудегі жанкешті еңбегін ерінбей, жалықпай мәнді дерекпен, дәмді дәйекпен паш етеді. Соғыстан кейінгі бар өмірін мәшһүртануға арнаған, Мәшһүр музейін ашудың негізін қалаған Нағи ақсақалдың баһадүр, батыл қимылы, тамаша, таңғажайып әрекеттері Фарида Бықайдың мақаласында тасада қалмауы керек еді.
Мәшһүр Жүсіп кесенесі мен мемориалдық кешенді музей үйіне, сонымен бірге Дихан Әбілев атамыз айтатын Ескелді сорының маңындағы Мәшһүр әулие жатқан Қалым шоқы баурайы Сарыбұлақ жанындағы Мәшекең қонысына (үйіне) келіп-кетушілер, әсіресе, жаз айында толастамайтынын көзбен көрдік. Бірақ мемориалдық музей мен кесене маңы заманауи талапқа сай абаттандырылған, ағаш отырғызылып, жол жиектеріне, жүрмежолдар айналасына гүл егілген. Ал Сарыбұлақтағы (әулие бұлақ) ғұлама қонысының маңы жүдеу. Үй маңы, құлаған қора маңы қоршалмаған, бұлықси аққан бұлақ жиегін шөп басып, жылқы, сиыр шиырлайтын мекенге айналған. Мешекеңнің мәңгілік қонысы – кесене киелі жер болғанда, Сарыбұлақтағы Мәшекең тұрған үй иелі жер болуы керек емес пе?! Әулиеге мінәжат, тағзым етіп келетін сан мыңдаған келіп-кетушілердің садақа көзінен, қайырымдылық есебінен Мәшекең тұрған үй маңын жайқалған жасыл мекенге, ақын руханиятын дәріптейтін асыл қазына мекенге, түрлі макетті ашық мұражай мекенге неге айналдырмасқа деген ой келеді. Оған кім бөгет? Осы мәселеге облыстық мәдениет және мұрағаттар басқармасы көңіл бөлсе деген ұсынысымыз бар. Көп болып ақылдасып шешсек, көкейдегі көрікті ойлар іске асар еді.
Қонақ аз отырып, көп сынайды демекші, музей мен кесенеге келген қонақтар мен туристерге әдепті, әдемі қызмет көрсету жағы, яғни бүгінгі күн талабына сәйкес қасиетті жер мен музей заттарын тамсандыра, таңырқата түсіндіру, гидтік жетекшілік жағында кемшілік барын байқадым. Тіпті бір мезет кесене ішінде музей қызметкерімін деген егделеу адамның келушілерге олай отырмаңдар, былай отырыңдар деп қатқыл сөйлегенін, енді бірде аруаққа дұға оқып отырған адамның дұғасын бұзып, тоқтатқанын көзбен көрдім. Кесенеден шықан соң, жайлап қана: «Сіз кім боласыз?» деп едім. «Шырақшымын», деуден әрі аса алмады. Қасиетті жерде қазымырланбайын деп өз жөніммен кетуге тура келді. Дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады дегендей, аздаған олқылық туралы айтсам, жұрт, халық, қызмет қылушылар түсінеді, келесіде бәрі оңынан болады деген оймен айтып отырмын.
Мәшһүр атамызды ұлықтайын десек, барды жасырмай, жоқты асырмай, Мәшекеңді насихаттауда, еңбегін жариялауда, қолжазбасын жинауда, музей негізін қалауда ұлық істер атқарған азаматтарымызды ұмытпайық. «Өткенін ұмытқанды болашақ таспен атады» депті Дағыстанның ұлы шайыры Расул Ғамзатов.
Жұмағали ҚОҒАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Екібастұз қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы