– Абай образы арқылы бүкіл елдің болмысы мен мінезін танытуға ұмтылдық. Қазақтың ізгі қасиетімен қатар етекбасты ескі мінезін де көрсеткіміз келді. Сол заманнан бері өзгермеген осы болмысты боямасыз баян етуге тырысқан талпынысымызға қазылар оң баға берді, – дейді режиссер.
Жалпы, жастар театры тек мегаполистерде ғана болады деген түсінік бар бізде. Талапты толқынның басын қосқан Сырдағы өнер ұжымы осы ойдың көбесін сөгіп, орталықтан шеткері жатқан аймақтарда да кейінгі толқынның шығармашылығын шыңдауға болатынын көрсетті.
Шығармашылық ұжым осыдан 5 жыл бұрын үйірме негізінде құрылған. Сахна шымылдығын драматург Қайрат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» пьесасымен түрген кезде жастар, тіпті айлықсыз жұмыс істеген екен. Жоғарғы оқу орнын, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғарғы колледжінің актерлік бөлімін бітірген талантты жастар тобының талабын байқап, жаңа театр жұмысының жолға түсіп, өнер көшіне қосылуына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көп қолдау танытыпты. Он үш штаттық бірлік тауып беріп, А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде труппаның шығармашылықпен алаңсыз айналысуына жағдай жасап берді.
Бес жылдың бедерінде өнер ұжымы көрермен назарына Айжан Атымтаеваның «Қыз-қасқыр», Байділдә Айдарбековтің «Неге?» және Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қызылорданың қыздары» пьесаларын ұсыныпты. Қазір осы театрдан тәжірибе жинаған жастардың бірқатары Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрына қабылданды. Киноға түсіп, еліміздің әр қиырындағы көрерменге танылып жатқандары да бар.
Театр жетекшісі, режиссер Оңталап Нұрмаханов іріктелген шығармаларды қойылымға лайықтап, авторларына шама-шарқынша қаламақы да төленіп отыр. Ал туған өңіріндегі жақсы іске үнемі құлағы түрік жүретін қаламгер Сұлтанәлі Балғабаев жастар театрына «Қызылорданың қыздары» пьесасын сыйға тартыпты.
– Былтыр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды ғой. Мұны ең алдымен шынайы өнерді қолдау деп түсінгеніміз жөн, – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов.– Байқасаңыз, осы күні театрға баратындардан, киноны үйден емес, залдан барып көргісі келетіндер көп. Мысалы, осы ұжым алғашқы қойылымнан-ақ көрерменін тапқан театр қатарында. Биыл бұл ұжым біздің бөлімге қарасты мекеме ретінде өз алдына бөлініп шығады. «Бір қалаға екі театр көптік етпей ме?» дейтіндер де табылар. Бұл жерде көрермен таңдауын ескеруіміз керек. Өнерді бәсеке өсіретінін де естен шығармайық. Қазір қос театр бір-бірін қамшылап, қатар шауып келе жатыр. Жуырда облысқа келген сапарында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жас ұжымның табысын жоғары бағалап, ризашылығын білдірді.
Қызылорда – талай өнер ұжымдарының тарихы бастау алған өңір. Қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының негізі осында қаланып, алғашқы қойылымы 1926 жылы 13 қаңтарда болды. Көпке дейін Сырдағы тұңғыш театр труппасының әуелгі сахналаған спектаклі Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы саналып келген. Кейіннен өнер ұжымының тарихын зерттеген ғалымдар бірінші қойылымның Қошке Кемеңгеровтің «Алтын сақасы» екендігін тайға таңба басқандай дәлелдеп, осы тұжырымға қазық байлатты. Қазіргі корей музыкалық драма театры артистері де 1937 жылы осы Қызылордада алғаш рет көрермендер алдына шықты. Ұзақ жыл осы өңірде тұрақтаған өнер ұжымы кейін Алматыға қоныс аударған.
Қызылорда облыстық драма театры ұжымы да Жетісудан көшіп келген 1960 жылы дәл осы мәдениет үйінде өнер көрсетіпті. Кейіннен Нартай Бекежанов есімін иеленіп, қазіргі ғимаратына қоныс аударды.
Талай тарландардың ізі қалған осы сахнада енді жастар театры қадам басып жатыр. Бұл жас ұжымның өнердегі көші ұзақ боларын білдірген жақсы ырым іспеттес. Лайым, солай болғай!
Қызылорда