Руханият • 20 Қаңтар, 2021

«Ұлдардың» ұлағаты

647 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында ғана тұсауы кесіліп, өнер әлеміне қадам басқан елорданың ең жас театры – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында орыстың ұлы жазушысы Ф.Достоевскийдің «Ұлдар» драмасының премьерасы өтті. Үш күн бойы көрерменін терең ойдың тұңғиығына шомдырған драма жазушының «Ағайынды Карамазовтар» романының желісімен сахналанды.

«Ұлдардың» ұлағаты

Қоюшы режиссер Ерназар Жаңа­тілектің сараптауында көрерменімен қа­уыш­қан айтулы драма жасөспірімдер өмі­рінен сыр шертеді. Олардың адам­ға, қоғамға, қоршаған ортаға деген көз­­қарастары, күнделікті өмірдегі бір-бірі­мен қарым-қатынастары бала­лық пси­хологияның шеңберінен шықпаға­ны­мен, жасөспірімдер ғана емес, ересек адам­дарға да ой салатын көркем шешімдерге құрылған.

«Ағайынды Карамазовтар» – 1878-1880 жылдары жазылған Ф.Достоевскийдің соңғы романы. Әлем әдебиетіндегі үздік туындылардың бірі ретінде бағаланады. Ф.Достоевский айтулы туындысында адам өмірінің негізгі мәселелерін алға қояды. Әр адамның өмірі мен бүкіл адамзат тарихының мәні, адам болмысының мо­ральдық және рухани негіз­дері туралы мәселелер қарас­тырылған.

Қазіргі қоғамның өзекті мә­селелерінің бірі – бала тәрбиесі. Олардың көретіні мен еститіні, еліктеуі, ер жетуі мен бой жетуі сынды маңызды кезеңдерін­де ата-аналардың балаларына ерекше көңіл аударып, қада­ғалап отыруы негізіндегі ойларды да аталған қойылым алға тартады. Адамның айна­ла­сындағы әрбір жанға сый­ластықпен қарап, оларға лайық­ты түрде құрмет көрсете білуі – адамгершілік пен ақыл-пара­саттың асқар биігі болса керек. Осы талап биігінен келгенде, төр қаланың Музыкалық жас кө­рермен театры ұсынған «Ұлдар» қойылымының көрер­меніне берер тағылымы мол.

1

Спектакльде Илюша (бозбала) рөлі театр әртістері Ел­аман Иманбаев пен Дін­ислам Нұрмағамбетов, Ни­ко­лай Красоткин – «Да­рын» Мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты Асыл­хан Төлепов пен Сала­мат Мұқашев, Алексей Кара­мазов – Абзал Арапов, «Дарын» Мемлекеттік жас­тар сый­лығының лау­реаты Аян Өтепберген, Смуров – Иман­ғали Ақәділ, Снегирев бейнесі – Алтынбек Сүндет пен Шыңғыс Тельманов сынды талантты актерлер ойынында сәтті сарап­талды.

Астаналық жас көрермендер театрының жаңа жылдағы ұсы­нып отырған алғашқы премье­расы көрерменді мейірімділік­ке, адамгершілікке, сенімділі­кке шақырады. Мысалы, Илюша кім? Ол тектен-текке батыр болып кеткен жоқ. Бала жүрек намыс пен кектің арасын ажырата алмай қалды. Шы­ғарма қандай жағдай бол­са да адам баласы өзінің асыл қасиеттерін жоғалтпай, адам болып қалу керектігін дәріп­тейді. Қойылым сонысымен де құнды.