Руханият • 20 Қаңтар, 2021

Алтайдың кербез маралы

1064 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Дүр етіп тұмаға түсіп, қабыршық мұзды тұмсықтарымен түртті. Түкті мүйіздерін жазға салым кесіп алса да кербез. Төңірекке тәкаппарлана қарайды. Бұғылардың бабы бөлек қой шіркін! Түбі түздікі болғанымен, Катонқарағай өңірінде 1792 жылдары қолға үйретіле бастаған.

Алтайдың кербез маралы

Суреттерді түсірген автор

 

Алтайда қыс ерте түсіп, көк­тем кеш келеді. Биігіндегі қар ерін­шектене еріп, мамырдың соңына дейін жатады. Тұяқты­лардың қыстан тебінмен шығуы екіталай. Қараша болмай шөпке тұрады әдетте. Сол үшін де мал­­мен жан бағып отырған ка­­тон­дықтар үшін жаздың әр күні қымбат. Ала жаздай шетел шы­ғып, жағажайда жату – олар үшін жат. Келте жаздың шуақ­ты күндері шөбін шабады, бақ­ша­сын баптайды.

 

Пішендеме басудың машақаты

2000 жылдың шілдесі еді. Маралға пішендеме (көк шөп­ті кептірмей сақтау әдісі) дайын­дауға Ақтомар жайлауына шық­қанбыз. «Он күн істесеңдер, жиырма мың теңге төлейміз» деген соң ауылдың бір топ балалары бірден келістік. Ол тұста ондай ақшаны ауылдың қара сирақ баласын қойып, қызметтегілерге төлемейтін. Сөйтіп «Уазикпен» Тасшоқының иек тұсындағы Ақ­томарға тура тартқанбыз. Жете сала, қарағайдан қиылған төрт-бес барақтың біріне жайғастық. Маңайы ну самырсын, бет­кей­лері біткен шұғынық гүл. Тү­бін қазсаң, алтыннан қымбат құрт шығатынын кейін білдік қой. Бұғы-маралы ұшы-қиыры белгісіз қоршаудың ішінде өріп жүр. Біразының мүйізін кесіп, кептіріп қойыпты. Кепкен мүйізді қызықтап көргеніміз болмаса, оның пайдасына аса бас қатыра қоймадық. Естуімізше, Кореяға өткізетін. Бұл қожалықтың иесі де кәріс десетін ел.

Біздің келгендегі жұмысымыз пі­шендеме басу еді. Маралдың қыс­тайғы азығы да сол, шырыны кеппеген Алтайдың мың түрлі шөбі. Күн ұзақ қолымыздан айыр түспейтін. Жаңа ғана шабылған жас шөпті трактор тіркеп жүрген сүйремеге тиейміз (Сүйреме деп отырғаным, волокуша. Тілімізге икемдеп, бәләкөшке дейтінбіз). Трактор өгіз аяңмен жүріп отырады, біз шөпті екі жағынан жүгіріп жүріп, лақтырамыз. Бір қылтанын қалдырмауға тырысатынбыз. Шалалығыңды бригәдір көрсе, «ақ-ала айран қылмай дұ­рыс жинаңдар» деп айғай салатын. Жас шөптің салмағы да баршылық. Екі-үш күннен кейін білектегі тамырымыз білеуленіп шыға келді. Сүйреме толған соң тракторшылар төмендегі тран­шеяға апарып төгеді. Оны шынжыр табанды трактор әрі-бері шырынын шығарып, таптайды. Ерте кезде атпен де ны­ғыздаған деседі көнекөздер. Сон­дағы деймін, шөптің иісін айт­саңшы, құшырлана тыныстар едік. Жаңағы траншея толған соң бетін шыммен қымтап, жауып тастайды. Кейін, марал шөпке тұрғанда шетінен кертіп, күнделікті рационына қосады.

Түске қарай барақ жақтағы асу­­ға елеңдейтінбіз. Асудан ат-арба көрінсе, «Төйтө ғой» деп қуана жүгірер едік. Төйтө – ас­паз­­ымыз. Бізге деп жыққан ма­ралдың етін бір күні асып әкелсе, бір күні қуырдақ қуырады. Бә­ріміз бір үйдің баласындай та­маққа тыңқия тойып алып, са­мырсынның көлеңкесінде бес-он минут мызғитынбыз. Ақ­томардың ауа райы да тым құбылмалы. Қазір күн шақы­райып тұрса, әп-сәтте аспан тү­неріп, жаңбыр сіркірейді. Ша­тыр-шұтыр найзағай ойнайды. Найзағайдың құдіретін сонда көргенмін. Көз ұшындағы қарағайды қақ айырғанда, тығыла­тын жер таппай сасқанбыз.

Түскі астан соң керзі еті­гіміз­ді сүйре­те басып, қайта трак­тористің соңынан ереміз. Ба­сын­да қызық сияқты көрін­ген, күн санай бастайтынымызды кім білген. Кешкі алтыда құрал-сай­маныңды тастай салып, қайтып кету деген жоқ. Көз байлана ғана трактордың тіркемесіне отырып, барақты бетке алатынбыз. Кешкі қызығымыз – керосин шамның жарығымен карта ойнаймыз. Төй­тө «әй, ұйықтаңдар» дегенше улап-шулап отыра берер едік. Ол өзі сәре­мізді дайындап, түн ауғанша жүретін...

Содан бері жиырма жыл­­дан ас­там уақыт өтті. Ауыл­ша­руа­шы­­­лық техникала­рының түр-тү­рі шығып жатқанымен, ауылда пі­шен­­­­демені әлі осы әдіспен әзір­лей­ді.

1

 

Бұғының бабы

Маралдың бабы бөлек. Жаз­дай азығын дайындау өз алдына, қыстайғы күтіп-баптауы және бар. Шөпті қойға шашқандай ша­­ша салмайды, уақытымен, мөл­­шерімен береді. Төлдегенде қозықасына да ерекше күтім керек. Мүйіздің қып-қызыл қаны қып-қызыл ақша болғанымен, табан ет, төккен тер арқылы ке­леді. Былайғы жұрт бұғы бақ­қандар ақшаның астында қа­лады деп ойлайтын шығар. Жо-жоқ, бұл маусымдық кәсіптің көзі. Туристер жылдың үш айы ағы­лады, болды. Марал шаруа­шы­лығын дөңгелетіп отырған Дариға Исабаеваның айтуынша, субсидия ірі қараға бөлінген сияқты, пайызы өте аз екен.

– Маралды ірі қарамен салыс­тыруға келмейді. Шындап келгенде, жабайы жануар. Мысалы, Ресейдің Алтай республикасында «Марал шаруашылығы» деген жеке сала, оған қатысты заң жобасы бар. Бас-басына жеке субсидия бөледі. Тіпті он-он бес марал ұстап отырған шаруалар да субсидиядан қағылмайды. Бізде ше? Субсидия алу үшін үлкен қожалығың болуы керек. Оның өзінде субсидия мөлшері тым аз. Қысқасы, туристерден түскен қаржының басым бөлігі маралдың күтіміне, жұмысшылардың жа­лақысына кетеді. Қосымша кәсіп көзі болмаса, өзін өзі бә­лендей ақтамайды. Айта берсек, мәселе көп, – дейді марал ша­руа­шы­лы­ғы­ның жетекшісі.

Иә, маралшыларға мемлекеттен қолдау болмаса, қолдағы киелі жануардың саны азая бермесіне кім кепіл?! Онсыз да кеміп бара жат­қан жоқ па? Қазіргі уақытта Катонқарағай ауданындағы 11 ма­рал шаруашылығында жалпы саны 3 260 марал мен теңбіл бұғы бар. Кеңес өкіметі ыдыраған соң маралдың сатылғаны сатылды, сойылғаны сойылды. Әлі де өз­ге өңірлер сатып алып, пантысын табыс көзіне айналдырмақ. Та­быс тапқанымен, пантының ем­дік құрамы Алтайдағыдай бол­майды. Бұл анық. Өйткені сол өңірде ма­ралдың мүйізіне қа­жетті шөп бар ма? Мысалы, марал алтын тамыр, қызыл тамыр, щетка шөп секілді дәрілік өсімдіктермен қоректенеді. Ал­тайдағыдай 500 түрлі дәрілік қасиетке бай өсімдік өзге өңірде жоқ. Демек, пантының да емдік қа­сиеті жоғалады. Маралдың ме­кені Алтай ма, сонда өсіп-өнуі керек. Марал шаруашылығының бү­ге-шігесін жақсы білетіндер де осы пікірде.

 

Пантының пайдасы

Жергілікті әкімдіктің мәлі­ме­­тіне сүйенсек, аталған шаруа­шылық өнімнің үш түрін береді: мүйіз, ет және жанама өнімдер. Аудан бойынша кесілген шикі пантының орташа салмағы 4-4,5 келі. Жыл сайын ауданның марал өсіру шаруашылықтарында 4 тонна шикі немесе 2 тонна кон­сервіленген панты өндіріледі екен. Мүйізі мен жанама өнімдері түсінікті делік, ал маралдың сатылып жатқан етін көрмеппіз. Оны әнеугүні Катонқарағайдағы белгілі бұғышы Аманжол Аяға­нов та айтқан.

– Қазір маралды көп соймайды. Әйтпесе, еті дәмді. Бұрын ішек-қарнына дейін тамақ қы­латын, – дейді бұғышы. – Марал­ға уақытымен қарау керек. Қыс­тың күні шөбін шанаға тиеп қойып, таңертең бесте шашамыз. Бір сағат бұрын, кейін деген жоқ. Шөп қана емес, тәртібімен пішендемесін, жемін береміз. Дәл қазір ағаштың бүрі пайдалы, мүйіздің өсуіне жақсы кө­мек­теседі. Сәлден кейін мүйіздің тү­біндегі тұқысы түсіп, жаңа мүйіз көрінеді. Кәдімгі баланың сүт тісі түскен сияқты. 72-75 күн­­де ұшы қызарып, бабына келеді. Содан кейін бұл бар ғой, жаз­ға салымғы жаңбырдан кейін бұр­қырап көтеріледі екен, – дейді Аман­жол күректей алақанымен мүйіз­дің пішінін көрсеткендей болып.

– Осы бұрын, колхоз-совхоз­дың кезінде марал шаруа­шы­лығы шалқып тұрды емес пе?! – деймін ғой әңгімесін жал­ға­мақ болып.

– Тү-у-у, ол кезде Вверх Ка­тунь­ның (қазіргі Ақшарбақ) марал совхоздары шулап тұр­ған. Кеңес өкіметі кезінде күн ара­латып кесетін. Бір кескен­де, 20-30 басқа дейін барады. Күн аралатып кесетіні, алдың­ғы кескендерді қайнатып үлгер­мей­ді. Мүйіздің салмағы да бар­шылық, 17-18 килоға дейін баратын. Бір қызығы, қазіргідей сау­лап жатқан турист жоқ еді, – дейді таңдай қағып.

– Қазір ше?

– Қазір әрі кетсе 12 кило. Мүйіз­дің салмағы, сапасы күті­міне қарай. Ал енді мұның пай­дасы көп. Отыз жылдың ішінде көз жетті. Бәлем бар ғой, ішін­де жүріп ваннасына түсіп көр­меппін. Түскен соң оранып жату керек. Оған бізде шаруа бастан асады. Мүйіздің буын қабылдадық. Тамаша. Терің бұршақ-бұршақ болып шығады, – дейді сөзін нығыздап.

– Мүйіздің буы дегеніңіз қа­лай?

–70-75 градус моншаға мүйіз­дерді тастайды. Қызуды одан асы­рса, мүйіз жарылып кетеді. От­ты сырттан жағады. Содан ыс­­тығында отырасың. Әсері кере­мет. Буын-буының демалып, рахат­танып қаласың. Мүйіз бір күн жатса, ертеңінде шығарып, демалтып, басқа мүйізді әкеледі, – дейді Аманжол Аяғанов. – Ал қайнатқанда суға көлденең салып, көлденең кеп­тіру керек. Алғашқы мүйіздің сорпасы майланып, жақсы шы­ғады.

– Мүйіз баптауды ұқтық, марал бағу жағында тағы қандай қиындық бар?

– Бұл өзі, ақырын өсетін жануар. Бір басына бір-бір жарым гектар жер керек. Жылына бір рет төлдейді. Қалай болса солай тудыра бермейсің, әйтпесе қырылып қалуы мүмкін. Сақман секілді ғой. Қыркүйектің үші-бесінен бас­тап өздері ысқыра бас­тайды. Айғыр ұқсап он-он бестен жинап алмауын қарап, бөліп жүреміз. Бұғыларды бөлмесе, қысыр қалдыруы мүмкін. Сол үшін бес-алтыдан бөліп тастаймыз. Қазанның ортасы етекке түсіріп алмаса, қоршаудың ішін­дегі жерді тұяқ оңдырмайды. Мысалы, 60 маралдан 50 қозықа ал­дым. Қозықасын аяқтанғанша, кү­теміз. Қара суықта қалқада ұс­таймыз. Мүйіз кесу науқаны да әуре. Жарау атқа тақымды жігіт­тер мініп қайырмаса, оқыс қылуы мүмкін. Е-е-е, жазсаң мынаны жазшы; жұмысшы жоқ ауыл­да. Ешкім қара жұмыс істегісі келмейді, – деп азды-көпті мәсе­ленің де басын шығарды.

Ту түкпірге туристер пайдасын білген соң келеді. Пантымен ем­деу демалыс базаларына бе­р­гісі Ресейден, Қытайдан ар­ғысы Латвия, Кореядан келіп, ден­саулықтарын нығайтып жатады. Еліміздің төрт бұрышынан келіп жататындары қаншама?! Жалпы, панты жүйке жүйесін, жүрек-қан тамырларының жұ­мысын қалыпқа келтіреді, ги­некологиялық, урологиялық ауру­ларды емдейді. Алтайдың мың түрлі шөбі – мың да бір ауруға шипа. Катонқарағайға ағы­латын қонақтар «табиғаттың ортасы, мүйіздің сорпасы» деп келеді. Соларға он күндік рахат сыйлау үшін маралшылар жыл он екі ай тынбай еңбектенеді. Алайда «туризмді дамытамыз» деп ұран­датқанмен, маралшыларға мем­лекеттік дең­гейде көңіл бөлінбей, шаруалары шал­қымайды.

 

Керек дерек

Тарихшылардың зерт­теу­інше, марал шаруашы­лығымен 1792 жылдары Катон­қарағай өңіріне қоныс­танған «староверлер» айналыса бас­таған. Солардың бірі – Бұқ­тыр­маның бойындағы Бекалқа ауылына көшіп келген ағайынды Шарыповтар екен. Одан бөлек Алтай тауларында 30-ға жуық «староверлер» марал ұстаған. Ол уақытта марал өнімдерін Қытайға өткізіп, орнына жібек мата, шай-шақпыт алып тұрыпты.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы