Оқиға • 20 Қаңтар, 2021

Электр күбі жасады

915 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел ішінде он саусағынан өнер тамған шебер де еңбекқор жандар көп. Солардың бірі – Қарағанды облысындағы Бұқар жырау ауданына қарасты Байқадам ауылында тұратын Қайролла Мәлік есімді азамат.

Электр күбі жасады

Таяуда шебер электр күбі жасап шығарды. Бұл күбінің ерекшелігі сол, ол қымызды бір минутта 60 мәрте, тіпті 70 рет те піседі екен. Осындай жолмен демделген қымыздың дәмі қолмен пісілгенінен бір де бір кем емес дегенді айтады білетіндер.

– Электр күбі жасау идеясы қымыздың емдік қасиетіне байланысты туындады. Қымызды әдетте қолмен піседі ғой. Шәкіртім екеуміз сол жұмысты қалай жеңілдетсек деп іздендік. Мен оған күбінің дизайны туралы айттым. Содан кейін электр қуатының көмегімен қы­мыз пісудің ырғағы мен реттілігін бұз­бай күбіні жасап шығардық, – дейді Қайролла Мәлік.

Қазіргі таңда ол өзі жасаған электр күбі­сіне патент алу үшін қажетті құжат­тарды жинастырып жүр.

Қайролла Мәліктің қолынан кел­мейтіні жоқ. Ол күбіден басқа түрлі му­зыкалық аспаптарды жасайды. Шебердің қолынан шыққан қобыз, домбыралар өнер адамдары тарапынан жоғары сұранысқа ие. Өзінің айтуы бойынша, ең алғашқы домбырасын 7-сыныпта оқып жүргенінде шапқан екен. Сонымен қатар ол келістіріп ат әбзелдерін және тастан қашап диірмен  де жасайды.

Қайролла Мәлік алдағы уақытта бая­ғыдағы хандардың көшпелі арбасын қалпына келтіріп, киіз үйдің этно­графиялық негізін сақтап қалатын жылжымалы мұражай ұйымдастырғысы келеді.

Бүгінде ол Қарағандыдағы гумани­тарлық колледжде ұстаздық етіп, өзінің білгенін жас буынға үйретіп жүр.

 

Қарағанды облысы,

Бұқар жырау ауданы