Руханият • 20 Қаңтар, 2021

Жұмекен жырдың жеті бояуы

721 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

Бір күрсінген шағымды көтерер ең ой етіп,

бір жымиған шағымды өткізер ең той етіп,

Қияр едің бәр-бәрін жалғыз сөзім үшін сен –

О, дариға-ай, мен жазған өлеңге түсінсең!

Жұмекеннің өлеңі, өзі туралы, өлеңіндегі сөзі туралы өлеңі! Біз Жұмекенді оқыдық па, үңілдік пе? Біз ақынның бір жымиған сәтін, әлде күрсінген шағын оның өлеңінен көрдік пе? Біз оны "той етіп, ой етіп" көтере алдық па? Егер оны жасай алмасақ, ондай тірлікке бармасақ, онда сол ақынның бәрін-бәрін беретіндей, біз, тіпті, жанымызды қиятындай ой мен сөзін түсінген жоқпыз!..

«Уа, дариға-ай», - дейміз ақынның өзіне ұқсап.

Жұмекен жырдың жеті бояуы

Осыдан соң Жұмекеннің шығармаларын түу басынан түсіп, сонау «Балауса» жинағынан бастап қайта оқуға тура келеді. Поэзияға қашан, қалай, қайдан, қандай ой-мақсұтпен, қандай шабытпен, қандай көркемдік эстетикамен, қандай мінезбен, қандай дайындықпен келді?! Міне, соның бәріне үңіліп қарауға, назар аударуға міндетті сияқтымыз.

Егер Жұмекеннің поэзиясындай поэзия ескерілмесе, Жұмекендей ақын оқылмаса, бүгінгі ақын-жазушылар, бүгінгі өлеңсүйер қауым Жұмекенді оқымаса, бүгінгі ақынды кім оқымақ? Жалпы қазаққа поэзия керек пе, керек болып па еді?! қазақ ұлтының тарихында, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында поэзия қандай рөл атқарды. 60, 70, 80-ші жылдардағы поэзия өз міндетін ақтады ма? Қандай өлеңдер, ойлар туды? Жұмекен қай жағында жүрді?

Бұл – Жұмекен поэзияның өлең әлеміндегі, оның ұлттың өміріндегі рөлі мен мемлекеттік мақсұтты әр қазақтың санасына қондырудағы рөлін түсінуге бізді талпындырады.

Төбемде бұлттар жарысты,

Төменде оттар жанады.

Онан ұшқан әр ұшқын

Көкірегіме қонады.

 

Бұлақ-мезгіл сырғыса,

Мен тамырға тараймын.

Сынып түссе бір бұта,

Қабырғама қараймын.

 

Уа, туған жер шүкірсің!

Топырағыңа киелі

Бір есуас түкірсе,

Ол – бетіме тиеді.

Бұл – Жұмекеннің сонау алпысыншы жылдардың басында жазған алғашқы өлеңдерінің бірі. Төбесінде бұлттар жарысып, төменде оттар жанып, Жұмекен өзі туған жердің кеңістігінде қалықтап тұрған сияқты. Аққан судай заман сырғып өтсе, бұлақ сезім — рух уақытпен бірге әр қазақтың тамырына құйылады, бойына тарайды. Әр гүлдің, әр аршаның, әр шыршаның  өзегіне өтіп қуат берген өмір тамшысы. Ол - жұмекендік рух сана алқабын көктетіп, әр азаматтың, әр қазақтың тамырына тарап, жүрегіне рухына сіңіп жатады. Туған жердің бір бұтасы сынса, ақынның бір қабырғасы сөгілгендей. Бүкіл туған жер киесі Жұмекен жанмен, рухпенен астасып кетеді.

Уа, туған жер шүкірсің!

Топырағыңа киелі

Бір есуас түкірсе,

Ол – бетіме тиеді.

Туған жердің бар екеніне, аман-сау, тұтас екеніне шүкірлік еткен өлең соңғы жолда сөздің түбін түсіріп, жеріне жеткізіп тоқтайды! Қандай өткірлік? Туған жердің топырағы ол – халықтың, қазақтың, Жұмекен поэзияның беті. Егер оған бір есуас түкірсе, бір есуас қорласа, ақынның бетіне тиеді, әрбіріміздің бетімізге тиеді. Қазаққа айтылған ағат сөз, қазақтың тілін, салтын, рухын мемлекетін менсінбейтін әрбір қылық ол - әрқайсысымыздың бетімізге түкіргенмен тең. Жұмекен өз заманында солай сезінді, солай жазды. Міне, бұл Жұмекен өлеңіне тән мінез!

     Ол өлеңді барынша қысқа жазады. Оқып отырғанымыз үш-ақ шумақтан тұратын өлең. Бірақ сұрапыл рухтың ауқымын қамтып тұр. Үш шумақ, үш мың шумаққа айналып, үш кітаптың салмағын көтеріп тұр-ау. Біз Жұмекеннің «Жеті бояу» деп атаған кітабін білеміз. Бұл – Жұмекеннің өз өлеңіне, өз поэзиясына қойған атау. Жұмекен жырды тану үшін ақынның өз сөзіне, өз өлеңін қалай бағалағанына назар аудару керек.

     Ендеше «Жеті бояу»: күннің түсі, кемпірқосақта немесе қырлы хрустальда көрінетін жеті түс, бояу атаулыдағы ең реңді жеті сиқыр. Біз Жұмекен поэзиясын да қыялымыздың қырларына салып, түр-түсін бөліп, осылай жеті бояумен көргіміз келді. Қасым Аманжолға арнаған өлеңінде «О космос ақыны, ашық бояу өртенген» дегені бар. Біз ақынның өзінен ашық бояу көреміз.

Бар айыбым бояуымның көптігі,

Өлеңімнің биігірек шоқтығы.

 дегенді де Жұмекеннің өзі айтқан.

  Қарап отырсақ, Жұмекен поэзиясының ең басты қасиеті, күллі поэзияға тән қасиет – көркемдік. Көркемдік деген шеберлік, шендестіріп, салыстырып ойлаудың шебер үйлесімі. «Қандай теңеу тапсам екен» деген ой ақын шабытының кілті. Ал Жұмекеннің көкірегінен теңеулер, жарыстырулар, салыстырулар таудан өзен құлағандай төгіліп, күркіреп келеді. Жұмекен поэзиясының ең ерек қасиеті де – мінсіз көркемдік.

    І.  БИІК КӨРКЕМДІК

...

тас балқытқан талма түсте — балқимыз біз күнге ұқсап,

қызуынан алма пісті айқасқанда мың құшақ

Жүз толқындар бірін-бірі тұншықтырып ағады,

Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады.

 

Міне, біздің Алматы осы,

Алма төсі бұлтиып,

Алма-төске жас бұтаның саусақтары түр тиіп.

Жүрші, жаным, қыдырайық, неғыласың жалғыз қап,

Алатаудың ақ қарынан әперейін балмұздақ!

...

Студент жүректің —  жас жүректің Алатау төсіндегі ару Алматыға деген махаббаты. Сонша суреткер түйсік, тұнық теңеу, тасып аққан сөз өзен! Көркемдігі жағынан Жұмекен өлеңдері ол — шын мәніндегі мінсіз поэзия.

      ІІ. СӨЗ БЕЙНЕСІ

 Жұмекен шығармашылығының тағы бір ерекшелігі – ол сөз суреті.

Жалындап барды да батты күн,

Оның да уақыты болып қап.

Жүйрік жел баса алмай аптығын

Бұтаға сүйенді солықтап.

 

Жапырақ дір етіп басылды,

Қалың қау қалды ұйып – жабағы.

Бояулар қызылды-жасылды

Аспанда дыбыссыз ағады.

 

Жабырқап ой ерте, дөң ерте,

Ұзын бел баурынан жарады.

Сайлардан қаптаған көлеңке

Тауларды қусырып барады.

Өлеңдегі ең биік мұрат, ең биік белгі – сөз шеберлігі, сөз суреті. Жұмекен туралы сөйлегенде біз бұл тіркестерді жиі қайталаймыз. Сол сұлулық қана өлеңнің шын өлең екенінің белгісі.

Дәл осы өлеңді бұдан жиырма жыл бұрын Мұхтар Әуезов атындағы театрдың залында, Жұмекенге арналған кезекті бір кеште Зейнолла Қабдолов оқып тұрды. Аудиторияны меңгерудің асқан шебері Зейнолла аға қолын сермеп сөйлеп тұр. Жаңағы күннің батқанын асықпай, тармақтарға бөліп, нығыздап оқи кеп:

...Жүйрік жел баса алмай аптығын,

Бұтаға сүйенді солықтап,

- деп тоқтады. Қолын бұтаға сүйеп тұрған секілді, жаңағы ентіккен желдің орнында өзі келіп сүйеніп тұрған сияқты. Егер жаңағы жел жүгіріп келе жатып, тынып тоқтай қалу керек болса, әрине, жүгірген кісі сияқты өкпесі солықтап тұрар еді. Сол солықтап тұрған өкпесінің қимылын, тыныс алған тұсын ақын қиялы бұтаның қозғалысынан байқайды. Осы шумақты оқып тоқтағанда қолын әлі де бір нәрсеге сүйегендей толқыта ұстап тұрған Зейнолла Қабдолов:

«Мұндай көркем ойды, сұлу суретті есі дұрыс адам жаза ма?» деп, залға қайыра сұрау тастағаны бар. Біздің айтарымыз — сөзбен салған көркем сурет жұмекендік өлеңнің  ажарын айырықша ашатын, жан жанарыңды әр сөздің ар жағына тартатын ашық бояуы жәйлі. Шынымен де мұншама сезіну үшін стандартты адами ойлау қалыбынан — «дұрыс естен» бөлек, күні бойы жүгірген жүйрік желді кешқұрым тауға ілініп, бұтаға сүйеніп алқынып тұрған түрінде көретін тағы бір былайша «дұрыс емес» сана әлемі болуы керек. Солайша басқаша көру Жұмекенде болып тұр ғой. 

Жағасында қыйғаштың

құмға айналған қыр барлық.

Сол қырардың баурында

біздің ауыл тұр қалғып.

 

Мұржалары есінеп,

шықса асықпай түтін ақ,

сол түтіндң таратар

жел де асықпай күтіп ап.

"Тор" атты сұрапыл қарсылыққа толы балладасын осылай бастайды.  Бұл жерде біз сөз бейнесі - өлең суреті туралы айтқымыз келді - мына шумақтардан соң санаңда ойша сызылған суретті көзбен емес, оймен тамашалап кідіре тұрған жөн. Баллада "zhumeken.kz" порталында тұр, оқысаңыз екен.

    ІІІ. ОЮ-ЗЕР

Ақын өлеңінің өң — келбетін өрден көрсететін тағы бір белгі оның ою зері, онда да ұлттық түр-түсі.

«Ақшағылдың» маңында дау тынғасын,

қайтсам деп ем ел асып мауқым басып.

Қара күбі қымызын қанып ішіп

кетік қара шалдармен қауқылдасып.

 

ескі асық достармен «мен», «сен» десіп,

аға үйінде алшаңдап еңсем бөсіп.

ақ жастыққа жантайып, жілік мүжіп,

кемпірлермен кемиек кемсеңдесіп.

 

шүкірмін болмаса да сый мансабым.

жырды ерітіп қара сөз құйған шағым.

төрді аңсадым жабағы төсегі бар,

қоңырау қақпай кіретін үйді аңсадым.

Мынау жыр шумақтардан ауыл келбеті, елпілдеген ел-жұртының тотыққан жүзі мен кіршіксіз көңілі көрінеді. Онда да май бояулы суреттен көрінген сыяқты қанық бояуларға қарап тұрғандайсың. Ақын шығармаларын оқып отырсаң дәл осындай ұлттық бояуы көз баурар ою зерлі шумақтардың жүздеген мысалын көресің.

     ІV. ЖЫР МІНЕЗІ

Жұмекен жырдың соншама биік, тұнық деңгейде туатыны ол мінезден, ол намыстан, ол ар тазалығынан, ол сол тазалықты өмірінің барлық сәтінен бастап қаламының ұшына, сыясының бояуына дейін жүктей алғаннан.

Анау келген кім болды екен, біліп келші кім екен,

Батырлық па?– өз терімде күтіп алам, түнетем,

Байлық болса қулау болар, тұра қара көзіне,

Кімде болса алдамасын, алданбасын өзі де,

 

Қайғы болса – артыңда оның қуанышы бар шығар,

Бірі кірлеп, бірі жуып, кеудем менің аршылар.

Бақыт болса–денем әлсіз, көтере алман /өз ойым/

Арман болса – өмір бақи арқалайын, төзейін

 

Адалым боп арнап келсе – барым әзір, көңіл хош.

Түсір жылдам, атын байла, қырауын қақ, тонып шеш.

Шындық болса – кілем төсе, дастарқаным жаямын,

Жалғандық па – тулақ таста, сүртіп кірсін аяғын.

Бұл өлең талдауды қажет етпейді, тазалық тұрғысы. "Айқай салып арзандатпа шындықты", "Досым маған арзан атақ әперме" дейтіні де,  «Айсыз қара түндерге ат құлағын қақтырып, тәуекелдің қолына тағдырымды лақтырып…» деп «Темірқазықты белгі еткен» айнымас мақсұттың ұстабы. Ол өз естеліктерінде «мен адал болдым, ол арам болды… мен жанып тұрдым, ол бықсып жатты» деп өлең жазатын замандастарына күйініп отыратынын білеміз.

        Жұмекен Абайды мінсіз ұстаз тұтады.

...

Абай – жырды құрметтеп, ырза етейін дегенде

жаңа киім іздеген күллі әлемдік көлемде.

Фрак жапқан жырға асыл –

Жырласа сол жырласын:

Өзі киген күпіні – кигізген жоқ өлеңге.

Ойлар ашты басқа өңін,

Жырлар туды жас көңіл –

демек, кигізді өлеңге ол Европаның костюмін:

Пушкин, Байрон, Гетенің өлеңінің өтін ап

құйған сын-ды ол:

Бір ерек құнар тапты топырақ,

- дейтіні бар. Батыстық поэзияның өзін емес, "өтін алуын" қарашы. Тағы сол сыяқты,

Алатауың – Абай жазған өлеңдей,

жаратылған мықты болып «өлердей».

Қатып қапты тағдырына мас болып,

«құдайына» не жалынбай, не көнбей,

        деп толқып, таудай салмақ тартады. Бүгінде  Жұмекенмен замандас болған ақындарды көзіміз көріп жүр. Мысалы, Мұхтар Шаханов:

«Мен Абайды оқи алмаймын. Абайдың өлеңінде қазақ өлеңінің технологиясы кемелді емес. Пушкин орыс поэзиясына жаңа өлең әкелді. Ал бізде ол - Төлеген Айбергенов пен Ізтай Мәмбетовтан басталады», - деген сөзді өз баяндамасында мінбеден айтты. Міне, бұл – бір заманда жасаған екі ақынның Абайға деген көзқарастарының, көркемдікке деген талғамының алшақтығы. 

  1. ӨЛЕҢ ӘУЕЗІ

Жұмекендік өлеңнің өз тұстастарынан дара шығатын тағы бір  ерекшелігі – музыкалылығы. Қазақ қана емес әлем поэзиясында аналогы жоқ «Күй кітабында» қазақ күйлерінің бір шамасын сөзге айналдырады.

Үйден алыс шыққанда екі аманат қалдырам,

бірі, ұлым, өзіңсің,

екіншісі — домбырам.

Екі асылым — екеуің, жүдеп жүрмін ішімнен,

мен ауылдан шыққалы сендер шықпай түсімнен.

Өзінің жалғыз ұлы мен жан сырласы - домбырасын параллель қойып, теңестіре суреттеу, домбырасына деген сүйіпеншілігі мен ұлына деген әкелік мейірін жарыстыра, жарастыра жазу – ақын тебіренісінің шыңы.

Иіскеп жүрем түн бойы мандайыңнан, жалғызым,

шертіп жүрем түн бойы домбырамды алғызып.

Әлде кімдер сені ұрып жүреді ылғи жылатып,

домбырамды жүр біреу

дың еткізіп құлатып.

     Егер үйінде домбырасы бар кісі болса, қабырғаға сүйеулі домбыраның оқыс  құлаған сәттегі адам көңілінің дір ете қалатын тітіркенісін ол біледі. Дәл сол түйсік пен енді есесі кетіп, әкесін іздеп жылаған жалғыз ұлды елестетші. Қысқа өлеңде ақын әдемі шендестіреді - көркем параллель жасайды.  Тапқырлық - шығармашылық шеберлік деген осы.

Есік қағам мен ылғи асыққаннан кешігіп,

қағам сонда күй менен махаббаттың есігін.

Кекіліңнен сипамас бұрын сонда мен сенің

сипап көрем қос ішегін домбырамның,

кеш, ұлым.

"Үйдің есігі" мен "күйдің есігі", "ұлдың кекілі" мен "домбыраның ішегі" бір шумақта гүл шоғын жасап тұр. Мұндайда айтарға сөз таппайсың. Үнсіз қалғаның оң. Тек осы өлеңдерден кейін тебіреніп қана отырудың жөні бар. Тағы да біз көп қайталанып жүрген сөзге оралайықшы. «Жұмекен – жұмбақ» деген сөз көпшіліктің көкейіне ұйып қалған. Көбі жұмбақ шешкісі келмейді. Бірақ осы өлеңнің қай жерінде жұмбақ бар? Жұмбақ жоқ. Жұмекен домбыраның қос ішегі секілді тебіренгіш, саусағың тиіп кетсе сайрап қоя берегендей аса сыршыл ақын. Домбыраға өлең арнаған, оны жырлаған ақын аз емес. Бірақ оның қадір-қасиетін Жұмекенше сезініп, сонша дәлдікпен суреттей алған кісі сирек. Оған тағы бір себеп: Жұмекен аса талантты әрі кәсіпқой музыкант еді.

Үн төгілді түрленіп – көк гауһардан кетті аумай,

Жарқындығы – күлкідей, мұңдылығы – жоқтаудай,

ащылығы – шындықтай, тәттілігі – шабыттай,

Жеңілдігі – көбіктей, ауырлығы – табыттай.

Күй туралы Жұмекеннен өзге бұлайша айта алар кім болды?! Қабат-қабат, қатпар-қатпар ашылып бітпес көркемдік қой бұл!

Алатау, деймін,

Алатау деймін...

Не түсіндің бұ дүниеде – ұлы болып, Алатау,

Не тындырдың мына әлемде – шыңы болып Алатау...

Құрманғазының «Алатау» күйімен сөз жарыстырған өлең осылай басталады. Құрекеңнің бұл күйі басқа күйлерінен мүлде өзгеше сөйлейтін, өзгеше салмақ пен толғаныс тұнған күй. «Сарыарқа» немесе, «Адай» сияқты ат жалы - тізгін ұшында ширығып, кең даланы шаңға бөктірген айқас-тартыс емес. Соншама мұңлы, сабырлы, бүкіл ғалам қасіретін өз үстіне төңкергендей толқынды күй. Бұл — оған зер салған тұста күй тыңдайтын дағдысы бар әр қазақтың көңіліне тұратын әсері, әрі сол түйсіктің тілсіз түйіні. Ал, мынау өлең сол түйсікті сөзге көшіріп, нақтылай түседі.

Жұмекен осы күйді өлеңмен ойлағанда - ондағы мұңды, қасіретті, үмітті, арманды, өкінішті, қайғыны күй тілінен сөз тіліне аударғанда өзі де күйшімен әлде,  «Алатаумен» теңесіп отырады. Өзі деймін-ау, Құрманғазыны -  күй тартқан кісіні Алатаумен тең биіктікте көреді.

«Не түсіндің бұ дүниеде – ұлы болып, Алатау,

Не тындырдың мына әлемде – шыңы болып, Алатау.

Шыңы болсаң – жанды да ұқпай шығандаған

шығарсың.

ұлы болсаң – жаңғырықпай тұра алмаған шығарсың»...

Бұл – күйшінің Алатаумен диалогы. Алатаумен сырласу, серттесу сияқты сезім.

«Мұнар басқан қар шыңдарың – тыйылғаның болды ма,

сол мұнардан аршылғаның – жымиғаның болды ма,

Тыйыла алсаң, неге адымдап жүре алмайсың, Алатау,

жымия алсаң, неге ағындап күле алмайсың, Алатау».

Осы жерде күйші таумен емес, тағдырмен, тау кейіпті құбылыспен сөйлеседі.

Енді сіз күй сөйлеткен өлеңді қоя тұрып, күй үніне қайтып бір құлақ салыңыз:

Тау орынында әлде тау кейіпті ұлы аңсары, әлде халық, ұлт, ел ұғымы ауысып тұрғандай.

«Аталы ер, сен! тұйық қарап сонша күні төменге,

Жата берсең ұйып қалар қаншама ұлы денең де.

Сені демеп бата беріп, қанша күн мен түн өтті...».

     Біз дұрыс түсініппіз. «Аталы ер сен, жата берсең» деп, басы ұйқаспен бастаған жолдарда «Қанша ұлы болсаң да, жата берсең ұйып қаласың, Аталы ер, сен! қанша күн мен түн өтті» деп, күй күңіренеді. Күй мұраты тау көтермек —  бір сиқыр   рухпен Алатауды жетектеп кең далаға алып кететуге тапынады. Алатау оянатын секілді: «Алатау деймін, Алатау деймін!»

      Біз жұмекендік өлеңнің музыкалылығы жайлы — поэзияда аналогы жоқ «Күй кітабі жайлы айтып отырып, Өзі жасаған тұста Жұмекен ғана биік деңгейге жеткізген «АСТАРЛАУ» тәсілі жайлы айтып барады екенбіз.

  1. СӨЗ АСТАРЫ

      Айтқанымыздай ақынға тән айырықша тәсіл ол — ол заман үшін одағай келетін ойларын көркемдікке орап, астарлап жазу болды. Жұрт жүрегіне жеткізсем екен деген азат ойларын сөйтті. Бұл — Жұмекеннің де ой-сана, ұлттық ұстаным жағынан кемеліне келген шағы.

       Ту баста «Қазақ жері менің жерім, бұл ел менікі деп басталатын жастық жігер тай-таласқан азат рух жұмекен ғұмырдың және жұмекен жырдың өзегіне айналды. Осынша асыл арман-мұраты мен ішкі  күресін шайға қаймақ қатқандай көркем өлеңдерінің өзегіне өріп отырды.

Сонау алпысыншы жылдардың басында жазған «Егін» балладасы мен «Лумунбаның өлімі» өрімі қатты, өзегі ащы өлеңдер еді.

         «...кетпен, кетпен, тозды марқаң, тай алыс.

          кетпен ісі өнімсіз іс - баяғы іс

         трактордың табанына тапталды

         кетпен, кетпен саған саған деген аяныш.…

         ...

         Ей көк аспан, жердің даңқын паналат!

        Сөйлемейді жүрек жаңсақ, жан ағат:

         Тойымсыздық жасап жатса бақытты,

         Неге керек, неге керек қанағат!

         Жас Жұмекен солайша күйіне жазып жатқанда Замандастары милиярд пут астықты жырлап жүргенін білерсіз.

         Алпысыншы жылдардың басында  жазған мына өлеңдердің астарына қараңыз:

Кеудемді кек болып тіреген

Сол өлім жәйлі бұл тірі өлең.

Сен-дағы бір үлкен жүрек ең,

Африка, түрегел!

 

Құлама, туған жер емені,

Жылама батырдың, ер елі.

Дүние бәрін де береді

Тек оған қайсарлық – керегі!..

 

Дүрсілін тоқтатқан жүректің

Сен бе едің, қара түн, түнек түн.

Алыпты атқанда бір ептің

Сен нағып шошыдың, дір еттің?!

 

Әр үміт ұмтылды, талпынды,

Қорғауға батырды, даңқыңды.

Дірілде, топырақ толқынды,

Кеудеңе дірілдеп қан тұнды.

 

Қан тұнды баланы жетім ғып,

Ананы жесір ғып.

Адамға қылды адам кесірлік –

Не сұмдық!

 

Әр тамыр сықылды, әр адам

Тірліктің бойына тараған,

Ақ адам атуға жараған,

Ақ ниет ойлапты қара адам.

 

Сол үшін... сол үшін атты оны

Әлдекім «әттеңі».

Жаңқалап шапты оны – қатты еді!

Осылай Лумумба жатты өлі…

        Кек кернеген өлең, өлім жайлы тірі өлең. Әр сөйлемі, әр жолы сұрапыл соққыға — кек соққысына толы. Адал «Қара адамның» жендет «Ақ адамға» кектенуі. Өртке тиген дауылдай үйіріп соққан шумақтар. Үйіріліп соққан демекші: Осыншама шемен болып кеудеге қатқан кек туралы сол жылдары жас Жұмекен жазған тағы бір өлең ойымыздың өзегіне келді («Сарыарқа» күйі туралы):

Ер басына төнді бір бұлт,

 Дауыл, ішін тартса да ұлып.

Жұтам дейді елді қылғып

 «Екі басты қарт самұрық...

батыр өзін кінәлаған

сол кінәсін көтерді кек,

бұл табиғат мына маған

берген екен бекер жүрек...»

“Екі басты қарт самұрық” қай елдің таңбасы екенін, бізге «жұтам деп» — қай кезде келгенін де сіз білесіз. Сол заманнан-ақ халық жан беріп, қан шашып қарсы тұрған. Құрманғазылар  күймен, Махамбет сынды ақындар жырмен жұртын ерлікке — өрлікке шақырып, елінің есесін қорғап, еңсесін көтерген. Өлең астарынна осы ойларын ақын 100 жылдан қаршып салады.

        VII. АЗАТ РУХ - АШЫҚ АЙҚАС

        Кейінірек ақынымыз «білгенде жұрт өлерін, көрсетеді өнерін» деп бастады. Жойыларын білген халыққа жанталаспақ керек. Сөйтіп, астарлап жазу жайына қалды. Ол - жастық шақтың сенімі екен. Сонша тұспалдаса да ақын ойын түсінген, түйсінген жан байқалмады. «О дариғай мен жазған бір өлеңге түсінсең» деп аһұрған шағы сол болатын.

       Сексенінші жылдарға қарағанда ақын ашық айтуға — ащы айтуға көшті. "Шили хұнта" бастаған өлеңдерден соң, "Тор" балладасынан бастап ашық айқасқа көшкен. Соңыра Махамбет өлімі туралы сұрапыл дастан жазды және махамбетше жазды.

Бәрі тынды: жыршы өлді,

қапы кетті – бар ма амал,

ақ қылыш қып өлеңді ақын өтті – бар ма амал,

көк тиыннан өзгені көзі көрмес көр-надан

өзін-өзі қорлаған, жұрт, сен үшін арланам!

 

“Өзін өзі қорлаған, жұрт сен үшін арланам” бұл - автордың сөзі. Қараорман халқын таңдайына ұйытатын ақыны жоқ, қайысқан қолдың маңдайына шығып семсер суыратын батыры жоқ үнсіз қалған ел – Бодандық бықсық тірліктің алғашқы кезеңі. Ендігі кезекте «ақырып сөйлейтін» мінез Жұмекеннің өзіне - жырына жүктелгенін байқайсың.

Сонда ақынның қолынан құлап түскен қаламын –

жарты ғасыр өткен соң Маяковский алады,

хан әлсіреп, туғанда ой да тағы қатайып,

ақ семсерін батырдың ойнатады Чапаев.

Ақынның бағана айтқан иесіз қалған, көлденеңнің қолында кеткен бес қаруы ғой бұл.  

Бас қырқылды, ал, сол жолы,

кеуде тынды бір түрлі,

басы кеткен кеудедей ел де тын-ды, бір түрлі,

шөпті сылдыр еткізіп, жел де тынды бір түрлі,

кірпігіне бұтаның мөлдір шық іркілді,

 

кірпік қақпай қайың тұр,

самал леп жоқ үп еткен –

әйтеуір бір ел болды түтіндерін түтеткен.

 

Ел де айдын көл секілді,

толқымаса – өлі су,

ондай көлді шалшық қып бөлісу жөн, бөлісу.

Бөліседі кім мен кім?

Бөліс деген – далбаса

неғылады бөлісіп,

егер түгел алмаса?!

...

Иә, түгел алды, түбімізге жетті. Мал-мүлікті тартып алып, миллиондап қырып салды, толқыны жоқ көл сияты мінезсіз жұртты кім басынбайды. Әбден басынды – әлі басынады.

жанды жерден жабыла ұр – бәтшағардың жұмысы;

“халық қамын ойлаған” патшалардың жұмысы

қылт еткенді қырқу ед:

біреу өссе маңайдан

ақ патшаның қылышы сілтенеді қалай дәл,

ұзын еді не деген Еуропаның қылышы!

Отаршының қылышы ұзын болғанын, кейін қалай созылғанын біз де көдік. Мәскеуден сілтенген қылыш арамыздан шыққан арыстарымыздың маңдайын тескенін, жұлынын кескенін  Жұмекен сол бодан заманда-ақ, қабырғасын сөгілте жазды. Бұл «Жаңғырық» деп аталатын мың жолдық лирикалық дастан. Осыған қоса әлгінде атаған «Тор» атты балладасын да оқыңыз. Ашы, ашық кетеді — азаттыққа, бостандыққа үндейді, отаршылдармен ымырасыз күреске шақырады. Енді сіз осының бәрін 70-ші жылдары жазған ақын жайлы, сол заман жайлы ойлап көріңізші. Ол заманда бұндай өлең жазбақ түгілі, біреу осылай жазыпты деп ойлай алатын жөнді оқырман жоқ еді.

       Азаттық аңсары Жұмекен поэзияның діңгегі. Ақын өлеңін мәңгі ететін алтын арқауы да оның азат рухы. Біз оның өлеңіне тән күн сәулесіндей жеті бояуын жеткізе сипаттауға құлшындық. ақынның өзі үміт еткендей

              Түйдек-түйдек сөздердің

              Түйген жерде мәні бар.

              Түйсікті ерлер жолықса,

              Бир жаль этип танилар.

        PS: Кейбіеудің ойынша, «Менің Қазақстаным» ән мәтіні – Жұмекеннің

ең жеңіл өлеңі дейді. Шын мәнінде олай емес! Бұл – ақынның ең салмақты, ауыр жүк артылған өлеңі. Жұмекен жасаған заманда қазаққа өз жерін «менікі» дегізбейтін заман болған. Ақын соған қарсы шықты. Бұл мазмұнды Мұқағалиға арнаған "Алатау" деген өлеңінде сұлу суреттеген. Ол сол кездегі бүкіл қазаққа рухани ұран жазды. Онда да күллі қазақ жерін «ТУҒАН ЖЕРІМ», «менің жерім, менің елім» дегізді. Туған жерім Қошалақ, Атырау немесе Алтай демейді. Бұл ел тұтастығының, жер тұтастығының дастаны болған туынды. Бұл әр қазақтың тамырына құйылған қан, жүрегіне қойылған от еді. Сол бодан заманда «Туған жерім – менің Қазақстаным» дегізіп миллион қазақтың жүрегін қолына ұстатқан өлең. Бұл – шын мәнінідегі асқақтық рух болатын!

 

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ,

Ақын