Білім • 20 Қаңтар, 2021

Ауыл мектептерін үздік тәмамдаған түлектерді ғана педагогика мамандығына шақыру дұрыс па?

1412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова мектептерге білікті кадрларды тартуға қатысты ұсыныс білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz

Ауыл мектептерін үздік тәмамдаған түлектерді ғана педагогика мамандығына шақыру дұрыс па?

Ж.Сүлейменова Білім министрі Асхат Аймағамбетовтің атына жолдаған депутаттық сауалында: «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға қарай барлық мектептерді мұғалімдермен 100 пайыз қамтамасыз ету қарастырылған. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мұғалімдердің еңбекақысы жүйелі негізде едәуір артты. Сонымен бірге, «Педагог мәртебесі туралы» заң – педагог қызметінің өзекті әлеуметтік және кәсіби мәселелерін тиімді шешу мақсатында дер кезінде қабылданды деп білеміз. Бұл құптарлық жағдай. Бірақ біздің депутаттық сауалымыз сапалы педагог кадрлармен қамтамасыз ету арқылы мектептердегі тұрақты білім сапасын арттыру мәселесіне арналады. Көптеген халықаралық зерттеулер бойынша бұл мәселе педагог кадрлардың білім деңгейіне тікелей байланысты екені белгілі», деді ол.

Оның айтуынша, мектептерде сапалы кадрлардың тапшылығы ата-аналардың дайындық орталықтарында репетиторлардың ақылы қызметіне жүгіну мәжбүр етеді.

«Қазіргі педагог мамандарының тапшылығы, өтпелі кезеңде мектепте жақсы оқыған түлектердің педагогикалық мамандыққа бармауына, ал педагогикалық жоғары оқу орындарындағы студенттердің ауыл мектептеріне келмеуіне байланысты. Осы тұрғыда ауыл мектептерін үздік тәмамдаған түлектерді педагогика мамандығына үгіттеу жұмыстарын жүйелендіріп, жандандыру қажет», деді депутат.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, көп жылдық тәжірибелердің нәтижесінде педагогикалық университеттер түлектерінің көпшілігінде орта мектептерде пәндік және әдістемелік білім деңгейінің жеткіліксіздігі байқалады. Осы ретте академиялық адалдық қағидаттарына негізделген тәуелсіз негізде педагогикалық жоғары оқу орындары бітіруші түлектерінің пәндік білім деңгейін тексеру тетіктерін ойластыру керек.

«Педагогикалық жоғары оқу орындарында қазіргі замандағы жаңа инновациялық педагогикалық технологияны, әдіс-тәсілдерді студенттерге тиімді үйрету мақсатында онлайн негізде еліміздегі новатор ұстаздардың авторлық курстарын ұйымдастыруды ұсынамыз», деп түйіндеді Жұлдыз Сүлейменова.