Қазақстан • 20 Қаңтар, 2021

Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін eGov-та 6 қызмет іске қосылды

131 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін eGov порталында 6 жаңа қызмет іске қосылды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz

Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін eGov-та 6 қызмет іске қосылды

«Жақында біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тағы 6 жаңа қызметті іске қостық. Енді, eGov порталында ымдау тілі маманы, жеке көмекші немесе санаторий-курорттық емделу қызметтеріне тапсырыс беруге болады. Сондай-ақ, міндетті гигиеналық құралдарға тапсырыс, кресло арбалар, есту аппараттары, протездер және тағы басқа қызметтер қолжетімді болды», - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, барлығы ыңғайлы әрі оңай. Қажетті құрал мен арбаны алу мақсатында ХҚО-да кезекте тұрудың қажеттілігі жоқ. Бар болғаны, eGov порталы арқылы тапсырыс берген адамға Қазпошта курьерлері барлығын жеткізеді.

«Бізге жаңа енгізілімдер туралы мұқтаж адамдардың білгені маңызды және оған көмектесетін жігіттер бар екендігі қуантады. Оның себебі, Instagram желісінде мені @qazymcenter жігіттері белгілеп, eGov порталында қолжетімді қызметтер туралы роликтер түсіріпті. Осы ауқымды жұмысы үшін оларға алғысым шексіз!» - дейді министр.