Ауылдағы ветеринарлардың телефонында тыныштық жоқ. Бірі «сиырымның іші кепті» деп шақырса, енді бірі «анықтама жазып бер» деп мазалайды. Сенбі-жексенбі, күн-түнге қарамайды. Көктем шықса, тізеден қи кешіп, елдің қорасынан шықпайтын да сол баяғы қарапайым мал дәрігерлері. Уақтылы екпесін егеді, қанын алады. Қан демекші, алған қанды зертханаға дейін жеткізетін термосөмкелер де тапшы. Күннің ыстығында 100-200 шақырымдық жердегі зертханаға жеткенше, қан ұйиды, құрамы өзгереді. Содан соң малдың ауруы анықтала ма?
Ветеринарлардың жұмысына сай арнайы киім, құрал-жабдықтары да жоқ. Жоқ болған соң бір инемен ондаған басты егіп шығуға мәжбүр. Өз қалталарынан тиын шығарып сатып алайық десе, бір иненің құны 50 теңгенің маңайында. Мыңдаған басқа қаржы шақ келмейді. Онсыз да жалақыларынан жырымдап, ескі көліктерін лекерлейді, май-сұйын құяды. Енді келіп, сол айлықтарын ала алмай отырған жоқ па?! Қарашада елу пайызы төленген, сонымен болды. Желтоқсанның мереке-мейрамдарында сыйақы алғанды қойып, айлықтарына зар болып жүр. Асырап отырған бала-шағасы, төлеп отырған несиелері бар. Соның өзінде улап-шулап басшылардың табалдырығын тоздырып жүрген бірі жоқ еді. Айтса да «ауылдағының ауызы сасық» деген бар емес пе, кім құлақ ассын?! Ішінара өз іштерінде күңкілдеп-күңкілдеп қоятын. Амалы таусылса керек, жуырда Катонқарағай ауданының мал дәрігерлері мәселелерін айтып хабарласты.
Қыл үстінде тұр
– Ақша негізі бір жылға бөлінуі керек еді. Бірақ қарашадан бері айлық ала алмай отырмыз. Жоғары біліммен жалақы 90 мың теңгедей болуы керек. Меніңше, жұмыс өтілін де дұрыс есептемейді, әр айда әртүрлі жалақы аламыз. Емделу үшін жәрдемақы төленбейді, кәсіподаққа деп ақша ұсталады, бірақ оның қайда кетіп жатқаны белгісіз. Айта берсек, мәселе көп. Мал қарауға киетін арнайы киім мүлдем жоқ. Қауіпті вакциналармен жұмыс істейміз. Көліктер тозған, сынса өзіміз жөндетеміз. Бекітілген мал мен елдің қолындағы малы жоспармен сәйкес келмейді. Жоспарда тым көп бекітілген. Малға сырға тағып, тізімге кіргізіңдер дейді. Ал сырға жоқ, келген сырғалар қолданылған. Бәрі базада шығып тұр. Жылқыға табло басайық десек, оған не бензин, не қыздыратын құрал жоқ. Мүлде жағдай жасалмаған, – дейді Катонқарағай ауданы Өрел ауылдық округінің ветеринары Айбын Тұмарбаев.
Белқарағай ауылдық округінің мал дәрігері Сайран Оқасовтың айтқан мәселесі де сол – жалақы мардымсыз, құрал-жабдықтар тозған. Сөйте тұра жоғарыдан қойылған талаптарды орындау – міндет.
– Осыдан біраз жыл бұрын «ветеринария қыл үстінде тұр» деп проблема көтерілген. Өкінішке қарай, әлі сол қалпы, қыл үстінде тұрмыз. Пандемия кезінде бәрі онлайн жұмыс істеп жүргенде, мал дәрігерлері де дәрігерлермен, полицейлермен қатар жұмыс істеді. Сөйте тұра, жазда да төрт ай жалақысыз отырдық. Компьютерде малды идентификациялау бағдарламасы да дұрыс болмай тұр. Жетілмеген, ойластырылмаған. Басқармадағы мамандардан сұрасақ, олар да білмейді, – дейді мәселенің мән-жайын түсіндірген Сайран Оқасов.
Қатардағы мал дәрігерлері айтқан олқылықтарды алға тартып, Катонқарағай аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Рақымғали Байгереевке де хабарластық. Басшылық қызметте отырғанымен, мәселенің барын мойындап, өзі де бүкпесіз бірқатар проблеманың ұшын шығарды.
– Бұл проблема Катонқарағайда ғана емес, бүкіл облыста бар. Біз жыл көлемінде атқарылған жұмыс бойынша 15,5 млн теңге табыс таптық. Оның 8 млн 700 мың теңгесі жалақыға жұмсалатын. Биыл ветеринария басқармасы осы қаражатты бермей қойды. Сессияда «ақшаның бәрі коронавирусқа кетті» деп бүкіл облыстың ветеринарлық пункттері қаржысыз қалды. Қателеспесем, Абай, Ұлан, Тарбағатай аудандарының мал дәрігерлері жалақыларын алды. Төрт-бес аудан үнемделген қаржы есебінен төлеген екен. Бізге желтоқсанда айлық төлейсіңдер деп 10 млн теңге береміз деген. Бірақ облыстық мәслихаттың сессиясы өтіп, ветеринария басқармасына бір тиын бермей қойыпты. Қарашада 50 мың теңгеден төледік. Желтоқсанда бізде қаражат болмай қалғандықтан төленбеді. Облысқа есеп тапсыруға барғанда «қараша мен желтоқсанның ақшасы беріле ме?» деп едік, «Жоқ, болды. 2021 жылдың қаражаты есебінен өздерің төлеңдер, адамдарды қысқартыңдар» деп отыр. Амал жоқ, жұмыскерлерді ақысыз демалысқа жіберуге тура келеді. Ақшаның бәрі бізге басқармадан түседі, ал біз өзіміздің жұмыстың бәрін атқардық, жоспарды орындадық. Соңында бәріміз ақшасыз қалдық. Несиемізді қарыз алып жаптық, – дейді Рақымғали Байгереев.
Сонымен қатар бөлім басшысының айтуынша, ветеринария қызметінің мәселесін күн тәртібінен түсірмей, зерттей түсу керек. Көтеріліп отырған мәселе – бір шеті ғана. Керек десеңіз, ауылдағы қаңғыбас иттерге дейін мал дәрігерлері жауап береді. Ауылды қойып, қаланың өзінде иесіз иттер өріп жүр. Ветеринарларға берілген пневматикалық қарудың жақсылары он метрден тигізеді, қолдағылары 5 метрге ғана жетеді. Ит дегенің оңайшылықпен қару кезенген адамды жақындата қоймайды. Оның үстіне берілетін оқ-дәрі де санаулы.
Ауру шықса ғана керек пе?
Рас, ветеринария саласына қатысты мәселе бір ауданмен ғана шектелмейді. Жалақыға жалтақтап отырған облыстың басқа да аудандары бар. Жарайды, жалақы ерте ме, кеш пе төленетін шығар. Ал жалған жоспар, сапасыз сырға, жеткіліксіз табло, салдырлаған көлік, жоқ киім... Бұл мәселелер шешімін таба ма? Қос-қостан көлік мінген көп басшылар мал дәрігерлерін жаяу салпақтатпай, көз қырларын салмас па екен?
Үржар ауданы Үржар ауылдық округінің мал дәрігері Манарбек Қабиннің датына да құлақ түрдік. Оның сөзінше, ветеринария саласына қайта-қайта реформа жасалғанымен, тиімді жүйе қалыптаспаған.
– Ветеринариядағы берекесіздік 1990 жылдары басталды. Қолымызға лицензия беріп қоя берген, содан бері ештеңе дұрыс болмады. Одан коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын ашып, жергілікті бюджетке қаратты. Жергілікті жер жалақы төлегісі келсе төледі, төлемесе ол да жоқ, жүрдік. Желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында айлық төлемейді. Ондайда лицензиямен жүргендердің барар жер, басар тауы қалмайды. Елдің малын емдеп, берген тиын-тебенін қанағат тұтады. Кейін ветеринария бөлімін бір ашып, бір жапты. Қысқасы, біздікі көзге көрінбейтін, қадірсіз мамандық. Ауру шықса ғана керекпіз, дейді Манарбек Қабин.
Құдай өзі сақтасын, 2018 жылдың қыркүйегінде Катонқарағайдан сібір жарасы шығып, бір адам қайтыс болған. Сол кезде мал дәрігерлерінің «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болды емес пе?! Күні кеше Бесқарағай ауданында құс тұмауы шыққанда тұрғындардың күні тағы сол мал дәрігеріне қарап қалды. Ресей, Моңғолия, Қытайдан көктем мен күзде тұяқты аңдардың көшетінін ескерсек, жағдайдың қайталанбасына кім кепіл? Ондайда жалақысыз, жағдайсыз жүрген мамандар жалт беруі де мүмкін. Оның үстіне облыстағы 110 ветеринар зейнет жасына таяған. Мына жағдайды көріп жүрген жастар мал дәрігері мамандығын таңдай қоюы екіталай. Алайда кадрдың қат болып қалмауы үшін жоба әзірленіп жатқан көрінеді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағындықов айтып қалды.
– Алдымен жалақыны жүйеге келтіріп, дұрыстап алайық. Одан кейін техникалық-материалдық жағын қарастырамыз. Содан кейін барып кадр мәселесіне назар аударамыз. Ал жалақы ала алмай отырған аудандардың есептеулері дұрыс болмай, желтоқсанда ақшалары жетпей қалған. Осы қаңтарда есепшоттары ашылып, барлығы жалақыларын, сыйақыларын алады. Сыйақы барлық ауданға жетпейді. Қаржыны дұрыс бағыттаған Абай, Бесқарағай, Бородулиха сынды аудандар сыйақыларын төлеп қойды, дейді Р.Сағындықов.
Түйін
Қалай түсінсек? Катонқарағай аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Р.Байгереевке басшылық «2021 жылдың қаражаты есебінен өздерің төлеңдер, адамдарды қысқартыңдар» деген соң амал жоқ, жұмыскерлерді ақысыз демалысқа жібермек. Ал басқарма басшысы Рамиль Сағындықов қаңтарда жалақы, сыйақы толықтай төленетінін айтты. Не де болса, мал дәрігерлері ортаға салған орынды мәселелер Үкімет назарынан тыс қалмаса екен дейміз. Егер, Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына бей-жай қарамайтын болса, жалақысын жарытып ала алмай жүрген мал дәрігерлерінің көтерген мәселелері жауапсыз қала қоймас.
Керек дерек
- Ғаламтордағы деректерге сенсек, АҚШ пен Германияда мал дәрігерінің жалақысы 70-80 мың доллардың көлемінде екен.
- Сәуірдің соңғы сенбісі – Халықаралық мал дәрігерлері күні.
- Ветеринарияның тарихи отаны – Франция. XVIII ғасырда Лионда алғаш рет мал дәрігерлерін оқытатын мектеп ашылған. Көптеген үй жануарлары эпидемиясын тоқтату үшін Людовик патша мал дәрігерлерін дайындайтын мектеп ашуға мұрындық болған.
Шығыс Қазақстан облысы