Суретті түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ
Алматыдағы Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық-клиникалық госпиталі ұжымының күнделікті дағдылы қызметіне пандемия тосын қиындықтар әкелетіні ешкімнің де үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Дәл осы арада сол бір аласапыран кезеңді еске түсіріп көрейікші: қаладағы саны шектеулі инфекциялық маман дәрігерлердің өзі бірінен соң бірі ауырып, жаппай төсек тартып қалды. Қала карантинге жабылды. Науқастар саны күн санап емес, сағат санап өсті.
– Қалалық денсаулық сақтау басқармасынан дабылды тапсырма түскен күні, мекеменің басшысы ретінде, олардан маған бір апта уақыт беруін сұрадым, – дейді госпитальдің директоры әрі бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Дәмір Дәулетбаев. – Өйткені дәрігер маман ретінде тосқауылсыз өршіген кесапаттың біздің госпитальді айналып өтпесін өзімнің де ішім сезіп, алдын ала біліп жүргенмін.
Ұжымды шұғыл жинаған директор-бас дәрігер, жасыратын несі бар, әріптестеріне сол күннен бастап госпитальдің соғыс жағдайындағыдай қатаң тәртіпке көшетіні туралы жария етті. Өйткені вирустың дәл бұлай жау шапқандай тосыннан түсерін ешкім күткен жоқ болатын. Қолбасшы қан майданда жауынгерлерінің өмірін сақтай алса – жақсы басшы. Әрине, жауынгерлерінің бірсыпырасынан айырылып та жеңіске жетуге болады. Бірақ адам жанының кәнігі арашашысы, ғалым-дәрігер Дәмір Абайділдәұлы бұл қағидаттың біріншісін таңдады. Мұндай жағдайда, әрине, ең алдымен өзін дұрыс қорғаған дәрігер ғана науқасқа көмек көрсете алмақ.
Содан бар-жоғы бір аптадан асқан уақытта алдымен емделіп-демалып жатқан ардагерлер толықтай үйлеріне қайтарылып, госпиталь аяқ астынан провизорлық стационарға айналды. Ұжымдағы дәрігерлер инфекциялық шабуылға тойтарыс беру аясында ортақ шарттарға сай жаппай емтихан тапсырды. Д.Дәулетбаевтың өзінің бай тәжірибесіне арқа сүйей отырып, бас сарапшы міндетін атқарды. Емтиханнан сүрінбей өткендерге тез арада арнайы-төтенше міндеттер жүктелді. Ал сынақ тапсыра алмағандар қайта оқытылып, қатарға қайта қосылып жатты. Уақыт тапшы.
Енді осы екі арада негізі бір мәселе туралы айтып өтпесек тағы болмас, ел басына күн туған сын сағат емес пе? Директор тарапынан «Бәрі де өз еріктеріңізде – госпитальде қалам дегендер қалсын, отбасы жағдайына тәуелдімін, қарауымда үлкен кісілер немесе кішкентай балам бар, уақытша еңбек демалысына шығамын деушілерге еш сын жоқ» деген де ескерту жасалды, бірақ бәрі де заң талаптарына сәйкес келуі үшін олардан жазбаша өтініш қалдыру талап етілді. Ең ғажабы, ешкім өтініш жазбады...
Үрей жүрген жерде қазақ «қорыққанға қос көрінеді» дейді ғой. Сол тұстағы жалпы қызметкерлердің көңіл күйіне баға беру де оңайға түспеді. Жұрттың көпшілігі әрі-сәрі күй кешті. Маусым мен шілде айлары. Айнала толған жағымсыз ақпарат, өрттей қаулаған қауесет. Тек тәртіптің, ауызбіршілік пен кәсіби біліктіліктің арқасында ғана госпиталь ұжымы – төтенше жағдайда құрылған провизорлық орталық ауыр сынақтан аман-есен өтті.
Ұжымдағы 157 адамның үшеуі, бәрі де санитарлық қызметтегі азамат, өкпе дертінің жеңіл түріне шалдықты. Өздері де сәл-пәл босаңсыған болуы керек, оларға қатаң ескерту жасалды. Емделді. Сауықты. Провизорлық стационар жабылған күні директор өз атынан ұжымды қайта жинап, нағыз майдандағыдай ерлік көрсеткендері үшін ұжым қызметкерлерінің жаңа төтенше қызметке ұйымшылдықпен бір кісідей тез арада бейімделгені үшін шын жүректен алғыс жариялады. Сыйлық-сияпаттар жасалды. Олардың барлығы да карантин кезеңінде сыртқа инфекция тарамауы сақтық шараларына бағынып, госпиталь аумағынан алысқа ұзаған жоқ болатын. Медицина қызметкерлері арнайы жатын бөлмелермен, меджабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Тамақтану, тынығу, емдеу харакеттері – барлығы оңтайлы жолмен шешілді. Жаз айы болғандықтан, үзбей қымыз-шұбат алдырылып, ойдағыдай үйлестіру қызметінің арқасында иммунитет көтеретін дәрі-дәрмектер тапшылығы да байқалмады.
Осынау қиын-қыстау кезеңде демеушілер қол ұшын созды. Емдеу орнының менеджерлері көмек қолын созуға ұмтылып жүрген бірқатар ел азаматын, ұлт патриоттарын тапты. Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсенбаев бос тұрған қос қабатты үйін, жол талғамайтын көлігін провизорлық орталыққа-госпитальге пайдалануға тегін берді. Ол үйге аяқ астынан оқшаулауды қажет еткен медицина қызметкерлері орнықты. Мұның барлығы күнделікті қым-қуыт қауырт жұмысты едәуір жеңілдетті. Наурыз бен шілде арасында директор да, бірде-бір өзге қызметкер де үй көрмей басын бәйгеге тігіп, ауыр науқастарды емдеді.
Провизорлық орталық ешкім күтпеген төтенше оқиғаларға да тап келді. Өйткені төбеден жай түскендей үреймен жеткен кесапаттың зардабын ешкім – бас дәрігер-директор да, аяқ астынын ауырған азаматтар да білмеді. Сондықтан психология бой көрсетті, стресс байқалды. Науқастарға ие болу тіпті қиындап кеткенін айтқан да ләзім. Олармен психологтер, ең алдымен Дәмір Дәулетбаевтың өзі бас болып түсіндіру, өмірге құлшындыру, қанаттандыру іс-шараларымен тиянақты түрде айналысты. Науқастар жылы сөзбен де, дәрі-дәрмекпен де емделді, болашақтан үміттендірілді...
Қауіп бұлты сейілген соң госпитальдің өзінің үйреншікті қызметіне қайта оралуы да оңайға түспегені анық. Провизорлық стационардан ең соңғы ковид-науқас аман-есен емдеп шығарылып, елдегі жалпы жағдай қалыпқа түсе бастағанымен, бұл ұжым бәрібір қол қусырып қарап отыра алмады. Мемлекеттен көмек күтпестен, өз күштерімен госпитальді түгелдей қайта жаңғыртты. Ғимараттың барлық бұрыш-қуысын жуып-сүртіп залалды вирус қалдықтарынан тазалады, дезактивациялап, қажет жерін бояп-әктеп, тозған еденге линолеумға дейін төсеп, өздерінің байырғы ем алушыларын – ардагерлерді ойдағыдай қарсы алуға дайындалды. Бастапқы кезде госпитальдің провизорлық орталық болғанынан хабар алып үлгерген емделушілер дүдамал ойға салынып, ем алуға келуге үрейленіп, қашқақтап та бақты. Госпитальдің негізгі контингенті – Екінші дүниежүзілік соғысының және оларға теңестірілген ЧАЭС ардагерлері мен мүгедектері, «интернационал-жауынгерлер» мен Семей полигонынан зардап шегушілері бастапқыда шын мәнінде кібіртектегенімен, біртіндеп емдеу орнының табалдырығын имене болса да аттай бастады.
Жалпы, бұл госпитальде жылына республиканың барлық аумағынан 30-ға жуық Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері ем алады десек, өткен жылы пандемияға байланысты бар болғаны 8 соғыс ардагеріне қызмет көрсетілді. Ол кісілердің қатары онсыз да жыл сайын сиреп барады. Ел аймағында жүріп-тұру шектелген кезеңде олардың кейбіреулерін үй-іші, отбасы, алдымен бала-шағасы ем алуға жібермей де қойды.
Сонымен, «2020 – коронавирус» жылының төтенше сабағы бұл ұжымға не үйретті, олар неден сабақ алды? Ең бірінші, басқа түскен өте ауыр кезеңде «госпиталь-провизорлық орталық» наурыз бен шілде айларының аралығында барлығы 1000-ға жуық «ковидпен» түрлі деңгейде ауырған барлық науқасты орнынан тұрғызды. Ауыр зардап шеккен немесе көз жұмған бірде-бір науқас жоқ! Қаржы тапшылығы болды. Өйткені аяқ астынан медициналық қорғаныш жабдықтарын сатып алу мүмкін болмады, ал оттегі аппараттарын таппай қиналған кездер тіпті ұмытылмайды...
АЛМАТЫ