Халқымыздың қас батыры Қанжығалы Бөгенбайдың жорықтардағы, сан шайқастардағы сенімді серігі, жалынды жыршысы болған Үмбетей жырауды ел-жұрты «Жорық жырау» деп те атандырған. Біз бүгін сөз еткелі отырған Мұрат Мұсайбекұлы Әбдірахманов – сол Үмбетей жыраудың тікелей алтыншы ұрпағы.
Осындай текті атаның ұрпағы болудың ер азаматтың мойнына артатын жүгінің, салмағының да аз болмайтыны түсінікті. Ол өзінің тіршілігімен, ісімен сол ата-бабаларының есіміне лайық өмір сүре алса – зор ғанибет, өмірдегі парызын адал орындағаны. Мұрат Әбдірахманов сондай биіктен көрініп, сондай сенімнен табыла алған көпке сыйлы, белгілі, абыройлы азамат еді.
Менің Мұратпен танысып, араласуыма құдай қосқан қосағым, балаларымның сүйікті анасы, ғұмырдан ертерек озған қимас жарым Хабиба Әубәкірқызы себеп болған-ды. Мұраттың жары Нәдия Хабибаның университетте бірге оқыған ең жақын құрбысы болатын, ұзақ жылдар отбасылық қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Сондықтан мен Мұратты бір адамдай білемін деп айта аламын.
Өткен ғасырдың басында қазақтар Орта Азиядағы жерінің көлемі жағынан ғана емес, халқының саны жөнінен алғанда да ең іргелі, ірі ұлт болғаны белгілі. Жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы сұрапыл екі ашаршылық болмағанда, еліміздегі қазақтар саны осы күні қырық-елу миллионды да омыраулап отырар еді-ау деген ой келеді еріксіз. 1931-1932 жылғы ашаршылық кезінде Мұраттың әкесі өзінің отбасымен аштан өлмеу амалымен Ерейментау өңірінен Ресейдің Омбы облысына жаяулап барып, сондағы ел-жұртты, қазақ ағайындарды сағалап, аман қалғандары туралы әңгімені бұрынырақ естіген едім. Қазақстанға, ата-бабаларының мекені Ерейментау өңіріне олар 1947 жылы ғана қайтадан көшіп келеді. Кеңес Одағындағы барлық өзге ұлттарды орыстандыру саясаты мықтап жүргізілуі салдарынан облыстың көп аудандарында бірде-бір қазақ мектебі жоқ болатын. Балаларының ана тілінде білім алуын қалайтын ата-аналар ұлдары мен қыздарын алыстығына қарамастан, айналадағы аудандардан, бір шеті Ресейдің Омбы облысынан, Көкшетау, Павлодар, Ақмола облыстарының әр жерінен амалсыздан Бестөбе кенішіндегі жалғыз қазақ мектебіне әкеліп беретін. Интернат жоқ, шеттен келгендердің барлығы тұратын үй іздеп, әуреге түсетін, жақын-жұрағат, жекжат, тамыр-таныстар іздеп, соларды сағалайтын. Қиындықтарға шыдайтын. Мұрат та сол мектепті бітірген еді.
1957 жылы ол онжылдықты бітірген соң кеніште бір жыл жұмыс істеп, Қарағанды педагогикалық институтының тарих және филология факультетіне оқуға түседі.
Мұрат бесінші курста оқып жүргенде Ерейментаудан жетпіс шақырым жердегі, арада жөнді жол қатынасы да жоқ Шәкей ауылындағы бұлардың отбасы ауыр қазаға ұшырайды. Ойламаған жерден қақаған қыс ортасында Мұраттың анасы Қапыш қайтыс болады. Қайтыс боларының алдында ол ұлының оқудан қол үзіп қалмауын уайымдап, «егер мен осыдан алай-бұлай болып кетсем, ұлға хабар бермеңдер. Оқуын үзбесін, бітірсін» дейді. Жамбас сүйегіне зақым келіп, төсек тартып ауырып жатқан Мұраттың әкесіне, інісі мен ең кіші сіңлісіне өзінен кейінгі тете қарындасы Қапия бас-көз болып, бар қиындықты, ауыртпалықты енді түгел өзінің мойнына алады. «Ағатайым оқуды тастап ауылға келсе, соңғы курсын аяқтап, дипломын ала алмай қалар» деген қауіппен ол болған жағдай туралы Мұратқа хабар да бергізбейді. Көктемде, соңғы емтихандар алдында анасының қазасын өзгелерден естіген Мұрат сол бойда оқуды тастап, ауылға қайтпақ болғанда бірге оқитын достары жиналып келіп, қайғысын бөлісіп, жылы сөздерімен жұбатып, «анаңның да арманы сенің оқуды бітіруің еді ғой» деп, Мұратқа енді неде болса емтихандарды аяқтап, ауылға сонан соң бір-ақ қайтуға кеңес беріп, айтқандарын орындатады. Мұраттың қарындасы отбасындағы оқыстан келген ауыр жағдайды шыдамдылықпен көтеріп, әкесін, өзінен кейінгі бауырларын күтіп-бағуға бар қайраты мен жігерін жұмсап, анасы бар кездегі сол жазда техникумға түсіп оқимын деген арманынан бас тартып, әке шаңырағында қала береді. Оның осындай бауырмалдық игі ісі, өмірдегі шешуші сәтте бар жауапкершілікті, қиындықты қайыспастан мойнына ала білген өнегесі өзгелерге де үлгі болғандай екен-ау деген ой келеді еріксіз. (Мұраттың ол қарындасының кейініректе жақсы адамға тұрмысқа шыққанын, балалы-шағалы, бақытты шаңырақтың от анасы болғанын айта кетудің де артықшылығы жоқ сияқты)...
Мұрат оқуын бітірген соң өз ауылы Шәкейдегі орталау мектепке мұғалім болып оралады. Cтудент кезінде танысқан болашақ жары Нәдиямен үзбей хат жазысып тұрады да, 1964 жылы көктемде Алматыға оны іздеп барады. Осы жолы Нәдияның үлкен ағасы Равильмен, атақты әнші Абдуллиндердің отбасымен танысады. Қазақтың ұзын бойлы, сабырлы, сымбатты жігіті татардың көрікті қызы Нәдияның туыстарының бәріне ұнайды, олар екі жастың шаңырақ құруына келісімін береді. Нәдия институт бітіріп, дипломын алған соң Алматының Совет аудандық ЗАГС-інде некелерін қидырғанда Ришат Абдуллин әйелі Лямиға Зиевнамен бірге куә болып, өз үйлерінде мерекелік үлкен дастарқан жайып, өз туыстарымен және Нәдияның ең жақын құрбыларымен, достарымен бірге бұл қуанышты оқиғаны атап өтеді. Мұрат пен Нәдия Павлодарға келген соң Нәдияның анасы мен осындағы туыстары бірлесіп, «қыз ұзату» тойын өткізеді де, жастардың үйлену тойы Мұраттың әкесі тұратын Шәкей ауылында өтеді. Ауылдағы, сонан соң Ақмола қаласындағы мектепте бір жыл мұғалім болып істеген Мұрат Павлодар педагогикалық институты жариялаған конкурсқа қатысып, таңдаудан өтіп, институтқа ұстаз болып қабылданады.
– 1971 жылы Мұратты Павлодар педагогикалық училищесіне қабылдау емтихандарының төрағасы болуға шақырды, – дейді Нәдия өз өмірлерінің жарқын бір сәтін еске түсіріп. – Ол кезде пединституттың аға оқытушысының айлығы 120 сом болатын. Қабылдау емтихандары біткен соң Мұрат өмірінде бірінші рет қолына 700 сом ақша алды. «Не істесек екен? Мебель алайық па, әлде демалуға бір жаққа барайық па?» деп ойландық. Мен екіншісін таңдадым. Өйткені соған дейін жеті жыл бойына ешқайда барып дем алуға мүмкіндігіміз болмаған еді. Менің мамама екі немересімен қалу қиын тиетін болған соң, кіші ұлды ғана оған қалдырып, үлкен ұлды өзімізбен алып кетуді ұйғардық. Кәсіподақ бізге «Пушкин болған жерлерге» саяхаттап қайтуға он күнге жолдама берді. Мұның өзі соншалықты ұмытылмас күндер болды. Біз бес күн Ленинградта тұрдық. Эрмитаж музейін көріп, Нева жағалауындағы ақ түндерді тамашаладық. Одан соң Пушкиногорскіге, Михайлов селосына барып, Пушкиннің өскен үйі мен күтушісі Арина Родионовна тұрған кішкене үйді де көрдік. Біздер онда бөренелерден қиып салған шағын ғана ағаш үйде тұрып, күнде таңертең Сороть өзенінде қайықпен серуендеп жүрдік. Сөйтіп, тамаша дем алдық. Қайтарда әдейілеп Мәскеуге соғып, Сирияда әскери аудармашы болып қызмет істейтін, әйелімен, қызымен демалысқа келген менің ағам Равильмен кездестік...
Павлодар облысы ол кезде сырттан келгендері көбейіп, жергілікті тұрғын халқы жиырмасыншы және отызыншы жылдардағы ашаршылықтан қырылып, өзінің ата-бабасының жерінде азшылыққа ұшырап қалған өлкелеріміздің бірі еді. «Асыл кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, пединституттың жас ұстазы Мұраттың білімділігі, ізденгіштігі, ой-өрісінің кеңдігі байқалмай қалмады. Ол облыстық партия комитетіне лекторлық қызметке шақырылды. Кешікпей лекторлар тобының жетекшісі болды. Одан соң облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімі басшысының орынбасары қызметіне жоғарылатылды. Бұдан кейінгі жылдарда Павлодар облыстық телерадио комитетінің төрағасы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Осы жылдардың бәрінде көпшілікке сыйлы болды. Әрдайым қиналғандарға көмек көрсетуге, адамдарға қолұшын беріп, жақсылық жасауға дайын тұрды. Жастарымызды еліміздің патриоты, халқымыздың тарихын, тілін, өнерін, салт-дәстүрін жақсы білетін, қадірлейтін отансүйгіш азаматтар етіп тәрбиелеуге барынша күш салды, елеулі үлес қосты.
Тәуелсіздігімізге қол жеткізген 1991 жылдың 16 желтоқсаны халқын, ұлтын сүйетін әр қазақтың өміріндегі аса қуанышты күн болғаны белгілі. Сол күндері дүние жүзіндегі барлық қазақтар бірге қуанды десек болады. Тәуелсіз Қазақстан шетте жүрген барлық ағайынға құшағын ашты, олар да өздерінің тарихи Отанына жетуге асықты. Қазақстанға бет алған ұлы көштің алдыңғы легін Қытай мен Моңғолия қазақтары бастады. Мұрат бұл кезде Павлодар облыстық телерадиокомитеттің бастығы еді. Бұрынғы Моңғолияның азаматы, елімізге алғашқылардың бірі болып көшіп келген Үзбен Құрбанбайұлы сол уақытты былай деп еске алады:
– Тоқсаныншы жылдардың басында, Қазақстан тәуелсіздігін алып, қуанышымыз қойнымызға сыймай жүрген кезде Мұрат Әбдірахманов ағамыз Баян Өлгий аймағына Павлодар облысына көшіп баратындарды қабылдайтын совхоз басшыларын және Қазақстанға қоныс аударатындарды алып қайтуға арналған «КамАз» машиналарының үлкен керуенін бастап келді. Қазақстанның өзге облыстарынан да осындай өкілдіктер келіп жатқан. Жұрт олармен кездесіп, білгісі келетін сұрақтарын қойып, мәре-сәре. Мен осы көші-қон мәселесінің басы-қасында жүрген жергілікті азаматтардың бірі ретінде Мұрат ағамен алғашқылардың бірі болып таныстым. Мұрат аға өзінің білім-білігімен, ұлтым, қазағым деген жүрегімен, шешен шежірешілігімен бізді бір көргеннен баурап алды. Ағамыз бастаған телерадио комитетінің мамандары ауылдарды аралап, ұлтымыздың байырғы тілін, салт-дәстүрін сақтап қалған Моңғолия қазақтары өмірінен кино түсірді. Мұрат ағамыз жергілікті қазақтармен күн сайын кездесу өткізіп, халқымыздың үш ғасыр бойғы арманына айналған тәуелсіздіктің мән-мағынасы, маңызы жайлы емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Өзін қазақ елінің елшісі ретінде сезінген ол Елбасымыздың қандастарымызды елге шақырған «Ағайынға ақ тілек» атты хатын кездесулерде тебіреніспен оқып беріп, тәуелсіздігіміздің іргетасын бекітудегі ұлт көшбасшысының көреген саясаты жөнінде айтатын. Қазақ елінің бастан кешкен тарихына шолу жасап, отарлау саясатының халыққа тигізген зәбір-жапасын, соның салдарынан Қазақстандағы қазақтар ұлттық рухынан, тілінен, салт-дәстүрінен айырылудың аз-ақ алдында қалғанын бүкпесіз әңгімеледі. Моңғолия қазақтары байырғы салт-дәстүрімізді саф алтындай таза қалпында сақтап қалғанына қуанышын, ризашылығын жасырмады. Ұлтымыздың алдында тұрған ұлы мақсат – басымызды құрап, тәуелсіздігімізді тереңдетіп, ұлттық мемлекет құру, сол үшін барлықтарыңыз атамекенге асығыңыздар. Сіздер Қазақстанға, соның ішінде қазақтар азшылыққа айналып, тілімізден, салт-санамыздан айырыла бастаған өлкелерге көптеп орналассаңыздар, ұлттық рухымыздың өсуіне зор ықпал етесіздер. Ұлттық сипатымыздың қайтадан жаңғырып, жарқырауына, тіліміздің, салт-дәстүріміздің қайтадын жандануына үлес қосасыздар дегенді әр кездесуде айтып жүрді. Сол жолы Моңғолия қазақтарынан 480 отбасы Мүкеңнің артынан еріп, Павлодар облысының Лебяжі, Баянауыл, Майқайың сияқты бірқатар ауданына қоныс аударды. Қарашаңырақ Қазақстанға көшіп келген ағайындардың ішінде кейбір өзге облысқа барғандардың әртүрлі қиындыққа кездесіп, тіпті басқа облыстарға қоныс аударуға мәжбүр болған фактілері де орын алғанын білеміз. Ал Павлодар облысына бізден келген ағайындарға қамқорлық жақсы жасалды, мамандықтарына қарай олар мектеп мұғалімі, директоры, аға дәрігер сияқты басқа да қызметтерге бірден орналасты. Сергелдеңге түсіп, онда-мұнда көшкен жоқ. Тұрмыс тіршіліктері жылдам түзеліп кетті. Бұған бір жағы Павлодар халқының кішіпейілдігі, бауырмалдығы, өз жерімізде өзіміз азшылық болып отырғанда шеттен келген ағайындар тіліміздің қалпына келуіне, салт-санамыздың жаңғыруына үлес қосады деп іш тарта қарауы болса, екінші жағынан облыстағы басшылық қызметте жүрген, Моңғолия қазақтарының болмыс-бітімін көзімен көріп, ризашылық сезіммен қайтқан Мұрат ағаның да қолдауы, шапағаты тигені анық. Моңғолиядан келген кейбір білікті, зиялы бауырларымыз әкімшілік, басшылық қызметтерге де қол жеткізіп, ақын, жазушы, журналист, өнер иесі азаматтарымыз мамандық салалары бойынша еңбектерін жалғастырып, кітаптарын бастырып, көпшілікке кеңінен танымал болып кетті. Телевидениеден кейін Мүкең облыстық мәдениет басқармасын басқаруға барып, онда да көп жұмыс тындырды. Жалпы, ол қай қызметте жүрсе де қазақ тілінің жоғын жоқтап, ұлттық сана мен рух үшін күресумен өтті. Облыста қазақ мектептері мен балабақшаларын ашуға, елді мекен, көше атауларын қазақшалап, қайтадан қалпына келтіруге, айтыс өнерін жандандыруға көп еңбек сіңіріп, әділ қазылар алқасына мүше болып, жас ақындардың өнеріне, сөз саптауларына қуанып, марқайып отыратын. Ел тарихын, әдебиеті мен өнерін зерттеп, көптеген мақала жазды. Облыста аудармашылар курсын, қазақ тілін тегін үйрету курстарын ашуға мұрындық болды.
– Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Алматыда Павлодар облысы мәдениетінің күндері өтетін болып, дайындық қызу жүргізіліп, оған облыстағы барлық мәдениет, өнер мекемелерінің өкілдерінен, музей қызметкерлерінен, балалардың би ансамбльдерінің мүшелері мен музыкалық училище түлектерінен, бас-аяғы 420 адамнан құрылған арнайы пойыз жасақталып, жолға шыққаны есімде, – дейді сол кездегі музыкалық училище директоры, Қазақстан-
ның еңбек сіңірген қайраткері Виктор Петрович Денисенко. – Мәдениет күндерін өткізудің барлық жауапкершілігі облыстық мәдениет бөлімінің бастығы Мұрат Мұсайбекұлына жүктелді. Алматыға сапарға шыққан арнайы пойызды да сол басқарды. Мен оның орынбасары едім. Жол бойында да, Алматыға барған соң да күтпеген қиындықтар кездесіп отырды. Ол өзінің сабырлығы, адамдарға сенім артып, талап ете білетін табандылығының арқасында солардың бәрін дер кезінде еңсере білді. Павлодар облысы мәдениетінің Алматыдағы күндері зор табыспен өте жоғары деңгейде өтті. Мұрат Мұсайбекұлының ең соңында қуанышты, жарқын жүзбен: «Рахмет бәріңе! Біз жеңдік! Барлығы ойлағандай болды!» деп қатысушыларға алғыс айтқан сәті әлі есімде.
Мұрат облыстық телевидение мен мәдениет басқармаларын, кейінірек «Қазақ тілі» қоғамын он жылдай басқарған кезіндегі жүзеге асқан кейбір істерді тізбелеп айта кетуге болады: 1990 жылы қаладағы №1 балалар бақшасында қазақ тілінде тәрбие беретін ең алғашқы топ ашылды; 1991 жылы Мұраттың ұсынысымен облыста коммерциялық КТК және қазақ тіліндегі «Арна» телеканалдары ашылып, ақындар айтысы, балалар мен жасөспірімдерге арналған тәрбиелік маңызы бар тартымды хабарлар ана тілімізде беріле бастады; қазақша хабар беру алғашқыда бір жарым сағатқа ұзартылып, артынан ресейлік екі каналдың бірі жабылып, орнына ана тіліміздегі канал ашылды; 1992 жылғы қыркүйек айында Тимирязев атындағы орыс орта мектебінде алғашқы қазақ класы ашылды; 1998 жылы «Галицкое» кеден бекетінің аты «Найза» деп өзгертілді; Үмбетей жыраудың есімі аудандық мәдениет үйіне беріліп, оның алдына қолына домбыра ұстаған ұлы жыраудың мүсіні орнатылды; Кеңес Одағы кезінде өздерінің ата-баба жерінде азшылыққа айналып, ана тілін жоғалтуға аз ғана қалған Павлодар өңіріне Моңғолиядан 480 қазақ отбасы көшіріліп әкелініп, ана тіліміздің іргесі беки түскені жоғарыда айтылды; облыста қазақ балабақшалары мен мектептерін ашу, елді мекендер мен көше атауларын қазақшалау, көрнекі ақпараттардағы қателіктерді түзеп, жөнге келтіру; іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру мақсатында қыруар іс атқарылды. Мәселен, «Қазақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен облыста бұрын орысша аталып келген 425 елді мекеннің 270-інің атауы қазақ тіліне ауыстырылды, соның ішінде бір ғана Ертіс ауданындағы 40 елді мекеннің 35-інің ежелгі тарихи атаулары қалпына келтірілді. Тоқсаныншы жылдардағы бюджетте ақша жоқ, мәдениет мекемелері, кітапханалар, балабақша ғимараттарына дейін пысықтарға арзан бағаға сатылып, талапайға түсіп жатқан уақытта солардың көпшілігін сақтап қалу үшін аянбай күресті, көбін сақтап та қалды. «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облысындағы жүзеге асырған игілікті істерін баяндайтын «Қоғам белестері» атты кітап шығарды. Республикалық қоғам басшылары Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлы оның жігерлі жұмысын жоғары бағалап, өздерінің «Тіл майданы» атты кітабын оған: «Павлодар топырағында тіл мүддесін шаршамай қаузап, талмай күресіп келе жатқан Мұрат Мұсайбекұлы бауырымызға іске сәт дейміз!» деген қолтаңбамен сыйлады. Павлодар облысындағы «Қазақ тілі» қоғамын он жылдай көк тиын жалақы алмай, қоғамдық негізде басқарғанын да өнегелі іс ретінде айта кеткеніміздің артықтығы жоқ. Кейінірек Астанаға ұлы мен немерелеріне көшіп келген соң да үйде қарап жата алмай, Астана қаласында «Қазақ тілі» қоғамы құрылуына ұйытқы болды, өзі осы қоғамның жауапты хатшысы міндетін атқарды...
2015 жылы Мұрат қайтыс болғанда жұртқа белгілі біраз азаматтар қимастық сезіммен қоштасу сөздерін айтқан еді. Солардың бірі ақын Қонысбай Әбілов:
...Еңбегімен халқына
сый арнайтын,
Тұлға едің сен елді
ойлап қиялдайтын.
Сыртқа шықсақ:
«Осы, – деп азаматым!»,
Көрсетуге мақтанып
ұялмайтын.
Аламанда бәйге алса қазанаты,
Жайылады алысқа қазақ аты.
Қатарыңның алды едің,
басың биік,
Ұлттың ұлы,
Алаштың азаматы!
– деп өлең жазды.
Артында жарық із қалдырған Мұрат Мұсайбекұлы Әбдірахмановтың жарқын жүзі, халқымыздың игілігі үшін тындырған іргелі істері жұрт есінде, ел тарихында сақтала береді.
Болат БОДАУБАЙ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты