13 қаңтар күні тәуелсіз сарапшы Мансур Гусейнов «РИА–Новости» агенттігіне берген сұхбатында биткоин 32,500 мың АҚШ долларына дейін – 22 пайызға дейін арзандағанын, оның алдында 300 күн бойы тоқтаусыз қымбаттағанын, ал 2017 жылдан бері 30-40 пайызға арзандағанын айтыпты. «Жалпы, нарық өзінің шарықтау шегіне жетуі мүмкін. АҚШ валютасымен ашық бәсекелесуі, пандемия жағдайында АҚШ қор нарығының түзелуі, әлемдік ІЖӨ-нің қалпына келе бастауы да биткоин бағасының арзандауына әсер етті», деді ол журналистерге берген сұхбатында.
Сарапшылар криптоактив бағасының құбылуы тек 2021 жылдың еншісіне бұйырған жаңалық емес екенін, бұл 2017 жылдан басталғанын айтып отыр. 2017 жылы 20 мың АҚШ долларына бағаланған криптоактивтер 2018-2019 жылдары 3 мың доллардан 900 долларға дейін құлдырады. 2020 жылдан бастап қайта өсе бастады.
Дамыған елдердің криптовалютаға қызығып отырғаны бірінші кезекте оның жариялылығымен байланысты. Яғни бұл теория бойынша барды жасыру мен жоқты асырып көрсету мүмкін емес. Мәселеге осы тұрғысынан келер болсақ, бұл да біздің ішкі нарық үшін оң жамбасқа келер дүние еді. Бірақ оны нарықтағы инвестициялық құралдың бірі ретінде қабылдауға қалтамыз да, білігіміз де, әбжілдігіміз де жеткіліксіз болып шықты. Дегенмен, биткоин сатып байығандар жайлы ақпараттар біздің де кейбір басылымдардың төрінен орын алып, ішінара жарнамалана бастады.
Криптоактив пен цифрлы валютаның айырмасы
Сарапшылар бірінші кезекте криптоактивтер мен цифрлы валютаның ара-жігін ажыратып алу маңызды екенін айтады. Криптовалюта ұғымын көпшілік кәдімгі электронды, цифрлы валютамен шатастырып, онсыз да бұлыңғыр түсінікті одан сайын тұмшалап жіберген. Әлемдік валюта сегментінде криптоактив қолмен ұстауға келмейтін, орталықсызданған цифрлы валютаның бір түрі.
Ұлттық банк өткен жылдың 20 қарашасында цифрлы валютаны (CBDC) енгізу мәселесін зерттеп жатқанын, басқа елдердің 28 орталық банкімен бірге негізгі халықаралық зерттеу тобының жұмысына қатысатынын мәлімдеген-ді. Ұлттық банк таратқан хабарға ден қойсақ, отандық сарапшылар халықаралық есеп айырысу банкімен және Халықаралық валюта қорымен бірге цифрлы валютаны реттеу тәсілдерін зерттеуге кірісіп кеткен. Бас банк таратқан дерек бойынша, Қазақстан Республикасында цифрлы валютаны енгізудің түрлі сценарийі жайлы есеп дайындалып жатыр. «Есепті жариялау 2021 жылдың екінші жартысына жоспарланған. Болашақта құжатты барлық мүдделі мемлекеттік органдармен, халықаралық қаржы ұйымдарымен, нарық қатысушыларымен және сараптамалық ортамен талқылау нәтижелері бойынша орталық банктің цифрлы валютасын Қазақстан Республикасына кезең-кезеңімен енгізу бойынша қанатқақты жобаны іске асыру жоспарланып отыр», деп хабар таратқан Ұлттық банк осыған байланысты мәселелерге асықпау қажеттігін тағы да ескертті. Себебі қаржы технологиясының бұл түрін дәл қазір қолданысқа енгізуге, тіпті салымшыларына кепілдік беруге дамыған елдердің өзі дайын емес.
Заңнама шеңберінде реттеу қажет
Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Тілеуов журналистерге цифрлы валюталарға қатысты төрт негізгі мәселені атап өткен болатын.
– Потенциалды цифрлы валюта (теңгені қоса алғанда) – мысалы биткоин сияқты криптовалюта емес. Бұл цифрлы қаржылық активтің жеке санаты. Яғни CBDC – орталық банк шығарған қолма-қол және қолма-қол емес ақшаға қосымша қаражат. CBDC (шартты цифрлы теңге, рубль, юань және т.б.) басқа валюталарға қатысты жеке мәнге, баға белгілеулерге ие емес. Бұл іс жүзінде «Fiat» валютасымен бірдей қаржылық актив болғандықтан, оның бағамының қарапайым валютадан айырмашылығы жоқ, – дейді ол.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының өкілі Константин Пак та цифрлы валютаның қолма-қол ақша мен қазіргі қолма-қол ақшасыз әдістерге тән гибрид қасиеттері бар екенін айтады.
– Біріншіден, валютаны қашықтан басқаруға болады. Сондай-ақ қомақты (іс жүзінде шексіз) көлемдегі қаражатты банктік шоттарды пайдаланбай-ақ сақтауға болады. Екіншіден, цифрлы валютадағы операциялар қазіргі заманғы технология мүмкіндіктерінен арзан болуы мүмкін. Бірақ бұл теориялық жағынан әлі дәлелденген жоқ, Сондықтан цифрлы валюталарды енгізу шаралары барлық елдерде зерттеу сатысында тұр, – дейді сарапшы.
К.Пак цифрлы валютаның айналымы блокчейн технологияларына негізделгенін және кез келген блокчейн қолданушысының ашық мекенжайын біле отырып, оның акциялар пакетін және жасаған операцияларын көруге болатынын айтып өтті. Жалпы алғанда, блокчейн технологиясы барлық контрагенттерге жаңа жауапкершілік пен қаржылық тәртіп жүктейді, бұрын қаржы саласында болмаған транзакциялардың айқындығының жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев таяуда баспасөз мәслихатында криптовалюталардың эмиссиялық шегіне, табыстылығына өзіндік құнының өсуі ғана жол ашатынын айтты. Криптоавтивтердің санатындағы биткоин «ақша» сияқты жалпылама атауға ие, яғни ақшаның электронды түрі. Айырмашалығы – оны қолма-қол емес, электронды цифрлы жүйе ретінде пайдаланасыз.
Криптовалютаның түрі көп болғанмен, әзірге ең танымалы – биткоин немесе лайткоин. Тағы бір ерекшелігі, олар кез келген үкіметтің немесе Ұлттық банктің бақылауында болмайды. Криптовалютаны жарнамалап жүрген инвесторлар оны биржада сауда жасау, сондай-ақ интернеттен тауар сатып алу, анонимді, тез және тікелей операцияларды жүзеге асыру үшін қолданатын көрінеді. А.Терентьев нақтылап айтып өткендей, Қазақстандағы заңды төлем құралы – теңге, оның эмитенті – мемлекет, ал ақшалай міндеттемелер тек ұлттық валютада көрсетіледі.
Экономист Мақсат Халық криптвалютаны қазір қазақстандық қаржыгерлердің өзі аса түсініп отырмағанын, әлемде криптовалюта индустриясын заңмен реттей алған мемлекеттер аз екенін айтты. Әлемде бұлжымайтын қағида болмағандықтан, аса сенімді деп бағалауға болмайды. Мәселен, криптовалюта туралы 1990 жылдары айтыла бастаған, ол күндердің күнінде жойылып кетті. Ал блокчейннің табиғаты айқын. Оның құрылымында орталықсыздандыру және транзакцияны екінші адамның қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылған.
Ал Қазақстан экономикасы әлеуметтік бағытқа негізделген. Форс-мажор жағдайда халықтың шығынын Үкімет көтереді. Тіпті қаржы пирамидаларына есесі кеткен көпшіліктің Үкіметтен көмек сұрап, көшеге шығатынын да жиі байқап жүрміз. Ұлттық банктің криптовалютаға шектеу қойған себебі сол.
Халық сауатты болса, жүйе тез қалыптасады
...Бірақ оған да біраз уақыт керек. Алпауыт елдердің өзі бұл жүйені әлі талқылап жатқанда Қазақстанның бұған бірден өтіп кетуі екіталай. Күні ертең өзге елдің заңымен жүрмес үшін заңнамалық тетіктерін реттемесек тағы болмайды. Әлемдегі криптовалютаның 70 пайызы – биткоин. Оның нарықтағы жалпы сомасы триллион доллардан асады. Мақсат Халық айтқандай, біздің елде бұл мәселені заңдастыруға әлі ерте. Талқылаудан кейін нақты тетіктерді қолға ала ма, әлде сонымен тоқтап қала ма, ол жағы уақыттың еншісінде. Сондықтан асығыс шешім қабылдамау керек. Тұрғындарды және кәсіби емес инвесторларды түп-төркіні күмәнді активтерден қорғау қажет. Себебі құбылмалығы өте жоғары, бір сәтте арзандап, бір сәтте қымбаттап шыға келуінен азаматтарымыз қаржылық қиындықтарға тап болуы мүмкін.
Қаржыгердің пайымдауынша, цифрлы валютаның бұл түрімен айналымда миллиардтаған қаржысы бар және бірнеше миллион долларынан бір сәтте айырылып қалғаны әлеуметтік жағдайына әсер етпейтін белгілі бір топтың ғана хобби ретінде айналысуға мүмкіндігі бар.
– 2017 жылдары биткоинның бағасы 20 мың АҚШ долларына дейін көтерілді. Сол кезде құны 100 мың АҚШ долларына бағаланған пәтерін сатып, оған бар болғаны 5 биткоин сатып алған азаматтар болды. Сол жағдай қазір де байқалып отыр. 2021 жылдың басында бағасы 40 мың АҚШ долларына бағаланған биткоин қазіргі 30 АҚШ долларының айналасында. Ел ішінде биткоин сатып алып, барынан айрылып қалған ағайындар көбейе бастады. Сондықтан тап қазір заңдастырып жіберуге болмайды. Оған мемлекет тарапынан белгілі бір шектеулердің болғаны дұрыс, – деген М.Халық криптовалютаны шектеу қолымыздан келмейтінін де ескертті. Бұл халықаралық шекараларды мойындамайтын инвестицияның бір түрі.
Оны заңдық негізде реттеп отыратын тетіктер қажет. Себебі Ұлттық банк криптовалютаның ұяшығы болып табылатын блокчейн технологиясын қолданысқа енгізуді қолдайды. Бюджет шығыстарын блокчейн технологиясы арқылы реттеудің тиімділігін консервативті ұстанымда жүрген қаржыгерлер мойындайды. Бұл технологияның қажетті ақпараттарды блок-блокқа бөліп, алгортим арқылы сақтауға мүмкіндігі бар. Хакерлік шабуылдарға төтеп бере алатын қорғаныш иммуниеті де әлемнің назарын аударып отыр.
– Биткоин қымбаттаған кезде өздерін биткоин сатушы ретінде таныстыратын қаржылық пирамидалар пайда болады. Бұл мәселе 2017 жылдан бері көтеріліп келе жатса да, заң әлі жүйеленген жоқ. Сол себепті биткоинмен айналысатынын ашық мәлімдеп, жасырын фирмалар ашып, табыс тауып, көлеңкелі экономикаға жұмыс істеп жүрген азаматтар бар. Олардың өз бизнестерін қай елдің заңымен жүргізіп жатқанын біз білмейміз. Сондықтан, бәрін заңдастырып, бақылауға алатын кез кетті. Ұлттық банктің қазіргі әрекеті ақыл-кеңес беру деңгейінен аспайды. Мұны кешеуілдете беруге болмайды, – дейді М.Халық.
Қолма-қол ақшаны ығыстыра бастады
Сарапшы Андрей Чеботарев криптовалютаның негативке немесе позитивке иммунитетінің қалыптасып қалғанын айтады. Батыс елдерінің қор биржаларында бірер сағатта бірнеше млрд доллардан айырылған немесе бірнеше млрд пайда тапқаны туралы жаңалықтар қалыпты жағдайға айналған. Ал елімізде криптовалюта туралы шала сауаты бар салымшылар ақшасын салып, тезірек пайда тапқысы келетіні, оны сататындар маркетинг немесе айсбергтің ұшар шыңы деп қарайтыны нарық жолымен дамуына кедергі келтіреді екен.
Дегенмен, 2017 жылдың қазан айында өткен ICO жиынында Қазақстанның блокчейн қауымдастығы құрылғанын айтуға тиіспіз. Сол жиында ұлттық криптобиржа құрмаққа да талпыныс жасалды. Қазақстандағы криптовалюта және блокчейн қауымдастығының төрағасы Есет Бутиннің пайымдауынша, криптовалютаны сатып алуға шамасы келетін топ емес, шамасы келмейтін кедей топ криптонарықта мәселені қиындатуы мүмкін. Себебі олар кәсіби қатысушы болмағандықтан, қажетті қаржы жиналған күннің өзінде нарыққа дербес шыға алмайды. Дегенмен, цифрлы валюта біздің өмірімізге еніп үлгергеніне, қолма-қол ақшаны ығыстырғанына куә болдық. Экономиканы цифрландыру процесі тереңдеген сайын оның мүмкіндіктері де әртараптана береді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек өткен жылдың аяғында Қазақстанда майнингке мүлдем тыйым салынбағанын айтты. Қайта Парламент былтыр «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдап, онда криптовалюта саласын реттеді. Құжат 2020 жылғы 25 маусымда күшіне енді.
– Осы заңда цифрлы активтер айналымының құқықтық режімі бекітілді. Цифрлы майнинг және цифрлы актив ұғымдары заң жүзінде белгіленді. Бұл ретте енді Қазақстанда цифрлы актив – қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз етілмеген болып екі түрге бөлінеді. Соңғысына – блокчейндегі консенсусты қолдауға қатысқаны үшін сыйақы ретінде алынған цифрлы токендер немесе қарапайым тілмен айтқанда, криптовалюталар жатады. Оның үстіне енді цифрлы майнинг – қалыпты кәсіпкерлік қызмет деп танылып отыр, – деді вице-министр.
Демек, қанша блокчейндегі консенсусты қолдауға қатысқаны үшін сыйақы ретінде алынған цифрлы токендердің, қарапайым тілмен айтқанда, криптоактивтердің төбесі көріне бастады. Алдағы онжылдықтарда тетігін тауып, мүмкіндігін игілігімізге жаратып та қалармыз.
Бірақ қаржыгерлер айтып өткендей, халықтың 60 пайызының әлеуметтік жағдайы орташадан жоғары болса, арадағы тетіктер заң жолымен реттелсе, тәуекелі мен шығыны мемлекеттің жауапкершілігіне міндеттелмесе биткоиннің құлағында ойнайтын заман туар еді.
Әзірге ондай күннің ауылы алыстау болып тұр. Халықтың төлем қабілеті сын көтермейді. Бірінші несие бюросының мәліметінше, Қазақстандағы экономикалық белсенді адамдардың саны – 9,23 млн. Олардың 1,7 млн-ы – мүлде несие алмаған 18-22 жас аралығындағы жастар мен 45 жастан асқан егде адамдар. Ал қалған 7,5 млн азамат банктер мен басқа да қаржы ұйымдарында несиесі бар. Бұл – Қазақстан халқының жартысына жуығы қарыз деген сөз.
АЛМАТЫ