Теннис • 21 Қаңтар, 2021

Мықтылар Мельбурнде бас қосады

160 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

8-21 ақпан аралығында Мель­бурнде «Үлкен дулыға» сана­тына жататын бір жыл бедеріндегі төрт жарыстың басы – Аустра­лия­ның ашық бірін­шілігінің жалауы желбірейді. Жүлде қоры мол және әлемдік рейтингтегі жағ­­дайды жақсарту үшін тамаша мүм­кіндік берілетін дүбірлі додаға тек таңдаулы тен­нисшілер ғана қа­тысады. Солар­дың қатарында Қазақ­станның да өкілдері бар.

Мықтылар Мельбурнде бас қосады

Суретте: Қазақстанның бі­рінші ракеткасы Елена Рыбакина

Аустралияның ашық бірін­шілігінің тұсауы сонау 1905 жылы кесілді. Уақыт озған сайын айтулы жарыстың мерейі өсіп, мәртебесі арта түсті. Осы турнир арқылы талай ойыншы төрткүл дүниеге танылып, әлемдік спорт тарихына өз есімдерін алтын әріптермен жазды.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, талай қызықты деректерге қанық боламыз. Мәселен, ерлер арасында бас жүлдені ең көп олжалаған Новак Джокович екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Сербияның сайыпқыраны сегіз рет теңдессіз деп танылды. Бұл белес Швейцарияның мақтанышы Роджер Федерерге алты мәрте бағынды. Ертеректе Рой Эмерсон есімді мықты теннисші болды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жасыл құрлықтың өкілі алты бірдей турнирде топ жарып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Әйелдер жайында айтар болсақ, рекордтық көрсеткіш Маргарет Корт-Смитке тиесілі. Аустралиялық теннисші 1960-1973 жылдар аралығында алдына жан салмай, бас жүлдені 11 мәрте олжалады. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында тағы бір жергілікті ойыншы Нэнси Уинн-Болтон алты рет қарсылас шақ келтірмесе, бүгінгі таңдағы тең­дессіз теннисшілердің бірі Серена Уильямс жеті мәрте жеңімпаз атанды.

Былтырғы турнирдің ерлер арасындағы финалында сербиялық Новак Джокович пен аустриялық Доминик Тим күш сынасты. Бұл тартыс 6:4 4:6 2:6 6:3 6:4 есебімен алғашқысының пайдасына шешілді. Әйелдердің шешуші сайысында америкалық София Кенин мен испаниялық Гарбинье Мугуруса шеберлік байқасты. Бұл тартыста АҚШ теннисшісінің мерейі үстем болды – 4:6 6:2 6:2.

Қазақстандық теннисшілер де Мельбурнде жиі бой көрсетіп жүр. Жерлестеріміздің арасында ең үздік көрсеткіш Михаил Кукушкинге тиесілі. 2012 жылы ол төртінші айналымға дейін жетті. Бастапқы бәсекелерде испаниялық Гильермо Гарсия Лопес, сербиялық Виктор Троицки және франциялық Гаэль Монфисті ұтқанымен, отандасымыздың Ұлыбританияның әйгілі теннис­шісі Энди Маррейге әлі жетпеді. Дәл сол турнирді Андрей Голубев те керемет бастап еді. Тұсаукесер кездесуінде ол Ресейдің атақты ойыншысы Михаил Южныйдың өзін жолынан ығыстырды. Бірақ келесі кезеңде франциялық Ришар Гаскеге есе жіберді. Сол секілді қыздарымыз да бұл жарыс­ты «қатырмады». Әр жылдары Га­лина Воскобоева (2009, 2012), Ярос­лава Шведова (2015), Зарина Диас (2015, 2016, 2020), Юлия Путинцева (2016, 2020) және Елена Рыбакина (2020) үшінші айналымда өнер көрсетті. Алайда одан әріге ешқайсы бара алмады.

Аустралияның ашық бірін­шілігі бұл жолы да тартысты бо­ла­тынына еш күмәніміз жоқ. Айтулы жарыста Қазақстанның алты теннисшісі өнер көрсетеді. Олар – Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Диас, Яро­слава Шведова, Александр Буб­лик және Михаил Кукушкин. Осы «Үлкен дулыға» турнирінде жер­лес­терімізге үлкен табыс тілейміз.