Ал ұлы Абайдың саясат тыйым салған «көрінетін һәм көрінбейтін» тереңіне бойлап, сол тереңді қорғау жолында жеке басының мүддесі мұқалса да, ұлы шындыққа жасудай жасандылық жуытпаған Мекемтас Мырзахметұлының еңбектері қазір қайта-қайта жарық көріп, үлкен бір арналы өзенге айналды.
Сонда бұл қандай еңбектер? Абайтануға, жалпы қазақ филология ғылымына, қоғамтануға қосқан үлесі қаншалықты? Енді шамамыз жеткенше соны таратып көрейік. Реті келген жерде ғалымның отарлық саясатқа бейімделмей қойған «қисық мінездері» туралы да айтармыз.
1961 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің аспирантурасына қабылданған 31 жасар жігітке академик Қажым Жұмалиев Абай мұраларының зерттелу жайын кандидаттық тақырып етіп бекітеді. Бұған дейін пединституттарда дәріс оқып, мақалалар да жазып көрініп жүрген Мекең әуелгіде ештеңе бермей біраз жүріп алыпты. Сөйтіп бір күні ол жетекшісінің алдына Абай шығармаларының және ақын туралы жарық көрген барлық еңбектердің хронологиялық библиографиялық көрсеткішін бір-ақ қояды. Қажекең бұған қатты қуанған. Өйткені бұл аспиранттың тікелей міндетіне жатпаса да ғылым үшін аса керекті және сауабы мол жұмыс еді. Кейін ғалым бұл жұмысын одан әрі жетілдіріп, тақырыптық көрсеткіш жасап шығады.
Көптомдықтың 5-томына топтастырған қазақ және орыс тілдеріндегі бұл еңбектері арқылы ғалым әу баста-ақ қандай істі қолға алса да іргетасын нық қалап, тиянақты бастайтынын көрсеткен-ді. Сөйтіп ол өзінен кейінгілердің абайтануға кіретін жолын жеңілдетіп берді. Бұл кез келген ғалымның мінезі көтере бермейтін қасиет.
Ол осылай абайтануға қатысты дерек-материалдарды түгендеп барып кіріскен-ді өзінің негізгі жұмысына.
Бұл материалдардың ішінде не жоқ дейсің? Абайды Тобықтының ақыны ретінде ғана көрген тар шеңбердегі танымнан бастап, «қазақтың бас ақыны» деп бағалаған (Ә.Бөкейханов) еңбектер де болды олардың арасында. Олардан бөлек Зейнелғабиден ибн Әміре, Кәкітай Ысқақұлы, Самат Әбішұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы секілді қазақтың төңкеріске дейін қалыптасқан зиялыларының Абай мұрасын таратуға сіңірген еңбектерін де атап өтіп, берген бағасын моншақ тізгендей түзіп шықты. Ал кеңестер билігі орнағаннан кейін ақын мұраларын тұрпайы социологиялық, компоративистік, формалистік танымдар тұрғысында талдаған сорақы сындарды да көп ұшыратты. Дегенмен шын асылды өзі асыл ғана таниды екен. Соншама сорақы пікірлердің ішінен сабанның арасында жылтыраған инедей болып М.Әуезов пен Қ.Жұбановтың сопылық сарын жайлы пікірлері оттай басылды көзіне. Бірақ бір қиыны мынау еді. Әлгі «Шешендер, қара тақтаға жазылып қалмаңдар!» деп ұрда-жық пікірлерді ұрандатқандар да қазақтың асылы атанып жүргендер еді. Олардың тегеурінін студент кезінде-ақ Қайым Мұхамедханов кандидаттық диссертация қорғағанына қатысып сезінген Мекемтас. Ақыры Қайым сол диссертациясы үшін 25 жылға сотталып кеткен-ді. Сол «асылдардың» біразының өзі, енді бірсыпырасының әлі де көзі жүрген. Сондықтан ғалымдар ғылыми еңбектерін солардың қас-қабағына қарап «қой да аман, қасқыр да тоқ» етіп жазатын.
Бірақ Мекемтас олай еткісі келмеді. Ешкімге тура тартпай, ештеңені бұрмаламай ағын ақ, қарасын қара етіп көрсетуді жөн көрді. Бұл ойына жетекшісі Қажым Жұмалиев те қарсы болған жоқ. Сөйтіп М.Мырзахметұлының «Абай әдеби мұрасының зерттелу жайы» туралы диссертациясы да қатты пікірталас тудырып, жетекшісінің үлкен беделінің арқасында әупіріммен қорғалды (1965 ж. 12 ақпан).
Содан бері қанша жылдар өтсе де бұл жұмысын ғалымның өзі және шәкірттері үзбей толықтырып, жетілдіріп келеді. Соның нәтижесінде сала екі арнаға түсті. Біріншісі – «Абайтану» тарихы да, екіншісі – «Абай мұрасының зерттелу кезеңдері». Соңғысын ғалым Әуезовке дейінгі және Әуезов кезеңі, сондай-ақ Әуезовтен кейінгі деп үшке бөледі. Біз жалпы бағдар берген бұл еңбектердің бәрі бірінші томда жинақталған.
Абайтануды және Абай мұраларының зерттеуін жүйелеп алғаннан кейін ғалымға ұлы ақынның ислам шығысымен байланысын тікелей зерттеуіне жол ашылғандай болды. Жалпы, бұл арман оған студент кезінде Абайдың айналасы туралы Қайым Мұхамедханов диссертация қорғағанда-ақ ұялаған еді. Бірақ марқұм Мұқаң көзі тірісінде «жолың болмайды» деп мақұлдай қоймады. Ал жетекшісі Қажым Жұмалиев болса, алдымен өзіңе дейінгілердің не тындырғанын зерттеп алсаңшы деп тағы басқа арнаға бұрып жіберді. Ол кезде Мекемтас бұл тақырыптың аса қауіпті екенін, оны қозғаған Мұхтар Әуезовтің өзі Мәскеуді сағалап кеткенін, ал Әуелбек Қоңыратбаевтың Қызылордаға жылыстағанын білген жоқ-ты. Мұның бәрі 1949 жылы қабылданған СОКП ОК-нің космополитизм туралы қаулысының лаңы болатын. Ол қаулыға салсаң кеңестік (іс жүзінде орыстық) мәдениеттен ауытқығанның бәрі космополит, яғни шығыстың немесе батыстың буржуазиялық мәдениетіне табынушы, насихаттаушы болып шыға келеді. Аталмыш құжаттың уыты әлі де қайта қоймаса да Әуезов музей-үйіне ғылыми қызметкер болып орналасқан Мекемтас бұл тақырыпқа тәуекел етуге бекінеді. Өйткені оған Абайдың шығысына Әуезов арқылы ену мүмкіндігі туды. Міне, оның кабинетінің қасындағы бөлмеде ұлы жазушының 600 папка архиві жатыр. Қаулыға, әркімнің қабағына қарап жалтақтасаң алдырмайды ондағы алтынға айырбастай алмас ойлар. Ал кіріп, ұлы жазушының Абайдың шығысы туралы қағазға түсіргендерінің ізіне түссе, «тәуекел түбі – желқайық» өте шығар өзіне дейінгілерді қайырлатқан қиын өткелден.
Архив ақтару үстінде ол Мұхаңның да сан түрлі саясатқа сайлап айтқан, жазған немесе емеурін ғана танытып қоя салған тұстары бар екенін байқады. Байқады да бұл кезде нені оқыса да жазылған дәуірінің идеологиясы мен саясатын зерттеп барып бағалауды үйренген Мекемтас мәтіннің астарлы ойын айнытпай аңғаруға тырысты. Содан да зерттеушінің қаламынан арада саясаты сан құбылған қаншама жылдар өтсе де уақыт сынына төтеп беріп, қазақ және орыс тілдерінде қайта-қайта жарық көрген «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» атты іргелі еңбегі туды (2,3,4,6 томдар).
Бұл монографияның қазақ филология ғылымына салған олжасы мол болды. Ең алдымен ол жазушы Әуезовті ғалым ретінде ашты. Ғалым болғанда Абай өмірбаянын жасаушы, мұрасын жинаушы, өлеңдерінің текстологі екенін дәлелдеді. Сонымен бірге Әуезовтің пікірін алдыға сала отырып Абай ақындығының үш қайнар көзі (ұлт мәдениеті, ислам шығысы, батыс өркениеті) ішінде осы уақытқа дейін тыйым салынып келген ислам шығысының ақынға әсерін бұлтартпас дәлелдермен батыл ашты бұл еңбекте. Оған ұлы жазушының Абай Шығысқа арқасын нық тіреп барып бетін батысқа бұрған деген пікірі тірек болды.
Бірақ Абай орыс және орыс әкелген батыс мәдениетінің жемісі деп шегеленіп қалған шетін ұғымды Хрущевтің «жылымығы» мен Брежневтің Қазақстанға бүйрек бұруы да бұза алған жоқ еді ол кезде. Докторлық диссертация үшін жазылған бұл еңбек алдымен кафедрада, яғни кіші ғылыми кеңесте талқыланды. Ондағылар ислам шығысына қатысты тараулары диссертацияның ең осал жері, авторы дінге, философияға бекер кірген деген пікірлер айтып, еңбектің бұл тарауларын алып тастауын талап етті. Бірақ Мекемтас Абайдың ұлылығын ашатын тараулардан бас тартқанша ғылым докторы болмай-ақ қояйын, деп ол ұсынысты қабылдамады.
Сөйтіп бұл қорғау отарлық жүйе тәрбиелеген кеңестік қазақ филологиясының ғалымдары бұл кезде Абайды түсіне алатын деңгейде емес екендігін көрсетті. Осы еңбегін жазуға шағатай, бізден гөрі дінге жақын қазіргі өзбек, түрік, әзербайжан, татар тілдерін, сондай-ақ араб графикасын үйреніп, Құран Кәрім мен оның тәпсірлерін әлденеше рет оқыған Мекемтас Абай ілімінің ақылдан гөрі жүрекке басымдық беретін мешаюин мектебінен тарағанын індетіп, оның шығыстың басқа ойшылдарымен де үндестігін көре алған кезі болатын.
Сондықтан ғалым Абай еңбектерінде кездесетін ғұламалар мен ғылыми және діни терминдерге түсінік жазып, алдымен осы мүйізі қарағайдай ғалымдардың өзін Абайға дайындап алу қажеттігін түсінді. Әйтпесе, хауас жәуанмәртлік, иманигүл, мутакалимин, мантикин тәрізді Абай іліміне апарар ағымдардың өзінен хабарсыз құдайсыз қоғамның жемісі еді олар. «Абай және шығыс» (4 т), «Абай және сопылық ілім» (4 т), «Жүрегімнің түбіне терең бойла...» (8 т), «Абай лұғаты» (10 т) тәрізді еңбектер содан кейін пайда болды.
Бұл еңбектер жалғыз әдебиетшілерді ғана емес, гуманитарлық ғылымдардың көптеген саланың жастарын қызықтырды. Өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдары жастардың қатардағы ғылым кандидатының төңірегіне үйірсектеуінің тағы бір сыры – Мырзахметұлының отарлық саясаттың зардаптарын ашып көрсететін өткір мақалалар жаза бастауынан да еді. Өкініштісі, кеңестік кезеңде ол еңбектерінің ілуде біреуі ғана жарық көрді. Әрі сол жариялаған азаматтар да М.Мырзахметұлының өзімен бірдей, бәлкім тіпті артық тәуекелге барды. Мәселен, «М.Әуезов және абайтану проблемалары» атты атышулы монографиясын Ғылым академиясының ғалым-хатшысы Зәки Ахметов «өзім редакторы боламын, жөндеймін, қысқартамын» деп уәде беріп, «Ғылым» баспасының редакциялық коллегиясынан өткізіп жіберді. Бірақ қысқартпай жариялады.
(1983 ж.). Ал «Ванновка атауының сыры неде?» деген мақаласын («Оңтүстік Қазақстан» 11 қаңтар 1983 ж.) жазушы Мархабат Байғұт бар жауапкершілікті мойнына алып жариялапты. Ғалымның «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген көлемді еңбегін ешқандай редактор қабылдамай қойған. Тек, «Қазақ әдебиетінің» бас редакторлығына жазушы Төлен Әбдіков келген соң ғана тақырыбы өзгертіліп, бөліп-бөліп жарияланыпты (7, 8, 9 т).
Алайда мұндай редакторлар да санаулы еді ол кезде. Мәселен, қаншама ұрпақ халқымызды ұшпаққа шығарғысы келген ағартушы деп оқып келген Ильминский, Алекторов, Остроумовтардың қазақ жерін отарлап, елін одан әрі шоқындыруды мақсат еткен отарлық жоба-жоспарлардың авторы әрі жүзеге асырушы миссионерлер болғанын бұлтартпас архив деректері арқылы дәлелдеп бергенімен баспасөзде жариялау мүмкін болмай тек студенттерге ауызша айтып берумен шектелген кездері де болды.
Бұл еңбектерінде де Мекемтасқа тән тағы бір мінез жатыр. Ол Абайды зерттегенде философияға, дінге кіріп кететіні сияқты отарлаудың зардабын ашу мәселесінде де менікі-сенікі деп тұрмай тарих және тіл ғылымдарының да өрісіне еніп кетіп отырды. Соның арқасында қазақ жерінде болған барлық басқыншылық соғыстарды талдап, олардың тілімізде және санамызда қалған іздерін айқындады. Халқымыз үш алапат иірімге жұтылмай аман қалған екен. Олар: қытай, араб-парсы және орыс-еуропа иірімдері. Сондай-ақ сол басқыншылықтардан тілімізде жеті қатпар қалыпты. Олар: қытайлық, парсылық, гректік, арабтық, моңғолдық, қалмақтық, орыстық (еуропалық) қабаттар.
Ғалымның бұл еңбектерінің (7, 8, 9 тт.) ұлт алдындағы маңызы орасан зор. Өйткені ол сонау сексенінші жылдары егемендікке ұмтылған халқымыздың тарихи жадын қалпына келтіріп, ұлттың рухын көтеруге қызмет етті. Әлі де қызмет ете бермек.
Сол жылдары баспасөз М.Мырзахметұлынан бірнеше сұхбат алды, өзі де үзбей мақалалар жазды (7, 8 т). Олардың басты тақырыбы Абай және ел тағдыры деуге болады. Ғалым өзімен қатар жүрген көптеген әріптесі мен ақын-жазушы туралы да ойларын ортаға салыпты. Солардың бірі «Хақаңмен сырласу» деп аталады. (7 т.147-2005 б.). Бұл мақаладан ұлт үшін басын бәйгеге тіккен Қайым Мұхамедхановпен ішкі үндестіктерін, сырластықтарын ғана емес, сонау кеңес заманының өзінде-ақ түбі бір ақталады деген сеніммен Алаш арыстарының еңбектерін астыртын баспаға әзірлеу жөніндегі әрекеттерін де көруге болады.
Мекемтас ағаға үнемі осындай ұлы мақсаттар маза бермей жүретініне таныс-біліс болған жиырма жыл әбден көзімді жеткізді. Түркістан, Тараз университеттерінде жұмыс істеп жүргенінде Әл-Фараби, Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Дулати, Бауыржан Момышұлы мұраларын зерттеуге ден қойды ол. Сонымен қатар шәкірттерімен бірге Түрік халықтары әдебиетінің тарихын, хрестоматиясын, бағдарламасы мен библиографиялық көрсеткішіне дейін жасап шықты. Қазақ әдебиетінің тарихын бір мың жеті жүз жылға тереңдетіп, оны қайта дәуірледі. Кириллицаның түбі ауысатынын болжап, түркінің ежелгі сына және латын жазуларын зерттетті шәкірттеріне. Мұның бәрі түптеп келгенде абайтануға да қызмет етті. Өйткені бұл зерттеулер Абай халқымыздың оған дейінгі ақыл-ойының жиынтығы, синтезі, ал Абайдан кейінгі ақыл-ой ұлы ақыннан бастау алатынын одан әрі дәлелдей түсті. Оны дәлелдеген сайын ғалым Абай ақыл-ойының шыңына бір табан жақындай берді.
Ол ақынның толық адам ілімін осылай ашты. Қырық бір жасында жазған «Интернатта оқып жүр» (1886 ж.) өлеңіндегі адамның бес дұшпанынан және бес асық ісінен сыздықтап шығатын саналы жаратылыстың ұлы миссиясы туралы ойлары «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» (1888 ж.), «Лай суға май бітпес қой өткенге» (1895 ж.), «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» (1895 ж.), «Алла деген сөз жеңіл» (1897 ж.), «Жүректе қайрат болмаса» (1898 ж.), «Алланың өзі рас, сөзі де рас» (1902 ж.) және басқа өлеңдері мен қара сөздеріндегі ойларын қуалай отырып, ғалым мұның бәрі жай ақындық сезімдер емес, санаға сіңімді, жүрекке қонымды болуы үшін сезіммен жырланған белгілі бір ілім екенін жүлгелеп шығарды. Толық адам ілімінің үш тұғыры бар екен. Олар ислам шығысының Хауас (Абайда үш түрлі мағынада қолданылады: біріншісі – адамның сыртқы бес, ішкі бес сезімдері, екіншісі – Алланың он сипаты, үшіншісі – Алла тағала мағынасында), Иманигүл (үш сүю: Алланы, адамзатты және әділетті сүю) және жәуәнмәртлік (ізгілікті үш қасиет: ақыл, рахым, әділет) ұғымдары.
Осы үш тағанды жанының азығы еткен жұмыр басты пенде кемелдене келе адамгершіліктің ең биік көрінісі болып табылатын ізгілік пен қайырымдылықты өзінің басты қасиеті ете алады екен. Түрлі терминдерге толы Абай өлеңдері мен қара сөздерінен кемелденудің көп сатылы жолын қарапайым оқырманға аңғару қиын, әрине. Ал Мекемтас Мырзахметұлының бұл еңбегі ақын өлеңдерінің сіздің көкірегіңізде шырақтай жануына үлкен септігін тигізетін бірден-бір құрал.
Ғалым еңбегінің халқымыз үшін аса маңызды тағы бір ғылыми тұжырымы бар. Оның мәнісі мынада. Кеңестік-коммунистік жүйе біздің санамызға Абайды орыс мәдениетінің жемісі деп сіңіріп келді. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін «Абайларың құнды болса, қазаққа ғана құнды, ол әлемдік деңгейде ешкім емес» деген пікірлер айтылып қалып жүр. Мекемтас Мырзахметұлы осындай «жаптым жала, жақтым күйе» пікірлердің бәрін жоққа шығарып, Абайдың әлем ойшылдары арасында өзіндік орны бар екенін орнықты дәлелдермен көрсетіп берді. Қалай дейсіз ғой, айтайық. Толық адам ілімі аспаннан түсе салған батпан құйрық емес, әрине. Ол, Жаратушының саналы жаратылысқа берген қасиеті ретінде ұрық шашып, дамып жетілді. Міне, сол түп-тамырды іздеген ғалым ізгілік пен қайырымдылық туралы ілімнің қытайлық Конфуцийден (б.з.д. 551-449 ж.) «Жэнь», яғни, «адамды сүю» түрінде, ал Тұранның Ұлы билеушісі Алып Ер Тоңадан (б.з.д. VII ғ.) «Ақи немесе жомарттық» түрінде бастау алатынын анықтады. Содан кейін әл-Фарабидің «Парасатты адам» (Х ғ.), Жүсіп Баласағұнидің жәуәнмәртлік (ХІ ғ.), Ясауидің «Хәл» (ХІІ ғ.), Абайдың «Толық адам» (ХІХ ғ. соңы), Шәкәрімнің «Ар»
(ХХ ғ. басы) ілімі түрінде тербеліпті бұл ілім ұлы Тұран даласында.
Бірақ Абай бұл ілімдерді ешқандай да көшіруші, қайталаушы емес. Қайта одан әрі дамытып, жетілдіріп өз ілімін жасаушы екенін дәлелдеп берді Мырзахметұлы. Мәселен, Алланың сегіз сипатының ішінен «ғылым» мен «құдіретті» біріктіріп «ақыл» деп алыпты Абай. Осы біріктіруінің арқасында ақын «ақылды» өте биік сатыға қояды. Дегенмен дүниенің «көрінбейтін бөлігіне» келгенде сезімнің жөні бөлек екен. «Ақылмен Хауас барлығын, білмейдүр, жүрек сезедүр» деген ақынның жантану ілімін кванттық физика ашқан жаңа дүниетаным арқылы ғана танып-білуге болады дейді ғалым.
Абай жәуәнмәртлік ілімін де сол қалпында қабылдамаған.
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, – деп рахым мен әділетті жүрекке сыйдырып, оған қайратты қосады. Әрі оларға «Ыстық», «Нұрлы», «Жылы» деген анықтамалар береді.
Сөйтіп туғаннан пайда болатын екі құмарлықтың ішсем, жесем дегенін емес, білсем, көрсем дегенін дамытып барып жоғарыдағы қасиеттерге ие болған жұмыр басты пенде толық адам деңгейіне көтеріледі екен. Ол деңгейлердің де пәленбай сатылары бар. Мекемтас Мырзахметұлының еңбектерін басшылыққа алған адам оларды ақын шығармаларынан оңай табады.
Бір сөзбен айтқанда, М.Мырзахметұлының «Абайтануы» ұлы ақын жұмбағын ашатын кілт.
Айтылуға тиіс енді бір мәселе бар. Мен сөзімді әуелде отарлық саясат пен идеология жалған ғылым жасауға да мәжбүрлегенінен бастаған едім. Ал сол зорлыққа көнбей жасалған шынайы ғылым – құнарлы топырақ сияқты болады екен. Оған түскен дән тез өніп, мол жеміс береді. Демек, шынайы ғылымнан ғана ғылыми мектеп туады. Абайтанудағы Мекемтас Мырзахметұлының мектебі бұл күнде шынында мәуелі баққа айналды. Ұлы Тұран даласында тербелген адамгершілік ілімінің Абайға келіп жинақталып, қорытылып, одан бергісі ұлы ақыннан бастау алып жатқанын ғалымның шәкірттері тереңдете зерттеу үстінде. Ал Мекемтас Мырзахметұлының өзін бір ғана қазақтың ұлттық Абай атындағы педагогикалық университетінде жұмыс істейді дей қою қиын. Қай жерде ұлы идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар, Мырзахметұлы сол жерде. Ұлттық академиямыздың Әдебиет және Өнер институтында, Шымкенттегі Әуезов атындағы, Тараздағы Дулати атындағы университеттерде де Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми жобаларымен көптеген шәкірті жұмыс істеп жатыр. Ұлы ақынның Отаны Семей университетіне, басқа өңірлерге де ат басын бұрып тұрады. Өйткені бәрінде де оның шәкірттері, олар айналысып жатқан жұмыстар бар.
Сол шәкірттерінің алғашқылары елімізге белгілі қаламгер ғалымдар Қойшығара Салғарин мен Тұрсын Жұртбай әлдеқашан «сақалы шығып, жат болып» кетті. Қойшығара тарихтан, Тұрсын болса «Абай және әлем ойшылдары», «Абай және Алаш арыстары» деген тақырыптарды әрі алып әкетті. Одан берідегі Дулатидің «Тарих-и-Рашидиі» мен исі қазаққа, әсіресе Таразға қатысты көптеген әдебиетті парсы тілінен қазақшалап, Абай және парсы, араб ақындары туралы ғылыми монографиялар жазған Ислам Жеменей, Шығыс Түркістан халықтары әдебиетінен (қазақ және ұйғыр) диссертация, қытай архивтері негізінде Түркеш қағанаты туралы монография жазған Әлімғазы Дәулетхан, «Абай қарасөзінің жанрлық, стильдік ерекшеліктерін» ашқан Жабал Шойымбет, Абай мен Жүсіп Баласағұн байланыстары, сондай-ақ «Адамгершілік ілімі және хакім Абай» сияқты іргелі еңбектер берген Мақсат Әліпхан, «Абайтанудың Әуезовтен кейінгі кезеңін» жазып шыққан Рахат Саламатова, «Абай және Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау» атты еңбекті еңсерген Талғат Ербай, «Ұлыстық әдебиеттен ұлттық әдебиетке дейін» шолып шыққан Иманғазы Нұрахметұлы бастаған тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады.
Бұрын ғалым кеңестік философтарды Абайды материалист еткені және еуроцентризмнен арыла алмай жүргені үшін сынайтын. Ал осы он томдықта тұңғыш рет философ Ғарифолла Есімнің еңбектерінен үзінділер алып, өз пікірлеріне тірек етіпті. Демек, бұл салада да сең жүрді деген сөз.
Бұл мысалдардың бәрі абайтануда Мекемтас Мырзахметұлы мектебі әлдеқашан қалыптасқанын, мынау он томдық сол мектептің негізгі мәйегі, құнары, ал сол құнардан нәр алған шәкірттерінің сан тараулы еңбектері Мырзахметұлы мектебінің жемістері екенін әбден дәлелдейді. Ғалымның ауыр жолы осылай сара жолға айналды.
Елен ӘЛІМЖАН,
жазушы
Тараз