– Осы жылдың қаңтар айында өңірде коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың 44%-ға немесе өткен айдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4 есе өсуі байқалады. 18 қаңтардан бастап Қарағанды облысы «сары аймаққа» енді. Осыған байланысты бірқатар шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылданды, – деп атап өтті ол.
Нақтырақ айтқанда, аталған күннен бастап облыстағы ауданы 2 мың шаршы метрден асатын сауда орталықтарының жұмыс істеуіне тыйым салынады, демалыс күндері қалааралық автобустардың қозғалысы тоқтатылды.
Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтарының, банктердің және «Қазпошта» бөлімшелері алдын ала жазылу бойынша жұмыс істеп, жұмыс күнін 18.00-ге дейін қысқартады. Бұл жерлерде әлеуметтік қашықтық, маска режімі, термометрия сақталып, санитарлық-дезинфекциялық тәртіп талаптары күшейтіледі. Ал 15 және одан да көп қызметкерлері бар ұйымдар мен мекемелер штатының 60%-ы қашықтан жұмыс істейтін болады.
Мәдениет нысандары мен кинотеатрлар қызметі толымдылығы 20%-дан аспайтын жағдайда ғана жұмыс істеуге құқылы. Қоғамдық тамақтандыру орындарының мереке және демалыс күндері жұмыс істеу режімі сағат 07.00-ден 22.00-ге дейін шектеледі. Ондағы келушілерге толтырылу 50%-дан аспауы тиіс. Ал тамақты өзімен алып кету және жеткізу уақыты шектелмейді. Сонымен қатар жұмыс күндері сауналар, моншалар, СПА және массаж салондары 09.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.
Содан соң жасы 65-тен асқан егде адамдарға аса қажеттілігі болмаса, үйден шығудан тартына тұру ұсынылған.
Брифингтің соңында өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері маска режімі қатаң сақталса аурудың алдын алу мүмкіндігін екі, тіпті үш есеге дейін арттыратынын еске салды. «Коронавирус кеселінің алдын алу көбінесе өзімізге байланысты», деп түйді сөзін Ю.Залыгин.
Қарағанды облысы