15 Желтоқсан, 2013

Еңбегі жанғандар

375 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» шығармашылық сарайында білім және ғылым саласы бойынша мемлекеттік және ведомстволық марапаттарды тапсыру рәсімі өтті.

Кеше елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» шығармашылық сарайында білім және ғылым саласы бойынша мемлекеттік және ведомстволық марапаттарды тапсыру рәсімі өтті.

Марапаттау рәсімінде сөз ал­ған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Елбасының бас­тамасымен қолға алынған білім саласындағы жобалар қазақстандық білімнің жүйелі дамуына әсер ет­кенін баяндады. «Президенттің «Бо­ла­шақ» бағдарламасы – оның ай­қын дә­ле­лі. Бүгінгі күні Назарбаев зияткерлік мектептері өңірлердегі инно­вация­лардың ресурстық орталық­тары болып табылады. Олар өз тәжіри­белерін еліміздің мектептеріне таратуда.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде «Кәсіпқор» холдингі» әлемдегі алдыңғы қатарлы тәжірибелерді енгізетін жүйелі оператор ретінде жұмыс істейді» – деген министр ғылымның басты міндеті – ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен сапасын арттыру екенін атап өтті. Ол жоғары білім беру жүйесінде жаңа, бірегей әлемдік деңгейдегі жоба – Назарбаев Университетінің құрылып, табысты дамуына куә болып отырғанымызды, университеттің еліміздегі басқа да алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарын дамыту үшін білім, ғылым және инновацияны синтездеу­ге бағытталған «болашақ моделі» екенін де баяндады.

«Бүгінде мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және жоғары білім, ғылым және жастар саясаты жаңа бағыт алды. Одан әрі дамудың негізгі жолдары анықталды. Алдағы үш жылға арналған білім беруді дамытудың негізгі басымдықтары Үкімет тарапынан қолдау тапты»  деген министр білім және ғылым саласы бойынша биылғы марапаттауларға лайық болған отандастарымызға наградаларын тапсырды.

Сонымен, биыл білім жә­не ғылым саласы бойынша «Пара­сат» орденімен Т.Рысқұлов атындағы Қазақ эко­но­ми­калық универ­ситетінің профессоры Кеңес Бердалиев, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық уни­верситетінің кафедра меңгерушісі Баян Рақышев марапатталды. II дәрежелі «Достық» орденін Қазақ ұлттық өнер университетінің кафедра меңгерушісі, белгілі әнші Қайрат Байбосынов иеленді. Әл-Фараби атындағы ҚҰУ профессоры Ажар Жұбанова, Абай атындағы ҚҰПУ профессоры Нина Ишмұхамедова, «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ балалар кардио­хирургия бөлімінің басшысы Дмитрий Горбунов, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің ректоры Серік Святов, «Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Мылтықбаеваның өңірлеріне «Құрмет» ордені тағылды. Сондай-ақ, білім және ғылым саласы бойынша бірқатар профессорлар мен оқытушылар «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен марапатталды.

Айгүл СЕЙІЛОВА,       

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар