Комиссия отырысында «Transparency International» ұйымының Қазақстандағы өкілдігі жүргізген «2020 жылғы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі» зерттеуінің нәтижелері айтылды. Аталған ұйымның сарапшылары қалалар, облыстар мен аудандарда 9 000 респондентпен сауалнама жүргізіп, «ашық диалог» порталына түскен 1 347 өтінішті зерттепті.
«Тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері мемлекеттік органдарға жүгінген кезде сыбайлас жемқорлыққа тап болған адамдардың үлесі 2019 жылмен салыстырғанда 2,1%-ға төмендегенін көрсетті» деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов.
«Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Альфия Әдиеваның айтуына қарағанда, тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін 72 ақпараттық-насихаттық жұмыс жүргізіліпті.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы күресті әлі де күшейту қажеттігіне тоқталды.