Технология • 25 Қаңтар, 2021

1 ақпаннан бастап Алматы толығымен цифрлы телехабарға көшеді

175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1 ақпаннан бастап Алматы қаласы толығымен цифрлы эфирлік телехабарға көшеді, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

1 ақпаннан бастап Алматы толығымен цифрлы телехабарға көшеді

2021 жылдың 1 ақпанында Алматы қаласында «Көктөбе» телемұнарасында цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне көшу бойынша іс-шара өтеді. Өңірде цифрлы эфирлік телехабар тарату желісін енгізу мемлекеттік жобасы жүзеге асырылды.

Құрылым әлемдегі сейсмотұрақты мұнара болып саналады. «Көктөбе» телемұнаралардың әлем рейтингісінде 14-ші орынды иеленеді. Оның құрылысы 9 жылға созылып, алғаш рет 1984 жылы сигнал таратқан болатын. Қазіргі уақытта мұнара елімізде телевизия сигналын цифрлы форматқа ауыстыру үдерісіне қатысатын маңызды нысандардың бірі. Бүкіл Қазақстан бойынша телерадиохабар тарату желісін бақылау және мониторингтеу орталығы Көктөбеде орналасқан.

Алғаш рет елімізде цифрлы телевизия 2012 жылы 3 шілдеде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Индустриализация күні» шарасы аясында іске қосылған болатын. Содан бері елімізде радиотелевизиялық станса салып, модернизация қарқынды түрде жүргізіліп келеді.

Алматы қаласы мен Алматы облысында 90 радиотелевизиялық станса қолданысқа енгізілді. Бұл РТС-тер 736 елді мекенді цифрлық телесигналмен қамтамасыз етіп отыр, яғни қала мен облыс тұрғындарының 99 пайызы, шамамен 3,8 млн тұрғын ЦЭТВ желісінде арналарды тамашалуға мүмкіндігі бар.

Бүгінгі таңда цифрлы эфирлік телехабар тарату желісі барлық облыс орталықтарында және бірқатар облыста қолжетімді: Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Павлодар, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласы толықтай көшіп қойған. Енді 1 ақпанда Алматы қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысын толық көшіру жоспарланып отыр. Бүкіл Қазақстан бойынша аналог телехабар тарату желісін өшіру үшін 827 радиотелевизиялық стансаа тұрғызылып, модернизациялану керек. Қазіргі уақытта 546 радиотелевизиялық станса іске қосылды. Соның нәтижесінде ЦЭТВ-ның қамту аумағы ел халқының 91 пайызын құрап отыр. Цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін енгізу жобасы 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған. ЦЭТВ-ге көшудің мерзімдері мен кезеңдерін ҚР мемлекеттік құзырлы орган бекітеді.

1 ақпанда Алматы қаласымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы да цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне көшеді. Сонымен қатар 1 желтоқсанға дейін Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облыстары кезекте тұр.

Жобаны жүзеге асыру 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар