Еркін күрестен өткен әлем чемпионаттарында жеңіп алған жүлделердің саны мен сапасы жағынан Валентин Йордановтың өзгелерден шоқтығы биік. Болгарияның бағына туған балуанның бағындырмаған белесі жоқ. 1983-1995 жылдар аралығында жалауы желбіреген айтулы жарыста 10 мәрте бақ сынаған ол барлығында олжаға кенелді. Нақтылап айтсақ, 7 алтын, 2 күміс және 1 қола медальді олжалады.
Сонымен қатар Еуропа біріншілігінде жеңіп алған 9 (7 алтын+1 күміс+1 қола) жүлдесі тағы бар. Бір қызығы, осындай орасан зор белестерді бағындырған даңқты балуанның көпке дейін Олимпиада алтынына қол жеткізе алмай жүрді. 1988 жылы Сеулде Йорданов сәтсіздікке ұшырады. 1992 жылы Барселонада қола медальді қанағат ұтты. Тек 1996 жылы Атлантада асығы алшысынан түсіп, 36 жастан асқан шағында «мәңгі тозбас» атаққа қол жеткізді.
52 кило салмақта күш сынасқан Валентин Йордановтың Атланта Олимпиадасының үшінші айналымда біздің Мәулен Мамыровтан басым түскен еді. Сол жарыста Болгарияның өкілі бас жүлдені олжаласа, қазақтың ұлы қола медальді мойнына ілді.