Аймақтар • 26 Қаңтар, 2021

Тауарлы сүт фермасын салуға 40 млн доллар инвестиция тартылмақ

402 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысында тауарлы сүт фермасының саны көбейіп келеді. Бүгінде осындай 82 шаруашылық мал басын өсіріп, өндіріске қажетті өнім дайындап отыр екен. Ал аймақтағы сүтті сиырдың саны 25,7 мың басқа жеткен, деп хабарлайды Egemen.kz

Тауарлы сүт фермасын салуға 40 млн доллар инвестиция тартылмақ

Жалпы, өткен жылдың дерегі бойынша облыста 547,5 мың тонна таза сүт сауылған. Оның ішінде 89 мың тонна ағарды жоғарыда айтқан тауарлы-сүт фермалары дайындапты. Енді бұл көрсеткішті 92 мың тоннаға дейін жеткізу мақсаты тұр. Осы бағытта жұмылып жұмыс бастаған шаруалардың бір тобы Панфилов ауданында еңбек етіп отыр. Олардың сүт өндірісі бағытындағы қадамдары нәтижесіз емес екен.

Мысалы, Жаркент өңірінде ауыл шаруашылығы өнеркәсібін жандандыруға үлес қосып отырған шаруашылықтардың алдыңғы легінде «Көктал Агро» серіктестігі тұр. Былтыр осы серіктестік 2,5 млрд теңге инвестиция тартып, жаңадан тауарлы сүт фермасын ашқан болатын. Қазір мұнда 110 бас асыл тұқымды сауын сиыр бар. Күйі келіскен ойсылқара тұқымын күніне бірнеше мәрте сауғанда, жалпы көлемі 2600 литр сүт жиналды екен. Ағарғанды  Талдықорған қаласындағы «JLC сүт» зауытына жөнелтеді. Серіктестік басшылығы сүт өндірісінің аясын кеңейтпекші. Жақында Австрия елінен 189 бас тұқымы асыл сауын сиыр сатып әкеліпті.

«Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, панфиловтық шаруалар тауарлы сүт фермасын ашудың тиімділігін түсініп, тағы бір өндіріс орынын ашпақшы. Аудандағы «Al Cut» серіктестігі де өз фермасының іргесін көтеріп жатыр екен. Жер аяғы кеңи сала құрылыс басталатын тауарлы сүт фермасын салуға 40 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылуы тиіс. Заманауи үлігіде жұмыс істейтін сүт фермасының құрылысы үш кезең бойынша жүргізіліп, 2023 жылы толықтай аяқталмақ.

Қазір «Al Cut» серіктестігі 1200 бас ірі қара сатып алуға келісім шарт жасасып та қойыпты. Ал аудан әкімдігі өндіріс орынын ашуға арнайы орын бөліп отыр. Мұның сыртында мал бағу мен жем-шөп өсіруге де қолайлы жер берілген екен. Енді болашақ тауарлы сүт фермасының аумағы 87 гектарға жетіп, басқа да қажеттілік үшін 2400 гектар суармалы жер және игерілмек. Бүгінде қажетті орынға 87 гектар мен 2400 гектар суармалы жер бөлінген. Ферма жұмысын бастаған сәтте сүт фермасында 100 адамға дейін жұмыс орыны ашылса, күрделі жем өндіруге тағы 150 адам жұмыспен қамтылмақ.

– Жазиралы Жаркент өңірінде мал басы көбейіп, егін түсімі артып отыр. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында 51 млрд  200 млн теңгенің өнімі өндірілді. Яғни, таза түсім арғы жылмен салыстырғанда 2,5 млрд теңгеге артты. Істің ілгерлеуіне мемлекет тарапынан жасалған қолдау да ұйытқы болуда. Оның ішінде етті, сүтті мал басын көбейтуге берілген субсидия көлемі артып, егіншілікті дамытуға қаржылай да, техникалық жағынан да демеу болып отыр.  Мәселен, былтыр ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бөлінген 1 млрд 130 млн теңгеге қажетті техника сатып алдық, – дейді Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев.