Қазір 16 жастағы Ернұр Исахаев Жылыой ауданындағы Шоқпартоғай ауылында тұрады. Осындағы №3 орта мектептің 10-сыныбында оқиды.
– Бұл жобаға келмей қалған ақындардың орнына қатысу үшін айтыскер Балғынбек Имашев шақырып еді. «Бағыңды сынап көр» деп ұсыныс айтты. Осыдан екі жыл бұрын әкемді еске алуға арналған айтысқа қатысқан едім. Ал мұндай мүмкіндік кейін қайталанбайтын шығар. Сол себептен, жобаға қатысудан бас тартпадым, – дейді Ернұр Исахаев.
Оның айтуынша, әкесі Салауат көзі тірісінде ұлын айтысқа шығармаған екен. Бәлкім, қанаты қатая түссін деген болар. Сөз өнерінің қадірін ұғындырып, шеберлігін шыңдар тәлім бергісі келген шығар. Дегенмен, айтыскер әкесінің жолын жалғастырғысы келген жас өреннің талабына Балғынбек Имашев қолдау білдірді. Сөйтіп, өзінің домбырасын сыйға тартты.
– Ақтық сындағы басты ерекшелік – айтыскерлердің шоу-бизнес жұлдыздарымен жұптаса өнер көрсетуі. Менің жұбым – әнші Ердос Қанаев. Көп жыл аудандық, облыстық байқауларға қатысып келемін. Енді міне, республикалық тележобада бас жүлдеге ие болдым. Мектеп бітірген соң Қазақ ұлттық өнер университетінде актерлік, шығармашылық бағытта жоғары білім алғым келеді. Әдебиет, тарих, математика пәндеріне ерекше қызығамын, – дейді Ернұр Исахаев.
Атырау облысы