- Зейнетақы жинақтарын жеке компаниялардың басқаруына аудару тетігі қандай? Компанияны кім таңдайды?
Зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына беру құқығын:
1) зейнетақы жасына жетпеген және «ең төмен жеткіліктілік шегінен» асатын зейнетақы жинақтары бар; не
2) өмір бойғы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шартын жасаған салымшылар қолдана алады.
«Ең төмен жеткіліктілік шегі», зейнетақы жинақтарының жеке басқарушыға аудару үшін жеткілікті сомасы туралы ақпарат және зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы деректерді БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы және салымшының Жеке кабинеті не eGov.kz сайтында және eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы алуға болады.
Салымшы инвестициялық портфельді басқарушылар тізбесімен және олар ұсынатын инвестициялық декларациялармен БЖЗҚ-ның интернет-ресурсында таныса алады, содан кейін өзінің инвестициялық мақсаттарына неғұрлым сәйкес келетін басқарушы компанияны таңдайды.
Зейнетақы жинақтарын жеке басқарушыға аудару мақсаттары үшін салымшы зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына аудару туралы өтінішпен БЖЗҚ-ға жүгінуі қажет. Өтінішті БЖЗҚ-ға жеке барып беруге не БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы арқылы электрондық түрде беруге болады.
БЖЗҚ салымшының жеке зейнетақы шотында жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарының не жасалған зейнетақы аннуитеті шартының бар-жоғын тексергеннен кейін 30 күн ішінде зейнетақы жинақтарының тиісті бөлігін (қалдығын) жеке компанияның басқаруына аударады.
Зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық Банктің басқаруында қала береді.
Әр салымшының зейнетақы жинақтарын жеке есепке алуды қамтамасыз ету мақсатында БЖЗҚ салымшылардың жеке зейнетақы шоттары бойынша өзінің ақпараттық жүйесінде жеке басқаруға берілген зейнетақы жинақтарын есепке алуды жалғастырады.
Осылайша, БЖЗҚ барлық зейнетақы активтерін бір орталықтан есепке алуды жалғастырады және салымшылардың жеке басқарушылармен өзара іс-қимыл жасауында «бірыңғай терезе» қызметін атқарады.
БЖЗҚ салымшылары өздерінің жинақтарын басқа басқарушы компанияға аудару не Ұлттық Банктің басқаруына қайтару құқығын сақтап қалады.
Зейнетақы активтерін инвестициялаудың ұзақ мерзімділігін ескере отырып инвестициялардан шыққан кезде салымшыларды инвестициялық кірісін жоғалтудан қорғау мақсатында зейнетақы жинақтарын бір басқарушы компаниядан басқа басқарушы компанияға аудару мүмкіндігі жылына 1 рет деп белгіленді. Салымшының зейнетақы жинақтарын жеке басқарушыға компанияға зейнетақы жинақтарын бергеннен кейін 2 жылдан кейін Ұлттық Банктің басқаруына қайтаруға болады.
- Жеке басқарушы компанияларға берілген зейнетақы жинақтарын салымшылардың алу мүмкіндігі бар ма?
Зейнетақы жинақтары азаматтардың зейнеткерлікке шыққан кезде кірістерін қамтамасыз етуге арналған, соған байланысты жеке басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына берілетін зейнетақы активтері зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінде сақталады және зейнеткерлік жасқа жеткен кезде кесте бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу, заңнамада көзделген өзге мақсаттар, оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделу үшін пайдаланылады.
Сонымен бірге жинақтарды жеке басқаруға беру кезінде түрлі инвестициялық стратегияларды пайдалану салымшылардың тәуекелдерін әртараптандыруға, неғұрлым жоғары инвестициялық кіріс алуға және, тиісінше, зейнетақы жинақтарының көбеюіне ықпал ететін болады.
Салымшы өзінің зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияға аударған кезде оның өз жинақтарын басқа басқарушы компанияға аудару не Ұлттық Банктің басқаруына қайтару құқығы сақталады.
- Инфляция деңгейі ескеріле отырып, жеке басқарушы компанияларға берілген зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілді беріле ме?
Салымшыларға өзінің зейнетақы активтерін басқаруға қатысуға, өзінің меншікті зейнетақы жоспарын қалыптастыруға, өзінің жинақ ақшасын инвестициялаудың балама саясатын таңдауға және тәуекел-дәрежесінің тиісті деңгейіне сәйкес келетін кірістілік алуына мүмкіндік беріледі.
Салымшы, өзінің зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін инвестициялық портфельді басқарушыны және инвестициялық стратегияны таңдай отырып,ы жинақтарын сеінмгерлік басқаруға беру үшін инвестциялық полртфледі абсщарушыны және ивнестицяолықұ стратегяины инвестициялық тәуекелдерді қабылдайды. Осыған байланысты, жинақтарды жеке басқаруға беру кезінде инфляцияның деңгейі ескеріле отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруға қабылданған зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылды.
Бағаланатын кезеңнің қорытындысы бойынша басқарушы алған кірістілік номиналдық пен зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі мәні арасында теріс айырма туындаған жағдайда, басқарушы салымшыға осы айырманы меншікті капиталының есебінен өтеуге тиіс болады.
Кірістіліктің ең төменгі деңгейі жеке басқарушы компаниялардың басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігінен есептеледі.
Зейнетақы активтері бойынша ең төменгі кірістілік пен орташа алынған кірістіліктің көрсеткіштері ай сайын есептеледі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында жарияланады.
- Зейнетақы жинақтарын бір басқарушы компаниядан басқасына жылына неше рет аударуға болады? Зейнетақы жинақтарын Ұлттық Банктің басқаруына қашан кері қайтаруға болады?
Зейнетақы жинақтарын салымшы жеке басқарушы компанияларға бере алады және олардың басқаруында салымшы зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін болуы мүмкін.
Салымшы зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін 10 күн бұрын жеке басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтары кесте бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, зейнетақы аннуитетін шартын жасау мақсаттары немесе заңнамада көзделген өзге мақсаттар үшін БЖЗҚ-ға қайтаруға жатады.
Бұл ретте бүкіл кезең ішінде салымшыларда өздерінің жинақтарын басқа басқарушы компанияға жылына бір реттен жиі емес аудару не зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияға бастапқы бергеннен кейін екі жыл өткен соң Ұлттық Банктің басқаруына қайтару құқығы сақталады. Мерзімдер бойынша шектеу басқарушылар үшін инвестициялық кеңістікті жоспарлау қажеттілігімен, сондай-ақ кірістіліктің қысқа мерзімді құбылуы кезінде салымшылардың өздерінің мүдделерін қорғаумен негізделді.
- Қаражатты басқарушы қорға беру кезінде табыс салығы салына ма?
Салымшы (алушы) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан біржолғы зейнетақы төлемін тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделу үшін ақы төлеу мақсатында ғана алады.
Салымшының өзінің зейнетақы жинақтарының бөлігін жеке басқарушы компанияға басқаруға аударуы біржолғы зейнетақы төлемін алуға жатпайды, себебі жеке басқаруға берілуге тиіс зейнетақы жинақтары БЖЗҚ жүйесінде қалады.
Осылайша, жеке басқаруға берілген зейнетақы активтерін жеке басқаруға беру сәтінде табыс салығы салынбайды.
- Жеке басқарушы компаниялар салымшылардың зейнетақы жинақтарын қайда салады? Басқарушы компаниялардың инвестициялық саясатына қандай да бір шектеулер бар ма?
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі басқарушы компаниялардың қызметін реттеу шеңберінде жеке басқарушы компаниялар басқаруға қабылданған зейнетақы активтерін олардың кредиттік сапасын ескере отырып инвестициялай алатын қаржы құралдарының тізбесін айқындады.
Бұл тізбе Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарын, қазақстандық, сондай-ақ шетелдік ұйымдар шығарған үлестік және борыштық мемлекеттік емес бағалы қағаздарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі және бейрезидент-банктердегі салымдарды қамтиды.
Портфельді әртараптандыру мақсатында зейнетақы активтерін: бір қаржы құралдары шығарылымына, бір ұйым және оның үлестес тұлғалары шығарған қаржы құралдарына, сондай-ақ шетел валютасында номинирленген қаржы құралдарына инвестициялау лимиттері белгіленген.
Бұл ретте зейнетақы активтерін инвестициялау стратегиясын инвестициялық портфельдің құрылымын, қаржы құралдарының түрлері бойынша инвестициялау лимиттерін және заңнамада белгіленген шектеулер шеңберінде зейнетақы активтерін әртараптандырудың басқа да нормаларын айқындайтын, бекітілетін инвестициялық декларация шеңберінде басқарушы компанияның өзі айқындайтын болады.
- Салымшының қаражатты жеке басқарушы компанияға аударған кезде оның қаражаты есебінен (валюта құралдарының үлесі, үлестік және борыштық құралдардың арақатынасы, географиялық және салалық әртараптандыру және т.б.) қалыптасатын портфельдің өлшемдерін реттеуге құқығы бар ма?
Жеке басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін басқаруы ұжымдық инвестициялау қағидаттарында жүзеге асырылады, яғни салымшы өзінің зейнетақы жинақтарын басқаруға бере отырып, басқарушы компания айқындаған, зейнетақы активтерін инвестициялау үшін арнайы әзірленген оның инвестициялық декларациясында белгіленген инвестициялық стратегиямен келіседі.
Басқарушы компанияның инвестициялық декларациясы инвестициялық портфельдің құрылымын, қаржы құралдарының түрлері бойынша инвестициялау лимиттерін және заңнамада белгіленген шектеулер шеңберінде зейнетақы активтерін әртараптандырудың басқа да нормаларын айқындайды.
- Басқарушы компанияларға зейнетақы жинақтарын басқаруға беру үшін қандай талаптар қойылады?
Зейнетақы активтерін басқарушылар инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы бар және өздерін тиімді басқарушы ретінде көрсеткен нарықтағы жұмыс тәжірибесі бар жұмыс істеп тұрған компаниялардан іріктелетін болады. Бұл компанияларға қосымша лицензиялар алу қажет емес.
Компанияны басқару зейнетақы активтерін басқару үшін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі белгілейтін қосымша сандық және сапалық өлшемдерге сәйкес келуі тиіс.
Басқарушы компанияда зейнетақы активтерін инвестициялауға байланысты шығындарды жабу үшін меншікті капиталының жеткілікті мөлшері болуы тиіс. Оның меншікті капиталының мөлшері оның басқаруындағы зейнетақы активтерінің көлеміне байланысты.
Басқа негізгі өлшемдердің ішінде клиенттердің активтерін басқару тәжірибесінің және соңғы бірнеше жылдың қорытындылары бойынша қаржы-шаруашылық қызметтің оң нәтижелерінің болуын, сондай-ақ меншік иелерінің құрылымында қажет болған жағдайда компанияны капиталдандыруға қабілетті ірі акционердің болуын бөліп көрсетуге болады. Бұдан басқа, зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат беру үшін басқарушы компанияның қызметінде пруденциялық нормативтерді бұзу фактілері, орындалмаған қадағалап ден қою шаралары не Агенттік тарапынан қолданылған санкциялар, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында жосықсыз әрекет ету фактілері болмауы тиіс.
Сандық және сапалық өлшемдерге жауап беретін компаниялардың тізімі Агенттіктің ресми интернет-ресурсында орналастырылады және ай сайынғы негізде жаңартылады.
Компаниялар сапалы және/немесе сандық өлшемдерді бұзған жағдайда, мысалы, меншікті капитал мөлшерін азайту жағдайында компанияларға кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі және қажет болған жағдайда қолданыстағы қадағалап ден қою шаралары немесе санкциялар қолданылады.
- Зейнетақы активтерінің бір бөлігін басқарғысы келетін басқарушы компаниялар үшін қандай комиссия белгілеу жоспарлануда? Немесе бұл кейбір факторларға (қандай факторлар?) байланысты бола ма?
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы заңының 53-бабында белгіленген зейнетақы активтерін басқарғаны үшін инвестициялық портфельді басқарушының комиссиялық сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық кірістің 7,5%-нан аспайтын шекте белгіленеді.
Комиссиялық сыйақының нақты шамасы инвестициялық портфельді басқарушы мен БЖЗҚ арасында жасалған зейнетақы активтерін басқару туралы шартта белгіленеді.
- Салымшы мен жеке басқарушы компания арасында дау туындаған жағдайда салымшылардың мүдделерін кім қорғайды? БЖЗҚ, Ұлттық Банк немесе Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ме?
Зейнетақы активтерін басқарушы компаниялар басқарушы мен БЖЗҚ арасында жасалатын шарт негізінде салымшылардың мүдделерін қорғайтын ұйым ретінде басқаратын болады. Шарттың үлгілік нысаны Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің нормативтік құқықтық актісімен анықталады.
Шартқа сәйкес БЖЗҚ салымшылардың мүдделерін білдіретіндігін ескере отырып, олардың мүдделерін қорғауды да БЖЗҚ жүзеге асыратын болады.
Өз кезегінде Ұлттық Банк пен Агенттік өз құзыреті шегінде салымшылардың мүдделерін қорғайды.
- Жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға берілген салымшылардың зейнетақы жинақтары қайда және қалай сақталады және есепке алынады? Басқарушы компания лицензиясынан айырылған не таратылған жағдайда салымшылардың активтері не болады?
Сенімгерлік басқаруға берілген зейнетақы активтерін есепке алу және сақтау басқарушы компаниямен үлестес емес кастодиан банкте ашылған БЖЗҚ шотында жүзеге асырылады.
Кастодиан банктің негізгі міндеттерінің бірі зейнетақы активтерінің мақсатты пайдаланылуын және зейнетақы активтері есебінен сатып алынатын қаржы құралдарының заңнама талаптарына және басқарушы компанияның инвестициялық декларациясына сәйкестігін бақылауды жүзеге асыру болып табылады.
Салымшылардың әрқайсысының зейнетақы жинақтарын жеке есепке алуды қамтамасыз ету мақсатында БЖЗҚ салымшылардың жеке зейнетақы шоттары бөлігінде өзінің ақпараттық жүйесінде жеке басқаруға берілген зейнетақы жинақтарын есепке алуды жалғастырады.
Басқарушы компания өзінің зейнетақы активтерін ішкі есепке алу жүйесінің деректерін кастодиан банктің және БЖЗҚ деректерімен сәйкестігіне кастодиан шартында белгіленген кезеңділікпен (күн сайын, апта сайын және ай сайын) үш жақты салыстыруды жүргізетін болады. Бұл кастодиан шартының әрбір тарапының зейнетақы активтерін есепке алудың ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді және сәйкесінше салымшылардың зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Басқарушы компания лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған немесе лицензиядан айырған жағдайда, кастодиан банкте сақтауда тұрған зейнетақы активтері БЖЗҚ-ның Ұлттық Банктегі кастодиан шотына қайтарылады.