Коронавирус • 27 Қаңтар, 2021

Марат Шоранов халықты COVID-19-ға қарсы вакцинациялау тәртібін түсіндірді

194 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2021 жылғы 1 ақпанда басталатын халықты коронавирус инфекциясына қарсы  вакцинациялау тәртібі жайлы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Марат Шоранов халықты COVID-19-ға қарсы вакцинациялау тәртібін түсіндірді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылғы ақпаннан Қазақстан Республикасында халықтың вакцинациялауға жататын топтарына коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинация басталады деп жоспарланып отыр. Вакцинация вакцинаның жеткізілуін және халықтың әртүрлі топтарының эпидемиологиялық маңыздылығын ескере отырып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде, яғни ақпаннан медицина қызметкерлері, инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық жәрдемнің қызметкерлері егу салдырады. Екінші кезеңде наурыздан бастап педагог, күш құрылымдарының қызметкерлері, сәуірден бастап студенттер вакцина салдырады. Алайда, вакцинация 18 жасқа толмаған балаларға ұсынылмайды, себебі вакцинаны бұл жас ерекшелік тобында қолдану әлі зерделенбеген.  Вакцинаны тек ҚР кәмелетке толған азаматтары ғана ала алады. 6 млн адамды қамти отырып, жыл соңына дейін КВИ-ға қарсы вакцинациялау жалғасады деп жоспарлануда.

«Вакцинация профилактикалық егуге қарсы көрсеткіші жоқ адамдарға рұқсат етіледі. Вакцинация жүргізер алдында дене температурасын өлшеу, эпидемиологиялық анамнезді жинау, сатурацияны, жүрек жиырылуының жиілігін, артериялық қысымды өлшеу, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялау және жұтқыншақты тексеру арқылы дәрігер міндетті түрде тексеру жүргізеді. Егер температура 37°C-тан жоғары болса, вакцинация кейінге қалдырылады. Егілетін адам егуді жүргізу алдында 2018 жылғы 13 маусымдағы  № 361 Санитариялық қағидаларға сәйкес нысан бойынша ерікті түрде жазбаша ақпараттандырылған келісімге немесе профилактикалық егуді жүргізуден бас тартуға қол қояды», деді М. Шоранов.

Бірінші кезеңде Қазақстанда «Спутник V» вакцинасы қолданылады. Ақпан айының басында – 20 мың дозаға дейінгі көлемде ресей өндірісінің  «Гам-Ковид-ВАК» (Спутник V) бірінші партиясы әкелінеді деп күтілуде, ҚР аумағына бір жолғы әкелу жолымен осы партияны жеткізуге Ресей тарапымен тиісті келіссіөздер бар.

15 ақпаннан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешені өндірісінің «Спутник V» вакцинасы тіркелетін болады. 

«Қазірдің өзінде 90 мың доза көлемінде бірінші партияның өндірісі басталды, ол 26 ақпаннан бастап Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына және одан әрі өңірлерге жөнелтілетін болады. Кейіннен шілде айына дейін өндіріс көлемі 2 млн дозаға дейін жеткізілетін болады. Алдын ала деректер бойынша аталған вакцинаның тиімділігі шамамен 92%-ды құрайды», деді Бірінші вице-министр. 

Отандық «КазКОВИД-ин»-і бірінші кезеңде шамамен 2 млн доза көлемінде күтілуде. COVID-19 қарсы белсенділігі жойылған отандық QAZCOVID-IN вакцинасының әзірлеушілері ҚР БҒМ «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты».

Вакцинада белсенділігі жойылған вирус және зиянсыз адъювант негізге алынған, бұл технология уақытпен тексерілген және А гепатитіне, менингококк инфекциясына, тұмауға, іш сүзегіне, кене энцефалитіне және т. б. инфекцияларға қарсы бұрыннан қолданылған вакциналарды өндіруде пайдаланылады.

QazCovid-in вакцинасын COVID-19-ға қарсы клиникалық зерттеудің I және II фазаларының нәтижелері бойынша жақсы төзімділік пен қауіпсіздік байқалды. Бірлі-жарым жағдайларда вакцина енгізілген жерде қызару, аздап ашыту, шаншу байқалды, бұл организмнің иммундық жүйесінің енгізілген вакцинаға реакциясы болып табылады. Бұл белгілер зерттеу хаттамасында күтілетін құбылыс ретінде қарастырылған.

Биыл 11 қаңтар күні еріктілерді жинау аяқталды және 3000 адам егілді. Қазіргі уақытта зерттеуге қатысушыларға динамикалық бақылау жүргізілуде.

Зерттеудің барлық субъектілеріне салықтарды шегергенде 200 мың теңге мөлшерінде сыйақы және зерттелетін вакцинаны қолдану салдарынан зерттеу субъектісінің денсаулығына зиян келтірілген жағдайда денсаулықты сақтандыру көзделген.

Зерттеулер аяқталмағанына және ақпараттың құпиялылығына байланысты зерттеу нәтижелерін әзірлеушілер зерттеу аяқталғаннан кейін ұсынады,-деді М.Шоранов. 

Вакцинациядан қорғаныш әсері бірінші дозаны енгізгеннен кейін 12 күннен кейін біліне бастайды, бірақ толық иммунитет қалыптастыру үшін екі доза қажет, оларды 19 күннен 23 күнге дейінгі аралықпен енгізу ұсынылады. Вакцина организмнің иммундық реакциясын тудырады. 

«Иммундық жүйе вирусты таниды антиденелер пайда бола бастайды – аурумен күресу үшін пайда болатын ақуыздар, вирусты есте сақтайды және егер вирус қайтадан денеге енсе, онда иммундық жүйе дереу әрекет етеді де оны жояды, оның көбеюіне және аурудың тудыруына жол бермейді»,-деді М.Шоранов. 

Бүгінде  КВИ-ға қарсы вакцинацияға дайындық бойынша шаралар қабылдануда. Егу пункттерінің дайындығын тексеру жүргізілуде. Денсаулық сақтаудың барлық деңгейлерінде (мұздатқыштар, термоконтейнерлер сатып алу) салқын тізбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Профилактикалық егулерді жүргізу, вакцинаны тасымалдау және сақтау кезінде салқын тізбек шарттарын сақтау мәселелері бойынша стандартты операциялық емшаралар бекітілді.

КВИ-ға қарсы вакцинация  тәсілі және вакцинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. Каскадты оқыту  жалғасады және оны 2021 жылғы 28 қаңтарға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының иммундық мәртебе туралы ақпараты бар QR – кодты енгізу мәселесін пысықтау жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде және жүйелендірілген есепке алу мақсатында вакцинациялаудың электрондық паспорты әзірленді. Вакцинация жүргізу туралы деректер Министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электрондық форматта жүргізілетін болады. Бұл вакциналанған адамдардың санын есепке алуға және вакцинация көлемін жоспарлау және сырқаттанушылықты болжау үшін болашақта халықтың иммундық мәртебесін қадағалауға мүмкіндік береді. Веб-қосымшада пациент пен медицина қызметкерінің m-gov мобильді қосымшасында ақпаратты қолмен енгізуге болады.  

«Чиптеу» туралы сұрақтардың қойылатынын алдын ала біле отырып,  бұл осындай фэйкті жариялайтын вакцинациялауға қарсыластардың негізсіз мәлімдемесі екенін атап айтамын. Сондай-ақ, қазірдің өзінде вакцинация басталғанға дейін вакцинациядан кейінгі қолайсыз көріністер туралы жалған ақпарат таратылып жүр,  сондықтан, жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік (3000 АЕК-тен 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру) көзделгенін еске салғым келеді, деді Бірінші вице-министр. 

- БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Вакцинация рәсімдері мен жиі қойылатын сұрақтарға жауаптары көрсетілген инфографикалар мен үлестірме материалдар әзірленді. Денсаулық сақтау министрлігінің 1406 бірыңғай колл орталығы және өңірлердегі МСАК ұйымдарының колл орталықтары КВИ-ға қарсы вакцинация жүргізу рәсімдері бойынша сұрақтарға жауап беруге дайын болады. Сонымен қатар, вакцинаға қатысты негізсіз дүрлікпей, шыдамдылық пен түсіністік танытуды сұраймын, - деді ол.