Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс», деп бүгін мен келешекте атқарар істердің нақты бағыт-бағдарын айқындап берді. Осы үдеден қазірдің өзінде шыға бастаған іргелі білім ордаларының бірі емес, берегейі деп «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» қоғамдық қорына қарасты оқу мекемелері десек, артық айтқандық емес. Ендігі жерде біз осы білім орындары туралы оқырмандарға мәлімет бере кетсек дейміз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс», деп бүгін мен келешекте атқарар істердің нақты бағыт-бағдарын айқындап берді. Осы үдеден қазірдің өзінде шыға бастаған іргелі білім ордаларының бірі емес, берегейі деп «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» қоғамдық қорына қарасты оқу мекемелері десек, артық айтқандық емес. Ендігі жерде біз осы білім орындары туралы оқырмандарға мәлімет бере кетсек дейміз.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» қоғамдық қоры Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен 1998 жылдың 15 желтоқсанында құрылды. Қордың мақсаты – Қазақ елінің оқу жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкес дамытуға қолдау көрсету, әлемдік білім кеңістігіне біртіндеп ену. Бірегей Қор басшылығымен Алматы және Астана қалаларында халықаралық «Мирас» мектептері, Алматы халықаралық мектебі, Астана қаласында «Мирас» балалар бақшасы, мамандандырылған «Арыстан» лицейі белсенді қызмет етуде.
Қор мектептері барлық үш деңгей бойынша Халықаралық бакалавриаттың білім беру бағдарламалары авторизациясынан ойдағыдай өткен. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдардың аккредитациясынан да жоғары баға алған. Қор мектептеріне 2012 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен халықаралық мектеп мәртебесі беріліпті.
Мамандандырылған «Арыстан» лицейі – қордың әлеуметтік жобасы, ол қайырымдылық негізде жүзеге асырылады. Лицейге қабылдау кезінде басымдылық нашар және көпбалалы отбасыларынан шыққан балаларға берілетінін айта кетуді парыз санаймыз. 2007 жылы Ақтау қаласында Маңғыстау облысы әкімдігімен, Kvaerner Caspian Fabrication норвег өндірістік компаниясымен және RKK-мен бірлестікте Ақтау тренинг орталығы (АТО) құрылды. Оның қызметі мұнай-газ саласы үшін халықаралық стандарттарға сәйкес жұмысшы мамандарын дайындау және сертификаттауға бағытталған. Қазіргі таңда Алматы және Атырау қалаларында екі инновациялық «Мирас» балабақшаларын салу жұмысы жүріп жатыр.
Қоғамдық қор филиалы – Астана қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебі 1999 жылдың қыркүйегінде ашылды. Мектептің білім беру бағдарламасының басты ерекшелігі оқушылардың зерттеу және пәнаралық жобалау іс-әрекетін ұйымдастыру болып табылады және заманауи білім беру тұжырымдамасының негізгі үш қағидасын: біртұтас оқыту, коммуникативтік құзыреттілік пен мәдениетаралық хабардарлығын қалыптастыру ұстанымдарын басшылыққа алады.
Мектеп түлектері жыл сайын Бірыңғай ұлттық тестілеу қорытындысы бойынша тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Бітірушілер Алматы және Астана қалаларындағы жоғары оқу орындарында, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Швейцария, БАӘ, ҚХР, АҚШ, Чехия елдеріндегі жоғары оқу орындарында білім алуда. Ал Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебі де 1999 жылы отандық және халықаралық білім беру тәжірибелерін кіріктіретін инновациялық білім беру моделін құру мақсатында ашылды. Қазіргі уақытта мектеп Қазақстандағы екі халықаралық мектептің бірі және Халықаралық бакалавриаттың (IB) барлық үш деңгейі: бастауыш (РУР), негізгі (МУР) және жоғары (DP) мектеп бағдарламалары бойынша авторизациядан өткен әлемдегі 3462 білім ұяларының арасында 203-ші орында тұр. Осының өзінен-ақ бұл білім ордасының қарым-қабілетінің қандай екенін көру қиын болмаса керек.
Алматы қаласындағы Халықаралық мектеп (АХМ) 2000 жылдан бастап «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру Қоры» қоғамдық қорының филиалы болып табылады. Мектеп тұлғаның өзін өзі дамытуына және өзін өзі көрсете алуына жағдай жасап отырады. Мектеп ерекше әдістемелік орталық деуге болды. Оның базасында республика және қала мұғалімдері үшін оқыту семинарлары, конференциялар өткізу дәстүрге айналған.
Ендігі әңгіме желісін жоғарыда айтқан «Арыстан» лицейіне қатысты өрбітер болсақ, бұл мектеп әскери тәртіпке құрылған, физика, математика, информатика, ағылшын және қазақ тілдерін тереңдетіп оқытатын интернат типті мемлекеттік емес орта білім беретін оқу орны. Лицей 2011 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Лицейде Қазақстанның барлық өңірінен келген 9-11 сыныптардың ер балалары оқиды. Мектепке қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады. Оқушылардың білім алуы және жатып оқуы үшін Алматы қаласының төңірегіндегі Іле Алатауының бөктерінде заманауи талапқа сай кешен салынған. Әскери тәртіп, әскери іс негіздерін тереңірек меңгеруді қамтамасыз ететін мамандандырылған оқыту бағдарламасы темірдей тәртіптілікте, ұйымшылдықта және өзіне деген сенімділікті бойларына дарытып, ойларына қондыруға негізделген. Ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Арыстан» лицейінде болған еді. Мемлекет басшысы лицейліктердің ант қабылдауына байланысты салтанатты іс-шараға қатысып, оқу орнының жұмысына жоғары баға берді.
Астана қаласындағы «Мирас» балабақшасы туралы әңгіме қозғасақ, 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Балаларды тәрбиелеу және оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүреді. Білім беру қызметінің басты ерекшеліктері: баламен жеке жұмыс жүзеге асырылады; білім беру процесін ұйымдастырудың инновациялық формалары қолданылады; негізгі сабақтар зерттеу және үйірме жұмыстарымен үйлестіріледі; әрекеттің әр түрі кіріктіріле қолданылады; т.б.
Халықаралық бизнес университеті (UIB) 1992 жылы құрылған, бакалавриат, магистратура, докторантура (PhD), сондай-ақ, MBA және DBA бағдарламаларының көмегімен бизнес-білім бойынша экономикалық, техникалық және гуманитарлық салалардың мамандарын дайындайды.
Халықаралық Бизнес университеті (UIB) ҚР Білім және ғылым министрлігінің аттестациясынан және ғылыми ұйым ретінде ғылыми және ғылыми-техникалық әрекетке қатысу үшін аккредитациядан өткен. UIB Білім беру сапасын қамтамасыз етудегі қазақстандық тәуелсіз агенттіктен (БСҚА), «Қаржы және экономика» білім беру бағдарламалары бойынша Австриялық сапа жөніндегі агенттіктен (AustrianQualityAgency-AQA) аккредитацияланған.
UIB студенттер мен оқытушылардың академиялық мобильділігіне, сондай-ақ екі дипломдық білім беру бағдарламалары бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселесіне байланысты серіктес жоғары оқу орындарымен меморандум жасаған. Университет серіктестері арасында: Ақпараттық жүйе және менеджмент институты (Латвия, Рига), Ян Амос Коменский университеті (Чех Республикасы, Прага), Шығыс-Қытай Политология және құқық университеті (Шанхай), Халықаралық жоғары бизнес мектебі (Мәскеу) бар.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті – Қазақстандағы алғашқы IT университет. 2009 жылдың сәуірінде Елбасы тапсырмасына сәйкес ашылған. Төрт жыл ішінде оқу орнының студенттері олимпиадаларға, жарыстарға, инновациялық көрмелерге белсенді қатысып, жүлделі орындардан көрініп отырғанынан хабардармыз. Халықаралық IT университеті салалық технологиялардан ғана емес, озық менеджменттен, экономикадан білімі бар, коммуникативті дағдылармен және ағылшын тілінен терең біліммен қаруланған жаңа буын мамандарын дайындайды.
Білім қоры халықаралық ұйымдармен, Қазақстан Республикасындағы шетел өкілдіктерімен, мектептермен және университеттермен ынтымақтастықта жұмыс жасайды.
Қордың даму перспективаларына келетін болсақ бірінші – инновациялық білім беру ұйымдарының желісін кеңейту; екінші – филиалдарының оқыту инфрақұрылымдарын дамыту; үшінші – Отанымыздағы жоғары білім саласында инновациялық білім беру жобаларын дамытуға қолдау көрсету; төртінші – таяу және алыс шетелдердегі халықаралық мектептермен және университеттермен, білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық аясын кеңейту; бесінші – еліміздегі және ТМД мемлекеттерінің білім беру жүйесінде Қордың халықаралық мектептерінің іс-тәжірибесін тарату.
Бір сөзбен айтқанда, қор заман талабына сай жас ұрпаққа білім беріп отырған бірден-бір мекемелер желісі деп айта аламыз.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».