Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бір сөзбен айтқанда, заңға қайшы әрекет көп. Жалпы, облыс бойынша білім саласында серпінді әрекеттен гөрі, сыбайластық басым болуда. Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп, аймақтың білім саласындағы бірқатар заңсыздықты анықтаған. Мұндай жағдай, әсіресе, аудандардағы мектептер мен балабақшаларда көп орын алған.
Соңғы екі жыл ішінде, яғни 2018-2020 жылдар аралығында білім саласында 34 қылмыстық іс тіркеліпті. Мәселен, 2018 жылы Жамбыл ауданы білім бөліміне қарасты Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің директорына, Жамбыл аудандық білім бөліміне қарасты «Нұршуақ» балабақшасының меңгерушісіне, аталған ауданның Қостөбе ауылдық округі аппаратының «Жансая» балабақшасының меңгерушісіне және Байзақ аудандық білім бөліміне қарасты «Жансая» балабақшасының меңгерушісіне, аталған аудандағы «Дәулет» балабақшасының меңгерушісіне қатысты қылмыстық істер анықталған. Ал 2019 жылы сыбайлас жемқорлық сипатындағы 15 қылмыс тіркелген. Аталған келеңсіздіктер өңірдің Жуалы, Байзақ, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Шу аудандарындағы бірқатар мектептер мен балабақшаларда, сондай-ақ өзге де білім беру нысандарында орын алған.
Бұл жерде аталған аудандардағы бірқатар білім беру мекемелерінің басшыларымен қатар, кейбір мекемелердің есепшілерінің де қатысы болып отыр екен. Сонымен қатар былтыр облыстық білім басқармасына қарасты «Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығының» директорына, Шу аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысына және аталған бөлімнің бірқатар есепшілеріне, Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысына, Меркі аудандық білім бөлімінің бас маманы – аудандық қорғаншылық және қамқоршылық кеңесінің хатшысы сияқты лауазымды тұлғаларға қатысты да 14 қылмыстық іс тіркелген.
«Жоғарыдағы көрсетілген қылмыстарға талдау жүргізетін болсақ, білім саласында орын алған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ішінде жұмысқа қабылдау үшін алынатын пара, одан кейінгі кезекте мемлекеттік сатып алуға және қызметкерлерге артық ақша төлеуге байланысты мемлекет қаражатын жымқыру деректері бірінші орында тұр. Сонымен қатар кейбір аудандық білім бөлімдерінде бір жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстарының әртүрлі деректері бірнеше рет тіркелген. Яғни аудандық білім бөлімдеріне қарасты бірнеше мекеме қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Мұндай жағдайды, әсіресе, Жуалы және Мойынқұм аудандарының білім бөлімдерінен байқауға болады», дейді «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисінің басшысы Назима Дәрменқызы.
Сонымен қатар жұмысқа орналасу, ақша жинау мәселелері бойынша да Тараз қаласындағы №32, №34, №43 және №53 мектептерде сауалдама жүргізілген. Аталған білім ошақтарында кейбір қызметкерлер ақша жинау дерегі кездесетінін айтса, кейбірі ішінара, ал кейбірі мүлде кездеспейді деп жауап берген. Сол сияқты бірқатар мұғалім жұмысқа орналасу үшін ақша бергенін айтса, енді кейбірі таныс арқылы жұмысқа орналасқанын жеткізген. Тараз қалалық білім бөлімінің мәліметі бойынша соңғы 6 айда әртүрлі санаттағы 783 қызметкер қала мектептеріне жұмысқа қабылданған. Тәртіп бойынша мектепке бос ваканттық орынға қызметкер алу үшін міндетті түрде бос орын туралы хабарландыру қажет екен. Мәселен, қаладағы №3 мектеп соңғы жарты жыл уақытта 22 мұғалім, 6 техникалық қызметші және 1 есепші лауазымындағы адамдарды жұмысқа қабылдаған. Алайда аталған білім ошағы ешқандай орын бойынша хабарландыру бермеген. Сондай-ақ №34 мектепте жалған қызметкерлер анықталған. Яғни аталған білім ошағында электрик қызметіне қабылданған азаматтың бұдан бөлек өнеркәсіптік ауқымда күн және жел электр стансаларын жөндеумен, техникалық қызмет көрсетумен әрі пайдаланумен айналысатын ECAP Services Kazakhstan компаниясында 2015 жылдан бері вахталық әдіспен жұмыс істейтіндігі анықталған. Бірақ он бес күн бойы жұмыста болмағанына қарамастан, қызметкердің уақытты есептеу табеліне 7 сағаттық жұмыс уақыты толық деп көрсетілген. Мектептің директоры мен есеп бөлімі 15 күн бойы Жуалы ауданында жұмыста болған адамға толық жалақы төлеген. Мұндай жағдай барлық айда қайталанып келген. Сол сияқты аталған мектептің медбике және психолог қызметкерлерін жұмысқа қабылдағанда да осындай жағдай орын алған. Алайда медбикенің Тараз қалалық №6 емханада, ал психологтың облыс орталығындағы «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында» жұмыс істейтіндігі анықталған.
«Көрсетілген фактілердің барлығы қазіргі таңда мектеп қабырғасында сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрғанын көрсетеді. Осыған орай облыстық білім басқармасына анықталған барлық фактілер бойынша тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жауапты қызметкерлерге шара қолдануды ұсынамыз», дейді Назима Дәрменқызы. Келтірілген деректерге зер салсақ, өңірде білім саласын сыбайластықтың жайлағаны көрінеді. Мемлекеттің мекемесін өз меншігіндей билеп-төстейтін басшылар да жетерлік. Қазына қаржысына қол салу, қосымша жұмысы бар адамдарды қызметке қабылдап, оған толық айлық жазу және басқа да кемшіліктер қазіргі кезде білім саласының көкейкесті мәселесіне айналып отыр. Мұны, әрине, бір күнде тоқтату да мүмкін емес.
Біз аталған деректердің мән-жайын білу үшін облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергеновамен кездескенімізде, ол бұл мәселе бойынша зерделеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ бос орындар бойынша ешқандай хабарландыру бермей-ақ 29 адамды жұмысқа қабылдап жіберген №3 мектеп директорына сөгіс беріліпті. Ал өзге мекемелерде жұмыс істеп жүрген адамдарды жұмысқа алған №34 мектеп директорының мәселесі істің заңдылығын тексеру үшін прокуратураға жолданды. Сонымен қатар өңірдің бас педагогі егер облыстағы білім ошақтарында қандай да бір заңсыздық орын алса, оның басшыларының жазасыз қалмайтынын жеткізді.
«Қоғамда мектеп директорларының жұмысқа қабылдау үшін ақша сұрайтыны жиі айтылады. Бірақ ақша бергені туралы нақты бізге ешкім шағымданған жоқ. Егер осындай жағдай орын алып, директордың кінәсі дәлелденсе, оны қызметінен босатамыз. Өзге де жағдайлар бойынша шаралар қолданылады», дейді Г.Ходжабергенова. Әрине, кінәлі басшылар тиісті жазасын алар. Бірі сөгіс арқалап, бірі қызметінен босатылар. Бірақ тұтас ұлттың болашағын тәрбиелейтін, оқытатын білім саласының өзегінде жемқорлық дейтін жегі құрт болса, бұл да қоғамның, адамның дамуын тежейтін кеселдің бірі бола бермек.
Мектеп ешкімнің жекеменшігі емес. Білім ошағының басында отырған әр адам таза әрі әділ жұмыс істеуге міндетті. Егер осындай жағдайлар қайталана беретін болса, салаға деген сенімсіздік, мамандыққа деген құрметсіздік артуы мүмкін. Бұл ретте мемлекет сеніміне селкеу түсірмей, ұрпаққа білім беру міндетін мойнына алған әрбір азаматтың адал болуы маңызды дер едік.
Жамбыл облысы