Қоғам • 28 Қаңтар, 2021

Бала дамуына бап керек

319 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бала – біздің болашағымыз. Бола­ша­ғымыз жарқын болуы үшін бал­дыр­ған­дар­дың бақытты балалық шағын қам­та­масыз ету маңызды. Бүгінде баланың алаңсыз білім алуына, дүниетанымын, қарым-қабі­летін дамытуға жағдай жасау және қо­лай­лы қоршаған орта қа­лыптастыру бола­шақ­­қа салынған тиімді инвестиция ретінде ба­ға­ланады. Өкінішке қарай, бұл игіліктен балдырғандардың көбі құр қалып жатады.

Бала дамуына бап керек

Тіпті мектеп жасына дейінгі балалардың біразы дұрыс білім алмақ түгіл, қалыпты өмір сүру үшін тырбанады. Осы жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында білім беру жүйесіндегі олқылықтарға тоқталғанда айтты. «900 мыңға жуық бала 11 мың мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиеленуде. Оның 36 пайызында кәріз жүйесі жоқ. 29 па­йызы ыстық сусыз және 11 пайызында талапқа сай дәретхана қарастырылмаған. Шындығына келсек, балаларымыздың едәуір бөлігі өмірі­нің алғашқы алты жылын өмір сүру үшін арпалысумен өткізетіндей. Әкімдердің назарын осы күрделі мәселеге аударғым келеді. Мұндай жағдайда бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру жөнінде айтудың өзі қиын. Мектепке дейінгі ұйымдардағы кезек мәселесі де әлі шешілмеген. 1-ден 3 жасқа дейінгі балаларды қамту үлесі төмен деңгейде. Небәрі 48 пайыз. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, аталған проблемаларды шешу жөнінде кешенді жоспар әзірлеуді тапсырамын. Ол балаларды ерте жастан дамыту жүйесін, мектепке дейінгі оқытудың балама нысандарын құру, мектептен тыс қосымша білім беруде ваучер міндеттерін және басқа да мәселелерді қамтуға тиіс», деді Президент.

Расында, бәсекеге қабілетті ұлт қалып­тас­тыру білімді, зейінді ұрпақ тәрбиелеу­ден басталады. Бұл үшін ел ертеңі – балаларды ерте жастан дамытуға басымдық берген жөн. Әсіресе, үш жасқа дейінгі балалардың білім алуын естен шығаруға болмайды. Бұған Мемлекет басшысы ерекше мән беріп, үш жасқа дейінгі балдырғандардың мектепке дейінгі біліммен қамтылуы небәрі 48 пайызды құрайтынын айтып отыр. Шынын айтқанда, балабақшадағы орынның кезегі келгенше, балалардың көбі үш жастан асып кетеді. Оның үстіне елдегі мектепке дейінгі ұйымдардың көбінде үш жасқа дейінгі балаларға арналған топтар жоқтың қасы. Ал ата-аналардың күнкөріс қамымен жұмысқа ерте кірісіп, аузынан ана сүті кеппеген, белінен бесік табы кетпеген, әлі есі кіре қоймаған баласының тәрбиесін ескерусіз қалдырып қоятын жағдайлары кездеседі.

Баланың еркін ойлы, өзіне сенімді болып қалыптасуына айналасындағы дүниенің ықпалы зор. Жоғарыда айтқандай, кәріз жүйесінің, ыстық судың, талапқа сай дәретхананың болмауы бала түгіл, ересек адамдардың өзін еркін, жайлы сезінуіне кері әсер етеді. Адам – өзін қоршаған ортаның жемісі. Қоршаған орта тек адамдар ғана емес, айналамыздағы кеңістік: үй мен мектеп, киім мен тамақ, тыныстайтын табиғат, сіңіретін ақпарат. Баланы тәрбиелеу үшін қажет нәрсенің бәрі бар орта ата-аналарға салауатты дағдыларға назар аударуға мүмкіндік береді. Үйдің маңайындағы мектеп, спорт алаңдары, түрлі шығармашылық үйірмелері – бәрі балаға өзіне ұнайтын бағытты таңдауына, соған дағдылануына мүмкіндік береді. Ынтаңды оятатын мұғалім, жігеріңді жанитын спорт жаттықтырушысы, тіпті тату-тәтті көршілер баланың ізгілікті қоғамда дамуына жағдай жасайды.

Кеңістік демекші, жақында «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқыланды. Соның ішінде жұрттың көбі әр балаға үйде арнайы шақталған шаршы метр кеңістігі болуы керек екені жайлы бапқа қатты қынжылыс білдірді. Өркениетті елдердегі бұл өлшемнің біздің дәстүрлі өмір сүру салтымызға сәйкес келмейтіні көп қозғалды. Дегенмен сол озық елдермен тереземізді теңестіргіміз келсе, біз де сол қоғамның адамдарындай өмір сүруге тырысуымыз керек-ақ. Яғни жұрттың баласындай біздің де баламыздың жеке кеңістігі, қауіпсіз қамқор ортасы, таңдау еркіндігі болғаны, заманға сай білім алғаны дұрыс. Айталық, дүние жүзі бойынша бақытты елдер рейтингісін (World Happiness Report) түзгенде ең бастысы, қоршаған ортаға ерекше мән беріледі екен. Бұл – әлеуметтік, қалалық және табиғи орта. Бақыттың көрсеткішін анықтайтын алты фактордың төртеуі әлеу­мет­тік ортаның әртүрлі аспек­тілерін білдіреді. Оларға сенім артуға болатын адам, өмірдің негізгі шешімдерін қабылдауда еркіндік сезімі, жомарттық пен сенім кіреді. Қазақстан БҰҰ-ның былтырғы бұл бақытты елдер рейтингінде 50-орынға тұрақтады.