Коронавирус • 28 Қаңтар, 2021

Екпе салу – қауіптің алдын алу

688 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Байыбына бармай жатып, екпе салдырмаймын деп байбалам салып жатқандар жетерлік. Жалпы алғанда, қазақстандықтардың 56 пайызы екпе салдыруға қарсы емес. BISAM Central Asia әлеуметтік және маркетингтік зерттеу орталығы жүргізген сауалдаманың нәтижесі осындай. Ал қалған пайызы бұл сұраққа жауап беруге қиналған.

Екпе салу –  қауіптің алдын алу

Сондай-ақ Gallup Interna­tional қауымдастығы сұрақ-жауап жүргізген 47 елде респон­дент­тердің 67 пайызы егер вакцина сапалы әрі тиімді болса, екпе егуге дайын екенін айтыпты. Ал 26 пайызы қарсы, 7 пайызы жа­уап бермеген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мақсаты – осы дертті түбегейлі жою. Әлем бойынша 42 мемлекет коро­на­вирусқа қарсы вакцинаны қабыл­дауға шешім қабылдап отыр. Ал ТМД мемлекеттері арасында әзірге Ресей мен Беларусь ше­шім қабылдады. Бұл шараға Қазақ­стан биыл ақпан айынан бас­тап қосылады. ДДҰ мәліметіне сүйен­сек, осы уақытқа дейін дүние жүзі бойынша 95 млн 612 мың адам ауырған, оның ішінде 2 млн-нан астамы өлім-жітім жағ­дайымен аяқталған. Вакцина егу­дің ең басты мақсаты – өлім-жі­тім жағдайына жеткізбеу, ауру­дың алдын алу.

Екпе 18 жастан асқан адам­дар­ға арналған. Заңға сәйкес, вак­цинадан кез келген азаматтың бас тартуға құқығы бар. Екпе ал­дында дәрігер пациентті мін­детті түрде тексереді. Қандай да бір ауру түрлері байқалса, сауық­қанға дейін шегеріледі. Сон­дай-ақ әр адам вакцинаның құра­мы мен өндірушісі туралы ақпа­ратпен танысуға құқылы. Қазір тұрғындарға екпе салудың электронды паспорты әзірленген. Де­ректер Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйе­сінде электронды форматта жүргізіледі. Осы арқылы екпе алған адам талап етілетін орынға ақпарат ұсына алады. Ай­мақ­тардағы ахуалды реттеу мен тұрақтандыру шаралары жал­ға­сын табады.

1

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

 

«Жыл соңына дейін 6 млн адамға екпе салуды жоспарлап отырмыз. Вакцинаның сапалы болуын қамтамасыз ету ерекше бақылауда болады. Өндірушіден медициналық мекемеге дейін жеткізіп беруді бекітілген адамдар бақылауда ұстайды. Оның өзі 4 кезеңнен тұрады», деді Ден­саулық сақтау министрі Алексей Цой.

Ведомство басшысы бол­жам­­дарымен де бөлісті. Айтуын­ша, нау­­рыздың соңында індетті жұқ­­­тырушылар көп тірке­луі мүм­­­кін. Мәселен, тәулі­гіне 3 мың­­­дай науқас тіркелсе, емха­на­лар­да 24 мың төсектік орын қа­жет болады.

Мұндай жағдайда қатаң каран­тиндік шараларды енгізу жос­парда жоқ. Ал вирус жұқтырғандар саны 6-дан 9-мыңға дейін жетсе, 45 мың төсектік орын қажет болады. Бұл жағдайда қатаң карантиндік шаралар енгізіледі. Бірақ 2 млн адамға екпе салу арқылы індет жұқтырушылар саны 40 мыңға азая ­ды деген үміт бар.

Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нуршай Юсунтайқызы біздің елімізде қандай вакциналар әзір­леніп жатқанын жеткізді.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген коронавирус инфекциясына қарсы вакцина­лар арасында Қазақстан өндірісінің 5 үміткер вакцинасы бар. Бірін­шісі – клиникалық зерттеулер кезеңінде тұрған Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті­нің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген инактивті вакцина. Қалған төртеуі – Огайо штатының университетімен (АҚШ) бірлесіп Қазақ ұлттық аграр­­лық университетінің, М.Айқым­баев атындағы Аса қауіпті инфек­циялар ұлттық орталығының, БҚП ҒЗИ-дың әзірлеп жатқан және клиникаға дейінгі зерттеулер сатысындағы суббірлік вакцина», деді маман.

Айта кететін тағы бір жайт, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем «рухани апат» алдында тұр деп мәлімдеді. Бұған ковидке қарсы вакцинаның әлем елдері арасында тең бөлінбеуі себеп. Осы уақытқа дейін вакцинаның 39 млн дозасы 50-ге тарта ауқатты мемлекеттерге таратылса, кедей елдердің біріне екпенің тек 25 дозасы берілген. Бір қызығы, Жапонияда енді вакциналау министрі бар. Аталған қызметке әкімшілік реформалар министрі Таро Коно тағайындалған. Ол азаматтардың коронавирусқа қарсы екпе алуын қадағалайтын болады. Елде ауқым­ды науқан ақпанда басталады деп жоспарланып отыр.