Кино • 28 Қаңтар, 2021

«Шыңырау» Софияда сынға түсті

499 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтің «Шыңырау» повесінің желісімен түсірілген көркем фильм Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан 13-ші халықаралық кинофестиваліне қатысуда. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген кинотуынды қатарынан төрт жыл бойы халықаралық кинофестивальдерде топ жарып келеді.

«Шыңырау» Софияда сынға түсті

Картина құдық қазушы Ең­септің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сын­ды шым-шытырық дүниелерді ар­қау етеді.

«Бұл әрине, қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы саналатын Ә.Кекілбаевтің «Шыңырау» повесіндегі ешкімді жайбарақат қалдырмайтын ғаламат идеясын көркемдеп экранға шығару үшін тер төккен түсіру тобының жемісті еңбегінің арқасында жүзеге асып отырған жетістік деп ойлаймын», дейді фильм режиссері Жаңабек Жетіруов.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Маңғыстау өңірінде өтті. Кар­тинада басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Алдабек Шалбаев және Айжан Жетіру сомдаған.

2009 жылы негізі қаланған Бал­қан аймағындағы ең ірі байқау­лардың бірі – Sofia MENAR Film Festival кинофестивалі жыл сайы­н өз көрермендеріне киногерлер шығармашылығында бейнелен­ген ислам әлемінің мәдениеті және дәстүрімен таныстырып оты­ра­ды. Фестиваль шеңберінде Таяу Шы­­ғыс, Орталық Азия жән Сол­түс­тік Африка мемлекеттерінің ең үз­дік көркем, деректі және қысқа­­­­­метражды туындылары көр­се­ті­леді. Айта кетсек, биылғы фес­ти­вальдің конкурстық бағдар­лама­сында ұсы­нылған 13 фильмнің ішін­де Әзиз Зайыров және Мұха­мед Ма­мырбеков түсірген «Қыз бен теңіз» фильмі де бар.