Оқиға • 29 Қаңтар, 2021

«Qasym» кітаптарына сұраныс жоғары

959 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр кітапсүйер оқырманның қолынан түспей оқыған һәм кітап дүкендерінде де көп сатылған «Qasym kitaphanasy» серия­сымен шыққан кітаптар болды.

«Qasym» кітаптарына сұраныс жоғары

Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік шы­ғар­малар мен әлем әдебиеті жауһарлары­ның үздік аудармаларын басып шығаруды мақсат тұтқан жоба 2020 жылдың басында қолға алыныпты. Жоспар бойынша былтыр «Qasym» баспа үйінен 50 кітап жариялану керек-ті. Алайда шартарапты шарлаған коронавирус пандемиясына байланысты 22 кітап басылып шыққан. Әрқайсысы 1000-2000 данамен жа­рия­ланып, кей оқылымды кітаптар 2-3 рет қайта ба­сылыпты.

Ал жарыққа шығатын кітаптардың тізімі жа­зушы, кітапханашылармен ақылдасып ше­­шіледі екен. Баспа қазақ әдебиетінің ең жақ­­сы шығар­малары мен әлем әдебиетінің қ­азақ тіліндегі сәтті аудармаларынан бөлек тиіс­ті қаламақысын төлеп, арнайы аударма­лар да жасатады. Мәселен, аудармашы Кенжебай Ахметов М.Булгаковтың «Ит жүрегі», Л.Толстойдың «Өмір туралы» (алдағы уақытта шықпақ) шығармаларын аударды. Бұдан бөлек Тәкен Әлімқұловтың 60-жылдары аударған «Кішкентай ханзадасы» да (авторы Антуан де Сент-Экзюпери) бар. Сондай-ақ Бердібек Соқпақбаевтың ең соңғы жазылған шығармасы «Ергежейлі еліне саяхат» алғаш кітап болып шығып отыр.

Қазақ әдебиетінің 50-жылдардан бас­тап 80-жыл­дарға дейінгі кезеңінде әлем әде­биетінен көп­теген аударма жасалды. Бірақ тәуел­сіздік жыл­дарынан бері ол шығармалар кітап болып қайта басылып шыққан жоқ. «Qasym kitaphanasy» серия­сының көздеген негіз­гі мақсаттарының бірі де осы. Және қазақ һәм әлем әдебиетінің жақсы аудар­малары мен шығар­маларын бір серияға жинау.

Айта кетейік, бұл жобамен басылып шық­қан кітаптар отандық кітап дүкендерінде және «Akel.kz» интернет кітап дүкенінде де сатылады.