Адамдар бағымызға бұйырған жерімізге қаншалықты жауапты екенімізді әлі де түсінбей келеді. Алысқа бармай-ақ, былтыр елорданың шетінде Көбейтұз көліне қатысты мәселені мысалға келтірсек жеткілікті. Бұл орайда қоғамның экологиялық білімін тереңдету үшін жаппай танымдық іс-шараларды ұйымдастыруды жолға қойған артық болмас деп ойлаймын. Тұтастай бұл бағыттағы ағартушылық жұмысты білім ордаларынан бастап, жекелеген компанияларда жүргізгені абзал. Әлбетте, тәрбие тал бесіктен басталады. Сондықтан табиғатымызды аялауды, әсіресе, жастардың бойына жастайынан сіңірген дұрыс. Өйткені «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтылмаса керек. Бұл ретте экологтер болсын, қоғам белсенділері, тұтастай айналамызда болып жатқан құбылыстарға бейжай қарамайтын азаматтар Жер планетасы біздің ортақ үйіміз екенін жан-жағындағы адамдарға түсіндіруі тиіс. Түсінемін, бұл ұран ретінде естілуі мүмкін. Алайда бұл мәселеге мән беріп, дұрыстап назар аударылса екен деймін. Әлі есімде, мектепте оқығанда «Жас натуралистер» үйірмесі болатын. Онда мұғалімдеріміз балаларды арнайы мекемелерге апарып, кез келген өсімдіктерді қалай күтіп, өсіру керектігі жайлы сабақтар жүргізетін. Осылайша, жас баланың түсінігінде қоршаған ортаға қатысты көзқарасы қалыптасып, жастайынан әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасады.
Әсел ИСАНОВА,
«Тамыр» жабайы табиғаттағы мектебінің негізін қалаушы, экологиялық белсенді