Қоғам • 29 Қаңтар, 2021

2020 жылы түрлі дәрежедегі 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды

206 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өткен жылы қылмыстық жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғалар жайында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

2020 жылы түрлі дәрежедегі 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды

«Біз жазаның бұлтартпастығын толығымен қамтамасыз етеміз. Есептік кезеңде 25 аса ауыр және 1368 ауыр қылмыстың, сондай-ақ жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 112 фактісінің жолы кесілді. Сотта ҰҚТ құру фактілері бойынша 4 іс қаралуда. Түрлі дәрежедегі 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 722 адам сотталды, оның ішінде бір облыс әкімі, 4 облыс әкімінің орынбасары, 2 жауапты хатшы, 2 комитет төрағасы, 1 елші, 5 судья, 10 аудан әкімі және олардың орынбасарлары. 5 вице-министр мен 5 комитет төрағасы мен олардың орынбасарларына, сонымен қоса квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджеріне қатысты қылмыстық істер тергелуде», деді А. Шпекбаев.

Сондай-ақ ол «Астана LRT» құрылысы кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша бірқатар лауазымды тұлға мен мердігер ұйымның басшылары сотқа жолданғанын атап өтті.

«СК-Фармация» басқармасының бұрынғы төрағасына қатысты тергеу аяқталды. БТА-Банктің ісі бойынша 12 млрд теңгеден астам залал өтелді. Тағы 6,4 млрд теңге «Азық-түлік корпорациясы» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасына қатысты қылмыстық іс аясында өтелді», деді агенттік төрағасы.