Білім • 31 Қаңтар, 2021

Атыраудағы университетте МВА бағдарламасы ашылды

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде белсенді трансформациялау аясында білім беру процесіне тағы бір үздік тәжірибе енгізілді. Бұл жолы энергетика секторын кәсіби мамандармен қату үшін МВА бағдарламасы ашылды.

Атыраудағы университетте МВА бағдарламасы ашылды

Осыған орай онлайн-форматта ұйымдастырылған шараға Энергетика министрі Нұрлан  Ноғаев, Сколково Мәскеу басқару мектебі энергетика орталығының атқарушы директоры Ирина Гайда, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті директорлар кеңесінің төрағасы Ұзақбай Қарабалин мен аталған білім ордасының индустриалдық комитет мүшелері, МВА бағдарламасының тыңдаушылары қатысты.

«Бұл бағдарлама тек өңірдің ғана емес, еліміздің индустриясына ұлттық кадрларды даярлауға ықпал етеді, – дейді С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова. – Өйткені көшбасшы маманды тек үздіксіз кәсіби және жеке даму ғана ерекшелендіреді».

Оның айтуынша, Deo-design executive officer түсінігі қолданысқа енді. Бұл – проблемаларды шешетін стратегиялық көшбасшы мен шығармашылық тұлғаның қосындысы. Мұндай көшбасшылар ешқандай кедергілерге қарамастан жетістікке жетуге мүмкіндік беретін сипаттамаларға, мінез-құлыққа және менталитетке ие. Сол себептен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіндегі МВА бағдарламасы  мансабын одан әрі дамытуды, сондай-ақ қоғамның дамуына үлесін қосуды көздейтін көшбасшыларға арналып отыр.

«Кез келген мемлекеттің дамуының негізі – білім мен ғылымды жетілдіру. Бұған оқу орнындағы МВА бағдарламасының қосатын үлесі зор. Мұнда дәріс беретін қазақстандық және шетелдік ірі компаниялардың тәжірибелі оқытушылары мен танымал сарапшылары модульдік нысандағы жұмыстан қол үзбей оқытуды, шетелдік тағылымдаманы, коммуникациялық мүмкіндікті кеңейтуді көздейді» дейді Гүлзада Шакуликова.