Оқиға • 01 Ақпан, 2021

«Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік...» (Қойын дәптердегі жазбалар)

465 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Бүгін «Егеменнің» 30 000-шы нөмірі оқырманмен дидарласып отыр. Жүз жылдық шежіреге айналған қазақ баспасөзінің қасиетті қара шаңырағы ғасырлық ғиззат ғұмырында талай жауапты кезеңдерді, ғажайып тарихи оқиғаларды, сондай-ақ небір қиын-қыстау сын сәттерін бастан кешіргені мәлім. Әрине, газет жасау, газет шығару оңай емес. Қызығы мен шыжығы қат-қабат жүретін аса зор шаруа. Газет тізгінін ұстаған басшыдан бастап, тынымсыз қалам тербеген қосшыға дейін маңызды да, ортақ іске тек құлшына-ынтыға жұмылғанда ғана діттеген міндеттен табылса керек. Сондықтан болар журналист ағайын аузынан «Газеттің өзі – бір күндік, ал сөзі – мың күндік» деген тамаша тәмсілді жиі естиміз. Шындығында солай. Оған айқын айғақ ретінде қойын дәптерімізге әр жылдары, әрқилы жағдаятта таңбаланған төмендегі алақандай әңгімелер
шоғырын ұсынғанды жөн көрдім. Редакция өмірінен, оның ішкі «кухнясынан» бейхабар оқырмандар үшін бұл мөлтек туындылардың өзегіндегі ой ұшқындары біраз жайды аңғартары сөзсіз. Қаламгерлердің табанда суырып айтқан ұшқыр жебе-пікірлері, астарлы әзілдері мен қағытпа қалжыңдары бір мезет еріксіз ойға шомдыратыны аян. Сонымен...

«Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік...» (Қойын дәптердегі жазбалар)

Суретте: «Егемен  Қазақстан» газетінің шығармашылық ұжымы Елбасы қабылдауында. 3 сәуір 1991 жыл. Алматы.

Журналистика  жолбарысы

Газеттің сипаты мен салмағы, мазмұны мен мәні тікелей басшысына байланысты. Осынау ордалы ойдың түп қайнары тым тереңде жатса керек. Қалам ұстаған қауымның арасында жазылмаған мынадай бір астарлы қағида жиі айтылады. «Егер жолбарыстарды қауқарсыз бұралқы маубасқа басқартса – бүкіл жолбарыстар итке айналып кетеді. Ал сол шәуіл­дектерді жалғыз жолбарысқа басқартсаң – әл­гілердің бәрі шетінен жалы күжірейіп, азуын айға білеп шыға келер еді…». Әзіл қат­па­рының сыры сан қабат.

Иә, мықты басшы бар жерде – мықты ұжым бар. Бұл орайда шығармашылық қыз­ме­тіне, басқару стиліне, журналистік әле­міне әбден қанық Шерхан Мұртаза есімін қалай айтсақ та лайықты. Шерағаңның шоқтығын үкілеп, әрдайым биіктетіп тұратын штрихтар мол. Соның бірі оның журналистер еңбегіне бер­ген әділ бағасы кезінде жалпақ жұрттың ауз­ында жүрді.

«– Мен аса жауапты да, мәртебелі журна­лис­тер еңбегін көтергені алтын, жегені тікен дала алыбы – түйеге теңер едім…».

Қазақ баспасөзі қара шаңырағының тіз­гі­нін ұстап, төріне көтерілген күні ( 10 қара­ша 1989 жыл) айтқан осы сөзін Мұртаза іле-шала өткен «СҚ»-ның 70 жылдығында, мерейлі мерекенің мінберінен бүгежектемей тағы да қайталаған. Сол сәтте дүйім зал селк ете қалған еді. Өйткені үкімет басшысынан бастап, өңкей дөкейлер мен ығай-сығайлар қатысқан қызыл империяның қатып-семген сценарийімен өткізілетін  жиналысында тек мадақ сөздері мен көпірме қолдаулар ғана сапырылатын-ды. Жоғарыда меңзегендей газеттің байырғы тілшісі Тәжібай Битаев ресми салтанатты мәжілістің трибунасында тұрып, өзінің тарғыл даусымен табанда бір шумақ өлеңді суырып салғаны. Содан соң барып Министрлер Кеңесі Төрағасының қолынан «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» наградасын алғаны әлі есте. Бұл көрініс, әрине, біреуге  ұнады, біреуге оғаш көрінгені анық. Біреу  үрікті, біреу үрейленді…

Жолбарыс жортқан жер тыныш болушы ма, еді?

 

«Өз сөзім – Өз перзентім»

Журналист Қайнар Олжай Қазақстанның халық жазушысы, Мәжіліс депутаты Шерхан Мұртазамен «Хабардың» тікелей эфирінде сұх­бат өткізіп отырды. Телекөрермендердің, жал­пы көпшіліктің көңілін алаңдатып, жа­нын жеп жүрген толғақты мәселелер  тура­лы ашық та ащы әңгіме өрбіді. Ел мен жер тағдыры, туған тіл мен көші-қон тәрізді өзекті тақырыптар төңірегінде қордалы ой-пікір­ле­рін ортаға салған ұстазына Қайнар орайлы тұс­та тосын сауал қойды:

– Шераға, Сіз қалың жұрт өте жақсы біле­тін үлкен журналист-жазушысыз. Алайда «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде «Бір ауыз сөз», «Дат!» айдарларымен оймақтай ша­ғын дүниелеріңіз жиі шығып тұрады. Сонда Сіз «Шерхан Мұртаза» деп қол қойғанға ыңғай­сызданбайсыз ба?

–  Өй, ол менің өз сөзім ғой. Демек, өз сөзім – өз перзентім. Сондықтан мен өз сө­зім­нен ешқашан жиіркенбеймін. Неге аты-жө­нім­ді қоймаймын? Қоямын! Халықтың көкейін­дегі ойларды жарты сөзбен жеткізу, әрине, оңай емес. Мірдің оғындай нысанаға дәл тиіп жатса де... «Көп сөз – көмір, аз сөз – ал­тын» дегенді бабаларымыз бекер айтпаған. Ең бастысы , жазғаныңның нәрі, дәмі болсын!

Расында, әйгілі қаламгер Шерағаң газетте шы­ғып бара жатқан үлкенді-кішілі туын­ды­сы­ның версткасын бет қатталып жатқанда, қалайда уақыт тауып өзі оқып беретін. Бұл кор­ректорға, яки кезекші редакторға сенбеу­ші­лік емес. Әр сөзін перзентіне, алтынға ба­лаған қаламгердің бөлекше дара қасиеті бол­са керек.

...Айтпақшы, кезінде «Егеменнің» «ақ­мыл­­­тық журналисі» атанған Қайнар Олжай был­тыр айтулы «Үркер» сый­лы­ғының Шерхан Мұртаза атындағы номина­циясы бо­йынша бас жүлдені жеңіп алды.

 

«Менің газетімде шаруаңыз болмасын»

Жаны жайсаң Тәжібай Битайдың қыз­мет­тес әріптестері атап кеткен екінші есімі бар. Ол – «Редактор». Бүкіл ғұмырын бір ғана ұжымда өткізген Тәкең «СҚ» кезінде де, «Егемен» кезінде де редакция жанынан шы­ғып тұратын «Қызыл қалам» қабырға газе­ті­нің редакторы болды. Қоғамдық тапсыр­ма ретінде өзіне жүктелген жұмысты ол зейнеткерлік демалысына  шыққанға дейін аса ықыласпен атқарды. «Қызыл қаламның» әр санын мейлінше мазмұнды да көркем, же­ңіл де ойнақы болуына назар аударатын Тәкең әрбір қызыл датаны құр жібермей, тіпті редак­ция қызметкерлерінің мерейтойларына да арнап газет шығаратын. Кезекті осындай бір «Қызыл қаламның» ұзын дәлізге ілінген көлдей нөмірін тамашалаған журналист әріп­тестері ырза-хош көңілмен Тәжібай редак­тордың еңбегін ерекше қадап айтады. Бұған оның мерейі әжептеуір марқайып қалады. Қанша дегенмен пенде емес пе?! Өстіп жи­нал­ған көпшіліктің ортасында мәз болып тұрған редактордың қасына әдетінше жы­мың­дай жақындаған бас редактордың бірінші орынбасары Сарбас Ақтаев:

– Тәке, мына газетіңізді бас мақаласынан бастап достық әзілдеріне дейін түгел оқып шықтым. Орташалау ма, қалай өзі? Біраз жайды қамти алмаған сияқтысыз, – дейді сын көзбен өз пікірін білдіріп.

– Сәке, мен бұл айтқаныңызбен келіспей­мін, – деген ол шыр-пыр күйеді.  

– Менің газетім «Қызыл қаламда» шар­уа­ңыз бол­ма­сын. Ең алдымен, өз газетіңізді дұ­рыс шығарып алыңыз.

 

Титықтатқан Тито

Күнделікті жұмыс басталғаннан соң ҚазТАГ арқылы Мәскеуден жіберілген ТАСС-тың тілдей қағазы редакциядағы телетайпқа түседі. Онда кезекті шығып жатқан нөмірде міндетті түрде жарияланатын үлкенді-кішілі ресми материалдардың тізімі көрсетілген. «Литерлі» әйтпесе «эмбарго» таңбаларымен белгіленген бұл дүниелерді түннің бір уағына дейін күтесіз. Генсектің кездесулері мен қабылдаулары, саяси бюроның отырысы, Кремль қонақтарының не істеп, не қойғаны жө­ніндегі ірілі-ұсақты хабар-ошарларға газет­тен алдын ала орын дайындап қойып, сар­ғайып тосасың.

Ымырт үйіріле ҚазТАГ-қа әлсін-әлсін телефон шалып, литерлі материалдарды тү­ген­деп қашан келіп, қашан аударылатыны туралы білеміз. Қанша дегбірсізденгенмен Мәскеу асықпайды-ау. Үздік-создық шудай шұбатып, бірінен кейін бірін жіберіп жатады. Обалы нешік, әлекедей жалаңдаған ҚазТАГ аудар­машылары еш кедергісіз қағып-ақ тас­тайды. Оның үстіне өз республикамызда бо­лып жатқан елеулі жаңалықтар мен оқиға­лар бар. Неге екенін қайдам?! Ол кезде аяқ алып жүр­гісіз газет қызметкерлері бірде-бір ресми ма­­териал әзірлемейтін. Бәрі ҚазТАГ-тың мой­нын­да. Ал әлемнің тіршілік-тынысы ха­қын­дағы оймақтай хабардың өзін тек ТАСС беруі тиіс. Өз бетіңше қарекет жасауға хақың жоқ.

Мәскеуге қарап сағат түзеп, Мәскеуге қарап түшкіріп, Кремльдің қас-қабағына қа­рап бал ашатын газетшілердің өмірі тіптен қиын. Редактордан бастап, кезекшілері бар, корректорлары бар, жүргізушілері бар түгелге дерлік редакция қызметкерлері…  Директордан бастап, терушілері бар, беттеушілері бар бүкіл баспахана жұмысшылары… Газет басатын цех пен экспедиция өзінше бір қауым ел… Бәрінің үміті мен тілегі – «СҚ»-ның кешікпеуі. Әй­теуір аман-есен түнгі 2-3-те көзіңді уқалап үйі­ңе жетсең болды. Бұдан артық қуаныш жоқ. Әйтпесе, екі күннің бірінде кезекшілер жұмыстан таң ата қайтып жүреді.

Сексенінші жылдардың басында газет тура 3-4 ай табандап кешігіп шығып отырды. Себебі Югославия коммунистік партиясының бас хатшысы Иосип Броз Тито төсек тартып ауырып жатқан. Сол уақыттың қатаң тәртібі бойынша оның денсаулығы мен көңіл күйі жайында бүкіл елді тәулік сайын міндетті түрде хабардар етіп тұру керек.

Міне, бүгін де газет қатты кешігіп, қол-аяғымыз жіпсіз байланып, ресми хабарды са­рыла күтіп отырмыз. Броз Титоның денсау­лы­ғын құлағдар еткен небәрі екі-үш ауыз сөзден тұратын ТАСС-тың жалғыз сөйлемі әлі жоқ. «Мәскеу тып-тыныш. Күтіңдер! Біз де екі көзіміз төрт болып тосып отырмыз. Келіп қалар. Сәл шыдаңдар…» ҚазТАГ-тың ес­кертуі бұл.

Жүйкесі әбден таусылған техредактор Болат Жайсаңбаев:

– Титоны бізде кім іздеп жатыр дейсің осы. Бүгін күтпей-ақ, үңірейген мына бос орын­­ды шпондап, аша салайық. Несіне қорқа­сың­дар. Белград пен Москваң «Социалистік Қазақстанды» оқымайды ғой, – деді бір кезде тұтығып.

Өз бетімізше батыл шешім жасай алмай қиналған біз де күмілжиміз:

– Сәл күтейік… Таяқ жеп қалмайық…

Әрі-сәрі күйде мүлгіп отырғанымызда ұй­қылы-ояу бастығымыз Балғабек Қыдырбек­ұлы телефон соқты:

– Өй, Жанат-ау, неғып жатырсыңдар!? Таң атты емес пе? Сонда не күтіп отырсыңдар?

– Бәке, Броз Тито туралы ТАСС хабарын тосып отырмыз. Әлі келген жоқ. Мү-м-кін… бүгін бермей-ақ қойсақ қайтеді.

Редактордың ұйқысы шайдай ашылып, шо­шып кеткендей. Әншейінде батыл көріне­тін Балғабек ағаның үнінде үрей:

– Не өліп қалмай, не тіріліп кетпей бұл Тито титықтатып бітірді ғой, – деді ол қын­жы­лып. – Ақыры кешіктік. Мәскеуді тосың­дар. «Аш құлақтан тыныш құлақ». А-то, ертең «ЦК»-дан сөз естіп жүрерміз.

Титықтатқан Тито көп ұзамай көз жұмған. Сөй­тіп, біразға болсын газет қайтадан гра­фикке ілігіп, кешікпей шыға бастады.

 

Куәлік пен мандат

Газетте үзіліссіз қызмет істеген қырық жыл­дың («Ленжаста» тоғыз жыл, қалғаны сүйікті «Егеменде») бедерінде үш жүзге жуық журналистпен қатар жүріп қалам тер­беу пешенемізге жазылыпты. Үлкен-кіші­сі бар, замандастарымыз бар дегендей, әрқай­сысының шабысы да, жүрісі де бөлек-бөлек. Солардың арасындағы хас таланттар мен құла­герлерді жүрек сүзгісінен өткізіп, көңіл тара­зысына тартқанда екі қолыңның сау­сақ­та­рын әрең толтырасың-ау. Сол санау­лы­лар санатында журналист Нұри Мұфтах бар. Оның аты-жөнінің алдына ешқандай теңеуді, ешқандай анықтауышты жапсырудың қажеті жоқ. Онсыз да әйгілі. Үлкен ұяда бірге жұмыс істегенде көзім анық жеткен. Заң, құқық та­қы­рыбын шекілдеуікше шағады. Екі тілде бірдей қалам сілтейді. Фельетоны қандай?! Демократия лебі ескен жылдары жер-жерден қалың оқырман қолқа салғаны әлі есте:

– Жоғары Кеңеске депутаттыққа біздің округтен түсіп көрмейсіз бе?

Журналист үшін бұдан артық құрмет бола ма?! Әр нәрсеге байыппен жанар жүгіртіп, зейінмен зерделейтін Нұри Муфтах:

– Көп ойландым. Бірақ журналистік куә­лі­гім­ді депутаттық мандатқа айырбас­тамай­мын, – деген-ді.

Қай жағдайда да қаламын найзадай көре­тін ол кейінгі Парламент сайлауы кезінде де көп ұсынысты қабылдамапты. Баяғы темір­қа­зық мақсатынан айнымаған.

Журналистік куәлікке адалдық деп осыны айтса керек.

 

Кремль шешеді

Әдет­тегідей Ұлы Жеңістің  кезекті жыл­ды­ғы қарсаңы болатын. Дөңгелек датаға жат­паса да Мәскеуден бастап бүкіл ел аума­ғында даңғаза алашапқын бір ай бұрын дабылдап қоя берді. Генсектен бастап Саяси Бюро мүшелеріне дейін кеуделеріндегі бос орындарды тағы бір орденмен, я болмаса, әйтеуір бір медальмен толтыруды ойлайтыны да белгілі. Жыл сайын қайталанып келе берген соң үйреншікті дағдыға айналып кеткенге ұқсайды. Үлкенді-кішілі мекемелер мен ұйымдарда да бұл салт өз тамырын тереңге жіберіп, ұжымда жұмыс істейтін со­ғыс ардагерлеріне құрмет көрсету жан-жақ­ты ойластырылады. Онсыз да қатары күн санап селдірей түскен майдангерлерді марапаттау мәселесіне селқос, жүрдім-бардым  қарауға болмайтын. Болсын-болмасын белгілі бір майдангерлерді ғана елеп, өзгелерді көзге ілмеген дәстүрсымақтың болғаны да шындық.

Әр мекемеде партком бар, жергілікті кәсіп­одақ комитеті бар. Күнілгеріден бірлесіп түрлі шаралардың іс-жоспарларын жасап, соғысқа қатысқандарды орден-медальдармен марапаттауға ұсыныстар әзірлеп, ақшалай-заттай сыйлықтар тапсыру... тағы-тағы то­лып жатқан жағдаяттар қарастырылады. Мүм­кіндігі мен ыңғайы келіп тұрған мезетті майдангерлер де мүлт жібермейді. Үйлерін кеңейтеді, балаларына бөлек пәтер алып берді. Немерелеріне мәшине мінгізеді. Қатып-семген кеңестік жүйенің тәртібі бойынша сол соғыс ардагерлерінің мұқтаждықтары әрдайым бірінші кезекте тұратыны баршаға аян. Орынды-орынсыз қолпаштаулар кейін­гі­лер­ге, әсіресе жастарға қиын тигені шындық. Қина­лып жүрсе де үндемейтін. Күңкілдеп-күң­кілдеп қоятын ұзаса...    

Осындай май шелпектің дәмін «Социа­лис­тік Қазақстанның» қарт жауын­гер­лері де молынан татты.  Ордендер мен медальдарды бірінен соң бірін тақты. Одан қалса мерекелік медальдар мен сөлкебайларды, құрметті атақтарды иеленді. Керек десеңіз журналистік кәсіби шеберлікке берілетін сыйлықтар да сол соғыс ардагерлеріне үлестіріледі-ау. Әрине, ұжым болған соң, ең ақыры қалам қарымының са­қалға қарамайтыны бар, белден басушылық әре­кет­терге бас көтеру болмаса да іштегі күң­­кіл толқыны сезілмей қоймайтыны және бел­гілі.  Бірде редакцияның  о шеті мен бұ шетіне көзің жетпейтін ұзын дәлізінде айғай-шу шықты.  Әр тұстан сықырлап, шиқылдап есіктер ашылды. Таныс дауыстар... Жуырда басылатын емес.     – Ну, что же... Ең алдымен, мен құсап от оранып, қан кешіп көр. Соғыстың исі мұрнына бармайтын, Мырқымбай!.. Мен де местком болғам...   

Бұ­рқылдаған ардагеріміз Бекділда Аб­дуллин аға ай-шайға қараған жоқ. Сартыл­­­да­ған күйі редактордың кабинетіне кіріп кетті.   

Басынан әсте сөз асырмайтын журналист-жазу­шы, кәсіподақ комитетінің төрағасы Кеңесхан Зәкенов те қатты ашуланған.  

Қызуқанды ол алдын орап, кес-кесте­ген жігіттердің «қой-қойын» құлағына іл­мес­­тен үнемі қолынан тастамайтын қы­зыл пап­касын қолтығына қыстырған қал­пы Сапар Байжановтың бөлмесіне – Абдулин­нің артынан ұмтылды... Іле-шала редак­то­ры­­­мыз редколлегия мүшелері мен бөлім мең­ге­рушілерін өзіне жинады.

– Кә-ні-і, жігіттер, келіңдер, – деді жұмсақ үнмен Сапекең ежелгі биязы кейпін өзгертпей. – Ақыл­дасып алайық... Жеңіс мейрамы да кеп қапты.    

– Әлі бір ай бар емес пе, – деді ойында еш­теңе жоқ Бекболат Әдетов емен-жарқын қалпы.

– Иә, бір ай емес, тура қырық күн бар ғой.

Уахап  Қыдырхановтың сөзін жанында отырған Хамидолла Рахматуллин таңырқай қоштай түсті:    

– Несіне асығамыз, алдымен Май нөмірін шығарып алмаймыз ба?

– Дұрыс айтасыңдар. Әлі біраз уақыт бар. Кәне, Беке, өзіңіз не дейсіз?

Тізгінді қолына алған Сапекең блокнотына үйреншікті  әдетімен шұқшия  сүйкей жөнелді.

Редактордың көңілді жүзі даңғарадай кабинетті жадыратып жібергендей.  Күлімдей орнынан көтерілді: 

– Өздерің де жақсы білесіңдер. Жеңіс күні жақындап қалды. Соны ескертіп мына месткомға – Зәкенов жолдасқа барсам, тың­да­ғысы келмейді. Слушай, мен от кешкенмін, со­ғысқа қатысқанмын...

Әлі де ашуынан арыла алмай күйіп-пы­сып отырған Кеңесхан Бекеңнің сөзін жал­ғастырмай, үзіп жібереді:

– Беке, соғысқа қатысқан жалғыз сіз ғана емессіз ғой. Жөн-жосықсыз кеуде кере бер­­ме­ңіз. Ал кәсіподақ төрағасы ретінде мен сіз­дерге мына жайды ашық айтқым келеді. Абдуллин жолдас маған келіп, «Мені Жеңіс күні құрметіне орден-медальға ұсыныңыз» дейді. Мен ұсына алмаймын дедім. Себебі: бұған дейін сіз орденді де, медальді да алған­сыз. Екі-үш үй, екі-үш мәшине алғансыз арда­гермін деп. Санаторийлерге жолдамалар, ең ақырғы кезексіз кілем де алғансыз. Сізде қазір бәрі де бар. Алмағаныңыз Совет Ода­ға­ның Батыры атағы ғана. Иә, оны мен шеше алмаймын. Мәскеу шешеді, тек Кремль шеше­ді дедім. Міне, жолдастар, даудың басы осы, айғай-шудың себебі осы...

Мән-жайға енді барып көз жеткізген ре­дак­­торымыз да, біз де еріксіз жымыңдап күле бер­дік.

– Кремльден төмен түсіп, өзіміз шешетін мә­селелер төңірегінде ақылдасайқ та, – деді жі­гіттердің бірі әзілдеп.

– Рас – и... Өстіп жөнін айтыңыздаршы, – деді сонда барып ашуы тараған Кеңесхан.

 

Өзінен аяймыз ба?..

Журналист Совет Шиманбай ұзақ жылдар «Егемен Қазақстанда» жауапты хатшының орынбасары қызметін атқарды. Секретариат жұ­мысы газеттегі ең ауыр, ең қарбалас буын­ға жата­тыны баршаға мәлім. Уақытпен, мезгіл­мен санаспайсың-ау. Таңертең ертелетіп кел­геннен түннің бір уағына дейін редакция мен баспахана арасында тепең-тепең етіп жүр­генің.

Қазіргідей компьютер, интернет атымен жоқ. Барлық материал түгелдей қорғасында теріледі. Фотолар мен штрих суреттер де қорғасында құйылады. Ал қорғасынмен жұмыс жасау – азаптың азабы. Денсаулығыңа әсер етіп, жүйкеңді жемей қоймайды. Екі көзі қып-қызыл боп шатынап Сәбең күніне төрт беттің орнына ондаған дана макет сызып мұр­нынан шаншылып жүргені. Өйткені ресми материалдар Мәскеуден ҚазТАГ арқылы телетайппен көлдей-көлдей шұба­ты­лып түсіп жатқаны. Қиыны сол, бәрін де бірін қалдырмай кезекті нөмірге салу керек. Амалсыздан макетті бұзасың.

Неге екенін қайдам, күн сайынғы газетте ЦК-ның Бас секретары Л.И.Брежневтің баян­­дамасы, я болмаса қабылдауларда сөй­леген сөздері қабат-қабат жарияланады. Ресми дүниелерге арнап тастаған бірінші-екінші беттерге сыймай соңғы бетке де жиі ауысып секретариаттағы жігіттердің әңкі-тәңкісін шығарады. Қалыпты жағдайдан айырылып қалған адамның ашуланшақ та, шатқаяқшыл келетіні және бар. Осындай бір макетті қайта-қайта сызудан әбден мезі болған Советке баспаханадан секретариаттың нөмір жүргізуші жігіті Ғалым Тыныбаев телефондайды:

– Сәке, Брежневтің баяндамасынан орын қалып қалды. Не істейміз? Запасыңызда да­йын материал бар ма?

– Көп пе? Қайдан болсын...

– Онша көп орын емес секілді. Жүз жол, ұзаса жүз елу жолдың шамасы,– дейді Ғалым шырылдап.

– Жарайды, түсіндім. Баяндаманы соңына дейін ашып жіберіңіз. Брежневтің өз сөзін өз газетінен аяймыз ба?! – депті сонда Ши­ман­баев арқасынан ауыр жүк түскендей. – Тығындай салатын дайын материалды қайдан табам. Әншейінде ЦК-ның органымыз дегенде сұмдықсыңдар. Ал ЦК дегеніміз – Брежневтің өзі емес пе.

 

Күнкөріс

Бүкіл ғұмырын фотоаппарат арқалап өткізген Сайлау Пернебайұлы алпысқа қалай жетіп келгенін білмей қалған жалғыз жанның бірі ғана тәрізді көрінеді де тұрады маған. Қазақ фотосының, қазақ фотожурналистикасының сардары зейнет жасына жетісімен ың-шың­сыз еңбек демалысына шығып кеткен. Бір фо­то­этюдінің өзі – ғажайып бір новелла. Бір пор­­третінің өзі – талайлы бір тағдыр. Бір ре­­портажының өзі – біртұтас ғұмыр... сана­ла­тын оның ең құрығанда мерейтойлық көр­месі де ұйымдастырылмады. Еш атағы жоқ фото­суреткер юбилейі атаусыз, елеусіз қалды. Ал өзі аппаратын мойнына іліп алып бірде-бір юбилейден қалған емес. Ең өкініштісі осы! Ғажабы, әсте мұқалуды, мұңаюды, тұн­жырауды білмейтін ол әрдайым мынау бейдауа өмірге сергек әрі қанағатшыл пейілмен құштар.

–Тәуба, өміріме ризамын, – дейді қашан кез­дестірсең де ыржалақтап. – Фотоап­па­ра­тымның арқасында баладан патшаға дейін, қойшыдан академикке дейін суретке түсіріп, туған елімнің барлық түкпірін шарладым. Үлкен тірліктің қас-қағымдық бөлшектері іспетті мен фотоға тартқан негативтердің өзі жарты миллион данаға жетеді. Алтын қазына емес пе! Бірақ оны елейтін, қажетсінетін ешкім жоқ. Құзырлы мекемелер де, билік тізгінін ұстағандар да өте селқос. Сөйтіп, жәшікте сақталған бүкіл тарих құрып кетпек. Ал той-томалаққа, кездесулер мен кештерге шақырушылар қисапсыз. Әрине, ел тынысына қатысты айтулы оқиғалардан шеттеп жүргім келмейді...

Осындай юбилейдің бірі Тараз қаласының 2000 жылдығына сүйретіліп барған Сайлау Пернебаевты ежелгі таныстары сағына қар­сы алады. Көңілі өскен ол сырқатын да бір сәтке ұмытып, әзіл-оспағының тиегін ағыта жүріп дархан тойдың думаны мен шаттығын объективіне іліндіруге құлшынады. Қалың нөпірдің арасынан ұшыраса кеткен атақты қаламгер Әбіш Кекілбаев Сайлауды құшақтап:

– Пернебаев құрдасым-ау, көп болды ғой өзіңді көрмегелі. Шал болайын дегенсің бе? Халің қалай? – дейді ықыласын төгіп.

– Пенсиядамын. Жұрт қатарлы. Шай-пұлдық қана зейнетақы алам. Тірілерден қай­ран жоқ. Өлілердің портреттерін сатып күн көріп жүрген жайым бар, – депті Сайлау қалжыңдап.

– Әй, осы сенің қыршаңқы тілің-ай!..

 

Ұзақ сақтаудың амалы

 «Егеменді Қазақстан» газетінің суретшісі Жанұзақ Әбдіқұл кітап жинаумен әуестенеді. Айына екі-үш мәрте Алматыдағы бүкіл кітап дүкендерін сүзіп шықпаса көңілі жай таппайтын Жәкең туралы замандастары: «Біздің Жанұзақ кітаптың ішін емес, аттарын оқу үшін жинайды» деп әзілдейді. Сол Жанұзақ бірде редакцияға ренжіп келіпті:

– Кітап сөрелерінде өңкей бір өтпейтін кітаптар шаң басып, сіресіп тұр. Бәрін де шетінен әп-әдемі қатты мұқабамен, әрі жылтыратып шығаратынын қайтерсің.

Сонда тілінің уыты бар, жатыпатар редакция қызметкері, белгілі журналист Әбді-Әзиз Алдабергенов:

– Әй, Жәке-ай, соны да білмейсіз бе? Баспалар өтпейтін кітаптарын қоймада шіріп кетпей, ұзақ сақталуы үшін өзіңіз айтқандай қатырмалап, шүберекпен тыстап, пленкамен жылтыратып шығарады ғой, – депті.

 

Жанат Елшібек,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері