Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің дәстүрге айналған кездесулерінің бұл жолғы қонағы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы, журналист Қайсар Әлім болды. Ол жиналғандарға халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, әмбебап ғалым, ақын, аудармашы, көсемсөз шебері Ахаңның сан қырлы өмірі мен күрес жолдарынан, шығармашылық, ағартушылық еңбектерінен сыр шертті. Сонау қысылтаяң, қытымыр кездің өзінде М.Әуезов: «Ахаң – еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі – артынан келе жатқан жастар... Оның арты Ахаң мектебіне тізіліп кіріп жатқан жас буын... Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды...», деп тамсана бағалаған екен. Ұлылардың бірін-бірі айнытпай танитынының айғағы іспетті, бұл ақжарма лебіз.
– Ахаң тақырыбына әркім әрқалай келетіні нақты істермен дәлелденіп жүр. Соның бір мысалы, кезінде «Егемен Қазақстан» газетінің Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі болып ұзақ жылдар жемісті қызмет атқарған, журналист, жазушы, ақын Байтұрсын Ілиястың Ахаң туралы «Алтын бесік» («Золотая колыбель») атты кітабы қазақ, орыс тілінде ғұламаның 125 жылдығына тарту ретінде жарық көрген еді, – деді қаламгер Қайсар Әлім. – «Қостанай баспа үйінен» небәрі 600 дана боп шықты. Кітап сол заматта сол өңірге тарап кетті. Бүгінде марқұмның бұл еңбегі еліміздің кітапханаларынан емге де табылмайды. Бұл кітапта Ахаңның кіндік қаны тамған туған жері, оның қадір-қасиеті, ұлтшыл бозбаланы үлкен өмірге жетелеп әкелген тұма бастаулар сөз болады. Ахаң шыққан ортаның мінез-тынысы, сыры шынайы баяндалады. Сондай-ақ кітап көптеген тың деректерімен де құнды.
Сөзін осылайша өрбітіп, түйіндеген Қ.Әлім бұл кітапты мерейтой қарсаңында мол тиражбен қайта басып шығаруға мұрындық болатынын айтты. Сондай-ақ ол музей-үйдің директоры Райхан Имаханбетке ұлт ұстазының 150 жылдығына дайындық іс-шаралары үшін бір мың доллар сый- тартуын ұсынды және өзінің М.Дулатұлы туралы «Қазағын оятқан» кітабын табыс етті. Ахаң, Жақаң шыққан өңірдің түлегі осылайша, олар жайлы, жалпы Алаш арыстары туралы ұдайы қалам тербеп, руханиятқа үлес қосуымен қатар, нақты, өнегелі іске де түрткі болғандай. Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы атап өтілетін кезеңде сол қастерлі егемендік үшін жандарын пида етіп күрескен тұлғаларымызға қандай құрмет, ілтипат жасалса да жарасты емес пе.
Нұрбек СӘБИТҰЛЫ
Алматы