Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?!» деп атап өткен болатын. Бұл үндеу еліміздің барлық мәдени ошақтарының шығармашылық ізденістер ауқымын барынша сантараптандырғаны рас. Осы тұрғыда «Астана Опера» театрының да елорданың рухани-мәдени өміріндегі белсенді ағартушылық қызметін атап өткен жөн. Оның айқын айғағы – театр репертуарындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі жобалар мен концерттер.
«Театр сабағын» өткізу үшін бас шаһар әкімдігі оқушыларды ұйымдастыру және өзге де маңызды мәселелерді өз мойнына алды.
– Бұл жоба мектеп қабырғасынан бастап оқушылардың бойына мәдениетке деген махаббат пен адами-рухани құндылықтарды сіңіріп қана қоймай, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілеттері мен дарындарын ашуға мүмкіндік береді, – деген қала басшысы Алтай Көлгінов театрмен бірлесе жүзеге асыратын іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
Ал жоба жетекшісі Мәдениет қайраткері, елімізге танымал музыкатанушы Маржан Жәкенова болса: «Өкінішке қарай, карантин жағдайында балалар түрлі гаджеттерді анағұрлым көп пайдаланады, теледидарды көп көреді, компьютерлік ойындар ойнайды. Сондықтан опера және балет әртістеріміз бен оркестр музыканттарының шеберлігі, сән-салтанаты жарасқан тамаша театрымыз баланы жаңа атмосфераға бөлеп, оған асқақ өнер әлемінің есігін ашады деп үміттенеміз. Біздің міндетіміз – болашақтағы көрермендерімізді, опера және балет өнерін сүйер қауымды мектеп жасынан бастап қалыптастыру», деп аталған жоба туралы өз пікірімен бөлісіп, әсіресе карантин жағдайында мәдени жобалардың балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіндегі маңызына кеңінен тоқталды.
– «Театр сабағын» тек жоғары сынып оқушылары, яғни бозбалалар мен бойжеткендер үшін өткізу туралы шешім қабылданды. Олардың кейбіреуі, әрине, театрда болған, алайда өнер ордасына келудің әрбір сәті – бұл әрдайым мейрам емес пе! Театрда ешқашан болып көрмеген, жай ғана жанынан өтіп бара жатып, бұл қолжетімсіз деп ойлаған балалар да бар. Шын мәнінде, театрдың есігі балалар үшін де, ересектер үшін де айқара ашық, – деп сөзін жалғастырды музыкатанушы.
Балалар үшін алғашқы театр қоңырауы 30 қаңтарда соғылады. Жас көрермендер назарына әлемдік хореография жауһары Л.Минкустың «Баядерка» балеті дайындалды. Іс-шара бағдарламасына сәйкес оқушылар театрға спектакльдің басталуына дейін 2 сағат бұрын келеді. Олардың назарына слайдтарды қолдану арқылы тартымды түрде 15 минуттық дәріс әзірленді. Тәжірибелі музыкатанушылар балеттің мазмұны, композиторы, хореографы қойылым туралы, сондай-ақ балалардың бұл күні сахнадан көретін солистер туралы қызықты ақпаратты әңгімелеп береді.
Театр сабағына 30 оқушы келеді. Олар он адамнан үш топқа бөлінеді. Театр бойынша балаларды сахна сырты әлеміне саяхат жасату үшін арнайы бекітілген экскурсия жетекшілерінің жол бастауымен түзілетін тұщымды ақпаратқа толы үш бағдар әзірленді.
– Балалар қойылымды жасаудың артында қаншама адамның тұрғанын көреді. Біз грим жасау бөлмелеріне бас сұғамыз, олар әртістерге қалай грим жасайтынын, қандай жасанды шаштардың болатынын көреді. Одан кейін костюмерлік цехқа кіреміз. Онда балалар балет пачкасын ұстап көріп, оның қаншалықты жеңіл екеніне көз жеткізе алады. Жеңіл балет костюмдері мен мысал ретінде XVIII ғасырдың айбынды опера киімдері арасындағы айырмашылықты көреді. Аяқ киім цехында балалар нағыз балет пуанталарын қолмен ұстап көре алады. Оларға бутафор және реквизит цехтары да қызықты болатыны сөзсіз. Бұл жерде жас көрермендер бутафорияның не екендігін және декорациялардың қалай жасалатынын білетін болады. Экскурсия кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталады – балалар бастарына каска киеді. Сондай-ақ олардың бағдарына музыкалық кітапхана, дайындық залдары мен тағы да басқа қызықты жобалар ұсынылатын болады, – деп сөзін түйіндеді жоба жетекшісі Маржан Жәкенова.
Осы орайда театрда бетперде тағып жүру, қолды тазартып, зарарсыздандыру, көрермен залына әлеуметтік арақашықтықты ескеріп отырғызу сияқты санитариялық нормалардың толықтай сақталатындығын атап өту маңызды. Ал «Театр сабағынан» оқушылардың теңдессіз рухани әсер алатындығына сенеміз.