Театр • 02 Ақпан, 2021

«Астана Операда» – «Театр сабағы»

287 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Карантиннің қатаң талаптарын да табысты ізденістерімен шебер үйлестірген «Астана Операның» көрермендеріне ұсынар жаңашыл жобалары таусылар емес. 30 қаңтарда театр ұжымы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, 9-сынып оқушыларына арналған «Театр сабағы» атты жаңа, қызықты шығармашылық жобаны бастайды. Оның мақсаты – өскелең ұрпақты эстетикалық тәрбиеге баулу.

«Астана Операда» – «Театр сабағы»

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақ­стан халқына Жолдауында: «Балалар үшін қатерлі бүгінгі­дей­ аума­лы-төкпелі заманда олар­­дың­ күш-жігері мен қы­зығу­­шы­­лы­ғын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?!» деп атап өткен болатын. Бұл үндеу еліміздің барлық мәдени ошақтарының шығармашылық ізденістер ауқымын барынша сантараптандырғаны рас. Осы тұрғыда «Астана Опера» театры­ның да елорданың рухани-мәдени өміріндегі белсенді ағар­ту­шы­лық қызметін атап өт­кен жөн. Оның айқын айғағы – театр репер­туарындағы балалар мен жасөс­пірімдерге арналған түрлі жобалар мен концерттер.

«Театр сабағын» өткізу үшін бас шаһар әкімдігі оқушыларды ұйым­дастыру және өзге де ма­ңыз­­ды мәселелерді өз мойнына алды.

– Бұл жоба мектеп қабыр­ға­­сынан бастап оқушылардың бойы­на мәдениетке деген ма­хаб­­бат пен адами-рухани құн­­ды­лықтарды сіңіріп қана қой­май, сондай-ақ олардың шығар­ма­шылық қабілеттері мен дарын­дарын ашуға мүмкіндік береді, – деген қала басшысы Алтай Көлгінов театрмен бірлесе жү­зеге асыратын іс-шараның ма­ңыз­дылығын атап өтті.

Ал жоба жетекшісі Мәдениет қайраткері, елімізге танымал музыкатанушы Маржан Жәкенова болса: «Өкінішке қарай, каран­тин жағдайында балалар түрлі гаджеттерді анағұрлым көп пай­даланады, теледидарды көп кө­реді, компьютерлік ойындар ойнайды. Сондықтан опера және ба­лет әртістеріміз бен оркестр му­­зы­кант­тарының шеберлігі, сән-салтанаты жарасқан тамаша театрымыз баланы жаңа ат­мос­фераға бөлеп, оған асқақ өнер әлемінің есігін ашады деп үміттенеміз. Біздің міндетіміз – болашақтағы көрермендерімізді, опера және балет өнерін сүйер қауымды мектеп жасынан бас­тап қалыптастыру», деп аталған жоба туралы өз пікірімен бөлісіп, әсіресе карантин жағдайында мә­дени жобалардың балалар мен жасөс­пірімдер тәрбиесіндегі ма­ңы­зына кеңінен тоқталды.

– «Театр сабағын» тек жо­ға­­ры сынып оқушылары, яғни боз­­балалар мен бойжеткендер үшін өткізу туралы шешім қа­был­данды. Олардың кейбіреуі, әрине, театр­да болған, алайда өнер ордасына келудің әрбір сәті – бұл әрдайым мейрам емес пе! Театрда ешқашан болып көр­меген, жай ғана жанынан өтіп бара жатып, бұл қолжетімсіз деп ойлаған балалар да бар. Шын мә­­нінде, театрдың есігі балалар үшін де, ересектер үшін де айқара ашық, – деп сөзін жалғастырды му­зы­катанушы.

Балалар үшін алғашқы театр­­ қо­ңырауы 30 қаңтарда со­ғы­ла­ды. Жас көрермендер наза­ры­на әлемдік хореография­ жау­һа­ры Л.Минкустың «Баядер­ка»­ ба­леті дайындалды. Іс-ша­ра бағ­дарламасына сәйкес оқу­шы­лар театрға спектакльдің бас­­талуы­на дейін 2 сағат бұрын ке­леді. Олар­дың назарына слайд­тар­­ды қол­дану арқылы тартымды түрде 15 минуттық дәріс әзір­лен­ді. Тә­жі­рибелі музыкатанушылар ба­леттің мазмұны, компо­зиторы, хореографы қойылым туралы, сон­­дай-ақ балалардың бұл күні сах­­надан көретін солис­тер туралы қы­зық­ты ақпаратты әңгімелеп береді.

Театр сабағына 30 оқушы ке­­­леді. Олар он адамнан үш топ­­­қа бөлінеді. Театр бойынша ба­­лаларды сах­на сырты әле­міне саяхат жасату үшін ар­найы бекі­тілген экскурсия жетек­ші­лерінің жол бастауымен түзі­ле­тін тұщымды ақпаратқа толы үш бағдар әзірленді.

– Балалар қойылымды жасау­дың артында қаншама адамның тұрғанын көреді. Біз грим жасау бөл­мелеріне бас сұғамыз, олар әртіс­терге қалай грим жасайтынын, қандай жасанды шаштардың болатынын көреді. Одан кейін костюмерлік цехқа кіреміз. Онда ба­лалар балет пачкасын ұстап көріп, оның қаншалықты жеңіл екеніне көз жеткізе алады. Жеңіл балет костюмдері мен мысал ре­тінде XVIII ғасырдың айбынды опера киімдері арасындағы айыр­машылықты көреді. Аяқ киім цехында балалар нағыз балет пуан­таларын қолмен ұстап көре алады. Оларға бутафор және реквизит цехтары да қызықты болатыны сөз­сіз. Бұл жерде жас көрер­мендер бутафорияның не екендігін және декорациялардың қалай жасалатынын білетін болады. Экскурсия кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталады – балалар бас­тарына каска киеді. Сондай-ақ олардың бағдарына музыкалық кі­тапхана, дайындық залдары мен тағы да басқа қы­зықты жобалар ұсы­нылатын болады, – деп сөзін түйін­деді жоба жетек­шісі Маржан Жәкенова.

Осы орайда театрда бетпер­де тағып жүру, қолды тазартып, зарар­сыз­дандыру, көрер­мен за­лына әлеуметтік ара­қа­­шық­­тықты еске­ріп отыр­ғы­зу­ сияқ­ты санитария­лық нор­­ма­­лар­дың то­лықтай сақтала­тын­дығын атап өту маңызды. Ал «Театр саба­ғынан» оқушылар­дың тең­дес­сіз рухани әсер ала­тын­­дығына се­неміз.