Пікір • 02 Ақпан, 2021

Бірлік – тәуелсіздіктің берік қорғаны

412 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлемнің саяси сипаты уақыт өткен сайын күрделеніп, бірде олай ұйтқып, бірде былай ұйтқып, аттың жалы, түйенің қомында ойнақтап тұрса да, Тәңірге тәубе, тәуелсіз еліміздің тұтастығы мен тыныштығы бұзылмай, көк байрағымыз биікте желбіреп тұр. Әдетте білімді, білікті басшы қай кезде де жедел шешім қабылдай біледі. Халық үніне құлақ асатын мемлекет құруды қолға алып, билік пен қоғам арасында тұрақты диалог қалыптастырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен күндерге жіті үңіліп, жетістігіміз қайсы, кемшілігіміз неде – соның бәрін сараптап, ой елегінен және бір өткізіп, тәуелсіздіктің отыз жылын үш онжылдық белеске бөліп, оған жан-жақты тоқталып, жүйелі талдай келіп: «Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр» деп зор баға бере отырып, түбегейлі қорытынды жасаған.

Бірлік – тәуелсіздіктің берік қорғаны

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Әділетті мемлекет құрылмай жер бетінде шындық салтанат құрмақ емес. Президенттің «Біз әділетті қоғам мен тиім­ді мемлекет құруды көздеп отыр­мыз» деген сөзі барша қауымның ер­тең­ге деген сенімін арттырып, қанат­тан­д­ыра түсті.

Зады, басшы батыл болмай, қосшы ба­тыр болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келгелі бері оң өзге­рістер жасалып жатыр. Шындық­тың шымылдығы түріліп, әлі бір түске ене қоймаған құрақ көрпе секілді қазақ қоғамының бет-бейнесі айқын көріне бастады.

Желтоқсан көтерілісінде алпауыт күштердің елге жасаған зұлмат сұм­дығы мен ақырып теңдік сұраған кө­кө­рім жастарға көрсеткен қорлығы мен зорлығының ащы шындығы күні бүгінге дейін ақиқат тілінде ашық айтылмай бүркемеленіп келіп еді. Мем­лекет басшысының «... азаттықтың алғаш­қы қарлығаштары – Желтоқсан қаһар­мандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деуі тегін емес. Себебі бұның арғы терең астарында ерлікті бағаламау – елге сын деген егеулі найза өткір ой жатыр. Осының өзінен-ақ Президенттің кеудесінде көсемдікке тән қандай асау ағыстар жүріп жатқанын аңғару қиын емес.

Соңғы жылдары қазақ жеріне көз а­лар­т­ып, сұғын қадағандар көбейіп, бұл қай қазақты да алаңдата бастаған еді. Президенттің «жерге байланыс­ты бәрі­міз айқын білетін және бұлжы­май­тын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды» деген берік бай­лауы сенімін семсер етіп сертке ұс­таған азамат ердің сөзіндей ел құла­ғы­на саңқылдап жетіп, көшенің алып-қаш­па желкеуде сөзіне біржола нүкте қойған-ды.

Рас, қай адам да дүниеге патриот болып келмейді. Адамды патриот етіп қалыптастыратын күш: тәлім-тәрбие, сапалы білім, саналы орта және жауап­кер­шілік. Бауыржан Момышұлы ешкім батыр боп тумайды, батырды ситуация жасайды деген. Көкжал заман адамдарды көкжал етпей қоймаған.

Осы орайда Елбасының: «Тәуелсіз­дік­ті қорғау үшін біз тірі болуымыз керек, тірі болу үшін ірі болуымыз керек, ірі болу үшін білімді болуымыз керек» деген аталы сөзі еске түседі. Бұл не де­ген сөз? Бұл ірі болмай, білімді болмай іргелі елге пана, Тәңірі сыйлаған Тәуелсіздігімізге қорған бола алмаймыз деген сөз. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың бойы­на мемлекетшілдік рухты сіңірмей, мем­лекетіміздің мерейі үстем болмай­ды деген мағынада айтылған уәжі Елба­сы­ның аталы сөзіне үйлесіп, Қазақстанның қазіргі саяси жүйесі заман талабына сай дамып келе жатқанын айқындай түседі.

Заманында бүкіл дүниені дүр сіл­кін­­дірген ғұндар неге мықты болды? Өйткені олар қандай жағдайда да мызғымас бірлікте ғұмыр кешті. Ендеше, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басқарып тұрғанда біз бәріміз біргеміз, шайқалмайды іргеміз. Ел бірлігі – тәуелсіздіктің берік қорғаны.

 

Рафаэль НИЯЗБЕК,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері