Аймақтар • 02 Ақпан, 2021

Иірмүйізділер үйірімен жүр

581 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тарбағатай Ұлттық паркінің аумағындағы ұшқан құсқа, жортқан аңға жылына төрт рет санақ жүргізіледі. Соның ең нәтижелісі – қысқы санақ деседі мамандар. Жуықта ғана қорықшылар парк аумағында 17 арқардың жайылып жүргенін көрген.

Иірмүйізділер үйірімен жүр

«Қызыл кітапқа» енген бұл иірмүйізділер қазір тау етегіне жа­қын жүргенмен, көбі нау­рыздың соңына қарай Барқыт­белдің биігіне көтеріліп кетеді. Әлсіз, жаралы арқарлар ғана қысқы мекендерінен ұзап кете қоймайтын көрінеді. «Ар­қар өрген жерге ырыс дариды, оны көрген адамның жолы болады» деп ырымдайды қазақ. Ай мүйізді, жұп тұяқты түз тағыларына ақ­парат және экологиялық мониторинг бөлімінің ғылыми қыз­меткерлері Ринат Қасымбеков пен аңшы-био­лог Азамат Рахимбеков дүр­­бі салып, көр­ген екен. Үс­тірт­те ғана 17 бас жайылып жүрген. Негізінен 10-15 дарақ­тан топтасып, үйі­рімен жү­реді. Арқардың ірісі де осы Тарбағатай, Алтай тау­ла­рын мекен етеді. Ғылыми дерек­терге сүйенсек, салмағы 180 келіге дейін жетеді екен. Үс­кірік желге, шыңылтыр аяз­­ға өте төзімді жануар. Кө­біне­се дәрілік шөптердің гүлі­мен қоректенеді. Қыстың күні де осы шөптерді таудың бөк­терінен іздейді.

– Киелі аңды таудың етек жағынан көріп санап, тіркеп қойдық. Бұл бір күнде көзге түскендері ғана. Алдағы уа­қыт­­тарда фототұзақ құрып қой­­сақ, суретке түсетіні анық. Былтыр 200-дей бас сана­ғы­мыз, дейді Ринат Қасым­беков.

Қорықшылар санақтың ал­­ғашқы күндері таудың ың­ғыл-жыңғылын жалпақ та­банды қар көліктерімен аралап шыққан. Жол-жөнекей арқардан басқа, қасқыр, түл­кі, қоянның іздері де кездескен. Өздері де жиі көзге түседі. Санаққа білек сыбана кіріскенде көзбен көріп қана емес, із бойынша да тіркейді. Фототұзаққа түскендер қоса есепке алынады. Қорадағы қойдай түгендеп қоймаса да, мөлшерін тіркеп, өздері қо­рып жүреді. Тарбағатайдың тұмса табиғаты, аң-құстары, өсімдіктері – қорықшылардың қорғауында.

 

Шығыс Қазақстан облысы

Үржар ауданы