3 қаңтар күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөліміне 27 жастағы қала тұрғынынан арыз түсті. Жәбірленуші өз арызында белгісіз біреудің оның пәтеріне ұрлыққа түсіп, құнды заттарын жымқырып кеткенін көрсеткен. Қаскөй ұрлыққа түскен пәтерден қолына іліккен екі ұялы телефон мен алтын бұйымдарды алып, оқиға орнынан ізін жасырған. Келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құраған.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. 28 қаңтар күні жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары мен кешенді жұмыстардың нәтижесінде осы іске қатысы бар деген күдікпен 54 жастағы күдікті анықталып, ұсталды. Ұсталған азамат істеген іс-әрекетін мойындады, одан айғақ заттар тәркіленді. Тергеу амалдары жүргізілуде.