Үкімет • 25 Шілде, 2024

Су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу тәртібі өзгереді

147 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны салдарынан туындаған күрмеулі мәселелерге  ден қою проблемаларын талдау бойынша кеңес өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу тәртібі өзгереді

Фото: tobolinfo.kz

Кеңесте төтенше жағдай кезінде жедел ден қою үшін республикалық және өңірлік штабтардың өкілеттіктерін кеңейту, техника мен жабдықтарды тасымалдау тетігі, сондай-ақ табиғи апаттар кезінде мүлікті сақтандыру мәселелері талқыланды.

Қанат Бозымбаев Қаржы, ТЖ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне зардап шеккендерге өтемақы төлеу тәртібін қайта қарауды тапсырды.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінен шығынды өту бойынша жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге 291 өтінім келіп түскен. Қаражат Үкімет резервінен бөлінген, бірақ өтініш берушілердің үштен бірі ғана қаражатқа қол жеткізген. 

Су тасқыны кезінде техниканың жетіспеушілігі мәселесі туындады. Оны басқа облыстардан көшіру бойынша жедел шаралар қабылданды. Бірқатар өңірде әкімдер қолда бар автопарк саны туралы ақпаратты білмеген,  кеңесте техниканы арнайы есепке алу құрылымын қарастыру мәселесі ортаға салынды.

«Көлік министрлігі осы талқылауды ескере отырып, техниканы, оның ішінде жеке ұйымдармен тиеу, жеткізу және түсіру алгоритмін пысықтауы қажет. Оларды ТЖ аймақтарына тарту және жеткізу үшін шығындарды өтеу тетігін көздеу керек. Мұның бәрін заңнамалық тұрғыдан реттеп, бір ай мерзімде келісілген ұсыныстар енгізу қажет», деді Қанат Бозымбаев. 

ТЖ кезінде азаматтардың мүлкін сақтандыру мәселелері және апаттар облигациясын шығару мүмкіндігі қаралды.

«Біз бүгін биылғы су тасқыны бойынша қорытынды жасап, келесі жылдың су тасқыны кезеңіне дайындықты бастау үшін арнайы жиналдық. Қазір біз тұрғын үйді қалпына келтіру және залалды өтеу бойынша барлық жұмыстарды уақтылы аяқтауымыз керек. Ең бастысы, зардап шеккендер күзге дейін баспанамен қамтамасыз етілуі тиіс. Көктемге дейін әлі уақыт бар. Бірақ су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары күзде аяқталуы керек. Су тасқыны қателікті, орындалмаған жұмыстарды және жеткіліксіз қаржыландыруды кешірмейді», деді вице-премьер.

зз