Оқиға • 03 Ақпан, 2021

Ерліктаным елге керек

413 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көрнекті мемлекет қайраткері, қарымды қаламгер Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Өшпес ерлік» мақаласын (№20,29 қаңтар, 2021 жыл)оқып шыққаннан кейін есіме Константин Симоновтың «Тірілер мен өлілер» эпопеялық романы түсті. Онда әскер саны, қару-жарақ саны, түрлері, жойқын, қырғын шайқастардың тарихи мәліметтері қисапсыз.

Ерліктаным елге керек

22 миллион адамды жер жастан­дырған сұмдықтың энциклопедиясы іспеттес. Дегенмен, ойыма соғыс пен жеңістің ұлы тарихы жайлы оқып-тоқығандарымның арасынан Василь Быковтың шығармалары үлкен әсер береді. Неге? Беларусьтың осы бір ғажайып жазушысының соғыстағы ұлы жеңістің қалай келгені, қалай келетіні жайында жасайтын өзіндік өзгеше пайымы таңғаларлық. Ол жеңіске әскердің қалың қолы, қаптаған қару-жарағынан бұрын адам-жауынгердің жеке басының намысы үшін, ары үшін құрбандыққа саналы түрде бара алатын ерен ерлігі жеткізеді дегенді білдіреді. Мұхтар Құл-Мұхаммед Ыбырайым Сүлейменов туралы жазғанда, міне, сол жарық дүниеге ерлігі рухымен келетін ерекшелерді еске салады. Қалың әскердің қатарындағы қанды шайқастың әңгімесі басқа. Онда кім қанша жаудың жанын алды, кімнен кім асып түсті, білу мүмкін емес. Санап тұрған ешкім жоқ. Ал снайпердің жағдайы басқа.

Мергендік – аңдысқан жау алмай қоймайтын жекпе-жек. Қылт еткенді қылпып түсіретін жылдамдық. Бас­қаша айтқанда, бұл туа бітетін қа­сиет. Даламыздың «сұрмерген» де­ген атауының арғы түбінде сол жатыр. Швед саяхатшысы, географ әрі этнограф Свен Гердин: «...Қор­ша­ған табиғатқа қарап қазақтар жерді жақ­сы біліп, сезіне алатын, қырағы көз­ді екенін айтуға болады. Әрбір ағаш­ты, жерде жатқан әрбір тас­ты бі­леді, тастар көп не аз болатын жер­лерді, топырақтың барлық тегіс емес тұстарын байқап, есінде ұстайды, ондай жерде еуропалық адам ерекше құралдардың көмегінсіз жол таба алмайды. Қазақ күншығыстан көрін­ген аттың түсін, басқа жолау­шы бір­деңе көремін деп әуре болып жат­қан­да, бірден ажыратып ала­ды. Қазақ жолаушыға күшті бинокль­мен қа­раған күннің өзінде қара нүкте бо­лып көрінетін арбаның әрі, не бері қоз­ғалып бара жатқанын бірден біледі», деп жазғаны еске түседі. Өзге мерген­дерден Ыбырайым Сүлей­менов­­тің ар­тық­шылығы, ол – әлгіндей қа­сиетті ұлт­тың ұлы, дала перзенті. Неміс­тің ат­тан айнымайтын тұлып жасап қой­ған амал-айласын сол қанында бар ба­й­­қа­ғыштығы болмаса аңдай алар ма еді?!

Даламызда мергендерді көз­деп ататындар немесе кезеп ататындар деп екіге бөліп атаған. Кезеп ататындар өте жылдам болған. Ы.Сүлейменов 289 жауды жайратқанда оның әлгіндей ерекшелігін бағамдаймыз. Қыбыр еткенді көздеп жатпай, қолма-қол кезеп атып, жайратып салатын болған. Ол да өз дәуірлерінде не көрмеген қазақтың жау көргенде салған жерден садақтай тартылып шыға келетін сайыпқырандық белгісі деген сөз.

Соғысқа кіргеніне небәрі екі жарым айда сұрмергеніміз 217 жауды жеке-дара жайпағанда (Калинин майданы) айтылатын ақиқат: Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында бірде-бір снайпер мұндай нәтижеге қол жеткізіп көрмеген. Атақты әскер басшылары оған Кеңес Одағының Батыры атағын беруді ұсынған. Үш бірдей генерал қолдап жатса да есіл ерге сол атақ берілмеді. Қасым Қайсенов: «Соғыста көп жауынгер батыр атағын алып жатты, ал енді соның талайы не үшін алғандарын да білмейді», дегенін құлағымызбен естігенбіз.

Ы.Сүлейменовтің майдан шарла­ған ерлігі елге де жетіп жатты ғой. Ол туралы жарықтық Жамбыл жыр, Балтабай Адамбаев дастан шығарды. Осы орайда, мақалада көрсетіл­ген генерал-лейтенанттың естелігін қайталай кеткім келеді. «Мергендердің армиялық мергендік жарысында сөз сөйлеген Ыбырайым Сүлейменов: «Мен неге Москваны қорғадым, менің Қазақ­станым Москвадан алыста. Москва – барлық Кеңес адамдары­ның астанасы. Ол – менің де астанам. Міне, Москваны қорғауым осы­дан шы­ғады. Мен егер жауды тоқтат­па­сам, құртпасам, ол менің Қазақ­ста­ны­ма да жетуі мүмкін», деп айт­қа­нын жазған. Осыны айтқан Ы.Сү­лей­­менов­ке Москва батыр атағын қимады.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Қиыр Шығыстың қарлы боранында ну орманды мекендейтін, ұзын-саны қазақтың бір ауылына да жетпейтін нанайлардың өжеттігіне бекер тоқталмаған. Максим Гассир деген нанайлық мерген 237 жауды жайратып, сол үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен ғана марапатталғанын мүлде місе тұтпай, ешкімнен жасқанбай, жаға­дан алып, тебініп теңдік сұраған, ақыр соңында Владимир Путиннің Жар­лығымен атақты Дерсу Узаланың інісі М.Гассирге Ресей Батыры ата­ғын бергенін жай айта салған жоқ. Айтайын дегені – алақандай нанай­лар­дың ұлттық намысқа шапқан өжет­тігі. Біз көп жағдайда «Құдай салды, біз көндіктің» әуенімен жүре береміз.

Түптеп келгенде, бұл қан майданда мерт болған Ы.Сүлейменовке қажеті жоқ, қазаққа керек. Қазақтың рухына керек, қазақтың тарихына керек, қазақтың намысына керек, әділеттің салтанат құру дәуіріне келіп жеткенін көру үшін керек. Ерліктанымсыз, соның дәлелі – ерлердің есімдерін ел есінде сақтап қалудың мүмкіндігін жоғалтып алмағанымыз ләзім.

 

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері