Экономика • 03 Ақпан, 2021

Қай елдер қарқынды дамиды?

586 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Коронавирус пандемиясының әлем елдеріне келтірген шығыны орасан. Көптеген адамның өмірін жалмағаннан бөлек, індеттің салдары экономикаға да ауыр тиіп отыр. Туризм секілді қызмет көрсетуге бағытталған көптеген сала қазіргі таңда үлкен тоқырауға ұшырады. Соның салдарынан шартараптың түкпір-түкпірінде жұмыс орындары жабылып, азық-түлік тапшылығы байқала бастады. БҰҰ келтірген мәліметтерге сүйенсек, биыл 800 миллион адам аштыққа ұрынуы мүмкін. Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы жариялайтын бүгінгі мақалалар топтамасында пандемияның зардабы туралы сөз болады.

БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Марк Лоукок пен Дүниежүзілік банктің басқарушы директоры Аксель ван Троценбург бірлесіп жазған мақалада азық-түлік тапшылығына жол бермеу шешімдері жайлы айтылады. Авторлардың пайымдауынша, миллиондаған адамның аш қалмауы үшін алдын алу шараларына ерекше мән беру қажет. Сонда ғана жаһандық ашаршылыққа жол берілмейді.

Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі және Үндістан үкіметінің бас экономикалық кеңесшісі Каушик Басу өз мақаласында алдағы он жылдыққа болжам жасайды. Оның сөзіне сүйенсек, келешекте үш мемлекеттің экономикасы қарқынды дамымақ. Олар: Оңтүстік Корея, Вьетнам және Мексика. Аталған елдер бір-біріне ұқсамаса да, дамудың өзіндік тәсілін ұстанады.

Әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Қай елдер қарқынды дамиды?

ИТАКА. 2021 жыл енді басталды. Коронавирусқа қарсы вакциналардың жаппай салына бастауы, Ақ үйдің басшысы ауысуы бізге үлкен үміт сыйлайды. Ендігі жерде әлемдегі жағдайға қорқынышпен қарамаймыз, керісінше келешектен зор мүмкіндік күтеміз. Міне, кезекті онжылдық басталар тұста қай мемлекеттердің дамудың серпінді жолына түсетінін болжап шығудың сәті келді.

Меніңше, Оңтүстік Корея, Вьетнам және Мексика – даму­дың тың жолына түрен салған мемлекеттер. Оңтүстік Корея дамыған ел екені белгілі. Әлемдік банктың есептеуінше, Вьетнам табысы жағынан Үндістан мен Бангладеш секілді орташа деңгейлі мемлекеттердің тө­менгі сатысында. Ал Мексика өз кезегінде Колумбия, Ботсвана, Индонезия тәрізді табысы орташа елдердің тізімін бастап тұр. Болжамым бойынша осы үш ел алдағы онжылдықта басқаларға қарағанда қарқынды дамымақ.

Оңтүстік Кореяны таңдаған­нан қателеспейтініміз түсінікті. 1970-жылдардан бастап, Пак Чон Хидің президенттігі кезінде ел экономикасы қарқын алып, жиырма жылға жуық уақыт бойы өсіп отырды. 1997 жылғы Шығыс Азия елдеріндегі қаржы дағдарысы ғана мемлекеттің одан әрі дамуын біршама тежеді.

Бай елдердің кедей мемлекеттерге қара­ғанда даму қарқыны бәсең болады. Бірақ әл-ауқаты жоғары мем­лекеттер ішінде Оңтүстік Корея­ның шоқтығы биік. Оның басты себебі адам капиталына мол инвестиция құйғанына бай­­ла­нысты. 2019 жылы елде мил­лион тұрғынға шаққанда 3919 патент беріліпті. Яғни Оң­түс­тік Корея басқалармен са­лыс­тыр­ғанда әлдеқайда озық тұр. Тізім­нің екінші сатысына жай­­ғасқан Жапонияда бұл көрсет­­кіш 1943-ке тең. Қытай мен АҚШ-та оның көлемі тиі­сінше 890 және 869-ға жетті. 2019 жыл­­ғы сәуірде Оңтүстік Корея бүкіл ел аумағында 5G тех­ноло­­гиясын жаппай қосуды жүзеге асыр­ған алғашқы мемлекет атанды. Кореялық фирмалар 2026 жылға қарай жаһандық 5G нары­ғының 15 пайызын иеленуді жоспарлап отыр.

Оған қоса, Оңтүстік Корея бас­қа елде жиі жіберілетін қа­телікті қайталамай, мұғалім таң­дау мәселесін оңтайлы шешуде үлкен жетістікке қол жеткізді. Көптеген зерттеушілердің, атап айтқанда Абхиджит Банерджи мен Эндрю Ньюман, Одед Галор мен Джозеф Зейраның пайымдауынша, әдетте мектептегі мұ­ға­лімдер берілуге тиіс жалақыдан аз айлық алады. Меніңше, жақсы білімнің әсері келешек ұрпаққа берілетіндіктен, ұстаздардан ақша аямау керек. Сондықтан жақсы мұғалімдер климат саясаты секілді. Олар қазіргі таңда шешім қабылдауға әсер ете ал­май­ды, бірақ келешек ұрпақ ұс­таз­дар еңбегінің тиімділігін көреді.

Оңтүстік Корея елдегі ең та­лант­ты адамдарды ұстаздық етуге шақырды. Нәтижесінде, мек­­теп мұғалімдері мемлекеттегі ең бай адамдар қатарына кірді. Мұ­­ның жарқын мысалы – Интер­нет­те математикадан сабақ беру арқы­лы бір жыл ішінде 8 миллион дол­лар тапқан Ча Кил Ённың жетістігі.

Президент Мун Чжэ Иннің анағұрлым әділ және ашық қоғам құруға бағыттаған күш-жігері де зор үміт сыйлайды. Пре­зиденттің ресми резиденциясын «Көк үй» сарайынан Сеулдің орталығындағы қарапайым үкі­меттік кешенге көшіру секілді әре­кеттері символдық мәнге ие болса да, өте маңызды. Менің ойымша, Оңтүстік Кореяның жан басына шаққандағы табысы алдағы он жыл ішінде Жа­пониядан асып түседі.

Вьетнамда 2010 жылы жан басына шаққандағы табыс 1297 долларды ғана құраған-ды. Сөй­тіп, Үндістан және Қытаймен бірге әлемдегі ең тез дамып келе жатқан экономиканың үштігіне кірді. Бірақ аталған екі мемлекет Вьетнамнан бай еді. Содан бері елде қарқынды даму басталып, он жыл ішінде бұл үрдіс бәсеңдеген жоқ. Қазіргі таңда жан басына шаққандағы кірісі Үндістаннан асып түсті.

Елдегі мұндай сәттіліктің ір­гетасы 1986 жылы, Вьетнам ком­мунистік партиясының ал­тыншы ұлттық конгресі коман­да­лық экономикадан нарықтық бағдарланған модельге көшу туралы Дой Мой саясатын қа­был­даған кезде қалана бастады. Кейінгі жылдары Вьетнам өзі­нің салық жүктемелерін төмен­детіп, сауда және шетелдік ин­вес­торларға шекарасын кеңінен ашты. Адам капиталына көп қаражат салды.

Вьетнамның коронавирус пандемиясымен күресудегі тиім­ді тәсілі экономикаға түсетін сал­мақты азайтты. Елдегі өлім-жі­тім­нің деңгейі миллион адам­ға шаққанда  0,4-ті құрады. Сон­дай-ақ 2020 жылы экономика 2,9 пайызға дамыды. Басқа ел­дер­дің осындай кезеңде экономи­касы тұралап жатқанын ескерсек, бұл – керемет жетістік. Қа­зіргі таңда құйылып жатқан тұрақты шетелдік инвестициялар Вьетнамды әлемдегі жетекші өндіріс орталықтарының біріне айналдыруы мүмкін.

Вьетнамнан айырмашылығы сол, Мексика пандемиядан қат­ты зардап шегіп отыр. Кейінгі кезде вирус жұқтырған әлем көш­басшыларының бірі атанған ел президенті Андрес Мануэль Ло­пес Обрадор індетпен күрес­те тиісті шараларды дұрыс қа­был­да­мағаны үшін жауап беруге тиіс. Соған қарамастан, Ан­дрес Мануэль 2018 жылы пре­зи­дент­тікке сайланғаннан кейін Мек­сиканың келешегі жарқын деген үміт оты тұтанды. Ол Мек­­си­каның «Төртінші трансформация­сы» деп аталатын про­грессивті экономикалық бас­тама көтерді. Бұл жоба өсуге ықпал етіп, элиталық артық­шы­лық­тарды жоюға бағытталған. Бастаманың бекер емесін баса көрсету үшін Андрес Мануэль қарапайым резиденцияны таң­дап, Лос Пинос президенттік са­райында тұрудан бас тартты.

Вьетнам секілді Мексиканың да әлемдік өндіріс хабына айналуына зор мүмкіндік бар. Былтыр күшіне енген АҚШ – Мексика – Канада келісімі (USMCA) осы үш экономиканың интеграция­сын одан әрі дамытады. Шын мәнінде, АҚШ пен Канада тарапы капитал және озық технологиялармен, Мексика жұмыс күшімен қамтамасыз етсе, аймақ қайта жанданып, Қытайды басып озуы мүмкін. Енді АҚШ президенті Джо Байден қызметіне кіріскен соң, үшжақты қатынастар жақ­са­руы керек. Үш мемлекеттің де келі­сімнен ұтары көп. Бірақ Мек­сика үшін USMCA-ның берері көп, өйт­кені елдің даму қарқыны жоғары.

Сөз соңында Үндістандағы түсініксіз жағдайды айта кеткен жөн. Бірнеше жыл бұрын елдегі қарқынды даму жылына шамамен 9 пайызды құрап, әлемдегі экономикалық жетістіктің нағыз үлгісі саналған. Бірақ кейіннен экономика құлдырап, өсім 2016 жылдан 2020 жылға дейін өсім көрсеткіші төмендеді. Ел тәуел­сіздік алғаннан бері мұндай регресс болған емес.

Әрине, Үндістан – дамушы эко­­но­микалардың бірі. Елде әлем­­­дік деңгейдегі ақпарат­тық тех­­нологиялар секторы, күшті фар­­­мацевтикалық өнді­ріс және аз да болса жоғары білім­ді жұмыс­­кер­лер бар. Бәрі­не кінәлі – ел­дегі се­­німді жоғал­тып, кейін­гі бір­неше жылда ин­вестиция­лар­­дың тұ­рақты тө­мендеуіне әкел­ген жік­­шілдік сая­сат. Егер Үндіс­тан сая­си сахнасын тазартса, жаһан­дық дамушы елге айналады. Бі­рақ бұл «егер» күйінде қалып отыр.

 

Каушик БАСУ,

Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі және Үндістан үкіметінің бас экономикалық кеңесшісі, Корнелл университетінің экономика профессоры

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org