Бүгінде қоғамдық бірлестік ретінде Әділет министрлігінің тіркеуінен өтіп, алғашқы қанатқақты жобаларын жариялап үлгерген ұйымның он құрылтайшысы бар. Бәрі жиырма мен қырықтың аралығындағы жастар. Атап айтсақ, Есболат Айдабосын, Айнұр Төлеу, Жангелді Немеребаев, Азамат Нұрмұхан, Асыл Сұлтанғазы секілді қыз-жігіттер. Клуб мүшелері де жастар, қырық бес жасқа дейінгі жас ақын-жазушылар қабылданады. Бұл ретте Алматы облысының шалғай аудандарында тұратын авторлар да ұмыт қалмайды. Олар әдеби клубтың сол өңірдегі өкілі қызметін атқармақ.
«Janr» әдеби клубы өз жұмысын Мұқағали өлеңімен бастады. Нақты айтқанда, ақиық ақынның 90 жылдығына орай «Мұқағали оқулары» эстафетасын жариялаған болатын. Бүгінде сол науқанға еліміздегі бірталай қаламгер атсалысып, әлеуметтік желіде әдеби серпіліс тудырды. Жанрдың бұдан бөлек жоспарлары көп екен. Мысалы, биылдың өзінде Алматы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесіп оннан аса шара ұйымдастырмақ. Оның ішінде балалар әдебиетіне арналған байқаулар өткізу, әдеби өлкетану бойынша кітаптар шығару, аудио кітаптар әзірлеп, оны тарату секілді ірі жобалар бар. Сонымен қатар жетісулық әдебиет алыптарының мерейтойлары да басты назарда. Бұл ретте жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығы, Сайын Мұратбековтің 85 жылдығы өз деңгейінде тойланбақ. Клуб жетекшілері өңірдегі қаламгерлердің танымалдығын арттыру, білім-білігін көтеру мәселесіне де баса назар аудармақ. Бұл ретте ақын-жазушылардың шығармашылық кештері мен кездесулерін ұйымдастыру, әдеби талқы, шеберлік класс, тренингтер жасамақ.
Жалпы, соңғы уақытта Жетісу әдебиетінде бір сілкініс байқалады. Жергілікті билік те әдебиетті қолдауда өзге өңірлерге үлгі боларлықтай жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жыл сайын қырыққа жуық автордың кітабы жарық көреді. Облыста тұратын қаламгерлердің бір парасына әкімнің арнайы стипендиясы тағайындалған. Бірер жыл бұрын облыс әкімі Амандық Баталов жас қаламгерлерге баспана сыйлағанын да білеміз. Бұл да болса әдебиетке үлкен қамқорлық. Сондықтан «Janr» секілді әдеби бірлестіктің басқа емес, Алматы облысында өмірге келуі заңдылық іспетті. Біз өз кезегінде клуб жұмысына сәттілік тілейміз. «Janr» қаламгерлердің шығармашылығын жаныр қайрақ болсын!