Білім • 03 Ақпан, 2021

Биотехнология мамандарына сұраныс көп

439 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Пандемия кезеңінде биотехнология саласындағы ғылыми зерттеулер мен эксперименттік әзірлемелер бойынша қызмет көлемі артқан. Сонымен бірге еnergyprom.kz деректері елімізде биологиялық қауіпсіздік және биотехнология саласында жұмыс істейтіндердің саны 2,5 мыңға жуық, ал 19 жоғары оқу орнында 4 мыңдай болашақ маманның білім алып жатқанын растайды. Осы орайда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биология және биотехнология факультетінің деканы, биология ғылымдарының докторы Болатхан Зияданнан болашақ түлектерді дайындаудағы заманауи мүмкіндіктер жайында сұраған едік.

Биотехнология мамандарына сұраныс көп

1934 жылы құрылған факультет 2011 жылдан бері мамандар даярлауда қосымша міндеттер жүктелуіне байланысты биология және биотехнология факультеті болып қайта құрылған. Қазіргі кезде факультеттегі студенттер саны 2 451 болса, оның 155-і – шетел­діктер. Студенттерге 200-ден астам профессор-оқы­тушылар сабақ береді. «Факуль­тетіміздегі профессорлар мен оқытушылардың 80 пайызға жуығының ғылыми дәрежесі болса, олардың ішінде 6 академик, 20 профессор бар. Профессор-оқытушылар құра­мының белсенділігін арттыру нәтижесінде соңғы екі жылда гранттық қаржыландыру көлемі екі есе өсіп, түрлі бағыт бойынша халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жұмыстары жүзеге асып келеді. Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасы бойынша 30-дан астам студент академиялық ұтқырлық шеңберінде Еуропалық жо­ғары оқу орындарында, атап айтқанда, Франция, Италия, Норвегия, Германия, Испанияда білім алу мүмкіндігіне ие болды. PhD докторанттарды 25-тен астам елдің ғалымдары бірлесіп даярлауға қатысуда. Факультет соңғы бес жылда 30-дан астам ғалымды дәріс оқуға және бір­лескен зерттеулер жүргізуге ша­қырды. Ал биылғы оқу жылынан бастап, бірқатар елден 5 ғалым онлайн режімінде дәріс оқуға шақырылды», деп атап өтті Б.Қазиханұлы. Ал факуль­теттегі 2 ғылыми зерттеу инс­титуты – биология және биотехнология мәселелері институты, экологиялық мәселелер инс­титуты, 4 ғылыми-зерттеу ор­та­лығы – биобаза, агробиос­танса және биологиялық объек­тілерді физикалық және хи­мия­лық әдістермен зерттеу зерт­ханасының өз алдына мүм­кіндігі зор.

Б.Қазиханұлының айтуынша, ҚХР, Моңғолия, Мы­сыр, Украина, Өзбекстан, Түрік­мен­­стан, Пәкістан, Ауғанстан және басқа да елдерден оқуға түсіп, ғылыми жұмыстарын сәт­ті қорғап жүрген студенттер – университет мақтанышы. Өйт­­кені олар шетелде де елі­міздің даңқын асыратыны анық. Осы орайда ғылыми ба­ғыт­тағы жұмыстарды күшей­ту және оң нәтижелер бере­тін ғылыми кадрларды даяр­лау тұжырымдамасы мен бағ­дарламасы әзірленді. Бұл ша­ра­лардың барлығы профес­сор-оқытушылар құрамының, сондай-ақ жас ғалымдар мен докторанттардың ғылыми жа­рия­ланымдық белсенділігінің артуына ықпал етті. Нәтиже­сінде, 2019-2020 оқу жылында факультеттің Scopus деректер базасында индекстелетін ғы­лыми журналдардағы жарияланымдар 90-ға жеткен. Оның жартысы шетелдік ғалымдармен бірлесе жарияланды.

«Факультеттің еңбек сіңір­ген профессорлары мен жас ғылыми зерттеушілеріне ғы­лым мен оқу процесінің дамуы­на қосқан үлесі үшін түрлі мем­лекеттік марапаттар мен стипен­диялар беріліп жатады, бұл мемлекеттің ғылым саласына жасалған қамқорлығы», деді Б.Қазиханұлы. Ол жас оқыту­шылардың ғылыми өсуі, оларды материалдық-техникалық тұрғыдан қолдау маңызды еке­нін айта келіп, бұл бағытта ар­найы мамандандырылған жаб­дықтар алынғанын жеткізді.

Ғылым тоқтаусыз алға жылжып келеді. Бұл ретте сту­дент­тердің жоғары технология­ларды, цифрлы жүйені уақыт оздырмай меңгергені маңызды. Ғылыми мектептердің құрылуы, осы саладағы зерттеулерді жүр­гізу үшін шаруашылық келісім­шарттардың жасалуы және фа­культеттің жұмысын ұйым­дастыру мен басқаруды күшейту озық ғылыми жетістіктерге же­те­­лейтіні анық.

 

АЛМАТЫ