
Ертең, 22 желтоқсан күні Беларусьтің астанасы Минск қаласында қазақ күресінен осымен төртінші рет өтетін әлем чемпионаты басталады. Бұл туралы www.egemen.kz тілшісі хабарлады.
Әлем чемпионаты 22 желтоқсан күніне дейін жалғасады. Оған 30-дан астам елдердің құрамалары қатысады. Қазір Беларуське 29 елдің өкілдері табан тіреп үлгерді. Ал жарыстың өзі Минскден 18 шақырым жерде орналасқан «Стайки» спорттық базасында өтеді. Бұл спорт кешенінің КСРО кезінде одақтық деңгейдегі спорт ордасының болғанын білеміз. Оған кеңес Одағының әр түкпірінен спортшылар мен жаттықтырушылар жиналып, Олимпиада, әлем чемпионаттары сияқты үлкен додаларға дайындалатын. Қазіргі кезде де ол ТМД көлемінде маңызын жойған жоқ. Оған дәлел ретінде төл күресімізден әлем чемпионатының «Стайки «спорттық базасында өтетінін айтуға болады. Ал финалдық белдесулер Минскде өтеді. Онда финалға жолдама алғандар еркін күрестен үш дүркін Олимпада чемпионы Александр Медведьтің күрес сарайында белдеседі. Алаң иелерін айтпағанда, біздің елдің ұлттық құрамасы Минскіге бәрінен бұрын келді. Біздің спорт делегациясымыз 19 желтоқсан күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 08.00-де келіп, «Стайки» спорттық базасына орналасты. Астана мен Минскінің сағат айырмашылығы 3 сағат екен. Яғни, Астананың уақыты Беларусь астанасынан 3 сағат алда. Сол себепті балуандар келген күннен бері жергілікті уақытқа, ауа-райына бойарын үйретіп, жаттығуларын жасап жатыр. Жалпы, біздің елден әлем чемпионатына 8 балуан келді. Соның бесеуі өз салмақтарында күрессе, қалған үшеуі қосалқы құрамда қалып отыр. Балуандардың жарысқа дайындығы жақсы деп айтуға болады. Қосалқы құрамдағы балуандардың өзі таңертеңнен ерте тұрып, спорттық базаны айнала жүгіріп, жарысқа қатысып қаламыз ба деген үмітпен дайындалып жатыр. Соның ішінде өзімізбен қонақ үйдің бір номерінде жатқан 60 кило салмақтағы Амангелді Сатыбалдинов күн сайын салмағын қуып, дайындалуда. Жарысқа ұлттық құрама Жеңіс Биткөзовтің басшылығымен жаттығуда. Енді кілемге шығатын балунадарға келсек,ең жеңіл салмақта Абзал Арыстанбеков белдеседі. Оның резервисі жаңа біз айтқан Амангелді Сатыбалдинов. Келесі 70 кило салмақта Ерлан Естек қатысады. Бұл екеуі жақында Таразда өткен «Еуразия барысы» турнирінің жеңімпазы атанған балуандар. 80 кило салмақта Ерсін Мұхамеджанов кілемге шығады. Одан кейін 90 кило салмақта Мұхит Тұрсынов белдессе, ең ауыр салмақта биылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров күш сынасады. Бұл додаға белгілі бір себептермен «еуразия барысы» Бейбіт ыстыбаев қатыспайды. Ол жарысты жанкүйер ретінде ғана тамашалайды.
Бүгін, 21 желтоқсан күні «Стайки «спорттық базасында мандаттық комиссияның отырысы мен балуандардың салмақ өлшеу рәсімі өтті. Ал ертең іріктеу белдесулері өтеді. Онда қазақ күресінен басқа да жарыстар өтеді деп жоспарланып отыр. Мысалы, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкиевтің айтуынша, әлемдік дода кезінде қазақ күресінен Беларусь чемпионаты, қырғыздардың алыш күресінен жарыстар өтсе, украиндер де өздерінің ұлттық күресін көрсетуді жоспарлап қойыпты. Осыдан кейін чемпионат кезінде Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының отырыс өтіп, онда федерацияның президентін сайлау, келесі әлем чемпионаты өтетін елді анықтау мен басқа да маңызды мәселелер қаралады.
Дастан Кенжалин.
Дереккөз: egemen.kz.