Ғылым • 04 Ақпан, 2021

Іргелі ғылымды дамытудың келешегі зор

1630 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жуырда Білім және ғылым министрлігінің жалпы отырысында министр Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарының ғылымды дамытудағы үлесі, нәтижесі хақында мәселе қозғады. Бүгінде ғылыми-зерттеу саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген жастар жетерлік.

Іргелі ғылымды дамытудың келешегі зор

 

Осы орайда математика және мате­ма­тикалық модельдеу институтының бас директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Махмұд Садыбеков ғылым саласын қаржы­ландырудың соңғы жылдардағы же­тіс­тіктеріне тоқталды. Біліктілігі жоға­ры мамандарды даярлау мен зерттеу мақ­сатында 1945 жылы ашылған КСРО ҒА қазақ бөлімшесінің математика және механика секторы бүгінде ғылыми инс­титут дәрежесінде отандық ғалымдар даярлау ісінде көш басында тұр. Ғылыми жұмыстар жүргізу мен жаратылыстану үрдістерін зерттеу, жаңа әдістерді әзірлеу арқылы қазақстандық математикалық ғылымды дамытуды мақсат ете отырып Математика және математикалық модельдеу институтының мамандары заманауи ғылыми бағыт бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулерді әлемдік деңгейде жүзеге асырып келеді. Махмуд Әбдісәметұлы атап өткендей, 2025 жылға дейін ғылымға бөлінетін қаржының жеті есеге дейін өсетіні салаға серпін берері сөзсіз. Былтыр институт мамандары тарапынан 27 гранттық жоба жүзеге асса, Web of Science және Scopus халықаралық журналында математик-ғалымдардың 80-нен астам ғылыми мақалалары жарық көрген. Ғалымның қатысуымен онлайн кеңістікте өткен сұхбатымызға Ұлыбританиядан – Болыс Сәбитбек, Алматыдан – Қанат Төленов, Белгиядан – Айдын Қасымов, астанадан – Дөрбетқан Сұраған қатысып, отандық ғылымды дамыту, салаға жастарды тарту туралы ойларымен бөлісті.

 

Жастар арасында насихат кемшін

Болыс СӘБИТБЕК,

1

PhD доктор. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ постдокторанты. «Болашақ» бағ­дарламасымен Атланта, АҚШ, Georgia Institute of Technology магистратурасында аэроғарыштық инженерия мамандығы бо­йынша білім алған. Scopus-тағы жарияланымдар саны – 13. Heidelberg Laureate Forum 2018 грантын жеңіп алған. Ха­лықара­лық ғылыми форумның лауреаты (Гейдельберг қ., Германия).

Қазіргі кезде Болыс Сәбитбек Лон­донда Queen Mary университетінде тә­жіри­бе жинауда. Б.Сәбитбек бұл елде ғылымға құрметпен қараумен қа­тар математиканың өзге салалардан айыр­ма­шылығы анық аңғарылатынын айтады. Мәселен, басқа салада деректер, мәліметтер өзгеріп отыратын болса, салыстырмалы түрде алғанда математика – өзгермейтін ғылым. Сондықтан да кеңестік кезеңде идеологияға ұшырамаған сала ретінде дамыды. Бүгінде сол кеңестік кезеңде білім алған бірқатар математик ғалымды шетелде де кездестіруге болады. Ал дағдарыс жылдарында аға буын мен жастар арасында еліміздегі математика ғылымын дамытудағы байланыс үзіліп қалды. Десек те отандық математика ғылымын дамыту, жастармен жұмыс жүргізуде Махмұд Садыбековтай ұстазы мен Дөрбетқан Сұраған, Нияз Тоқмағамбетов, тағы да басқа ғылымдағы жастардың еңбегі зор деген Б.Сәбитбек мемлекет тарапынан жастарды ғылымға тартуда, насихаттау мәселесінде қолға алатын мәселелер көп екенін айтады. Ал математика ғылымының жеткен же­тістіктерін әрі қарай дамыту жекелеген ғалымдардың иығына салмақ болып түс­пеуі керек. Өйткені ғылым жолына келген әрбір ғалымның алдында үлкен жауапкершілік тұр. Оны абыроймен атқару үшін ұжым болып жұмыс істеу маңызды.

 

Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін тарту керек

Қанат ТӨЛЕНОВ,

1

PhD доктор. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ постдок­торанты. Ауст­ра­лияның Сидней қа­ла­­сын­да­ғы Жаңа Оң­түс­тік Уэльс универ­си­те­тінде «Бо­ла­шақ» бағ­дарламасымен 1 жыл тағы­­лым­да­­ма­­дан өткен. Білім және ғылым минис­­трлігі тағайын­дай­тын 35 жас­­қа дейін­гі та­лантты жас ға­­лым­дарға арналған мемлекеттік ғы­лыми стипендияның 2016-2017 және 2020-2021 жылдардағы иегері. Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дің ең үздік «Жас ға­лым» номинациясының 2019 жылғы ие­ге­рі. Scopus-тағы жарияланым саны – 22. 7-ші Гейдель­берг Лауреаттар форумына қаты­сатын математика және компью­терлер ғылымдары бойынша дүние жүзінен таңдап алынған 200 жас ғалым­ның бірі (Гейдельберг, Германия, 2019 ж.).

Қанат Төленов ғылымға келуде аға буынның ықпалы зор болды дейді. Университетте өтетін семинарларда Т.Кәлменов, М.Садыбеков, Б.Қанғожин сияқты академик және профессор ұс­таздарынан тәлім алған ол бүгінде жас­тарды ғылымға тартуда үгіт-на­сихат жағы жетіспейтінін айтты. Ғы­лымның не екенін, одан қан­дай нәти­же шығатынын түсінбейтін жастар көп. Осы орайда математика ғылымын дамыту үшін халықаралық олимпиадаларда топ жарған жеңімпаздар ғылымға келуі қажет. Халықаралық бәйгеде алтын алып, топ жарудың өзі қандай жетістік болса, маңдай тер мен ерен еңбекті қажет ететін ғылымда да жоғары нәтиже бар. Бүгінде осы олим­пиада жеңімпаздарының арасында математика ғылымымен айналысып жүр­ген­дері жоқтың қасы. «Сондықтан да олим­пиада жүлдегерлерінің сыйақысын халықаралық додаларда топ жарған спортшылардың сыйақысы деңгейіне кө­теру қажет» деген ұсыныс тастай отырып, мұндай қолдау жас ғалымдардың ғы­лымға көптеп келуіне мүмкіндік бере­ді, дейді Қ.Төленов.

«Бұрын университеттердің про­фес­сор-оқытушылары мектеп оқу­шы­­ларына арнайы сабақтар өтетін. Жазғы курстар ұйымдастырылып, жоғары оқу орындары мен мектептер арасындағы байланыс жақсы жолға қойылған-ды. Бұл алаңдарда ғылымда төңкеріс жасаған атақты А.Колмогоров, В.Арнольд және т.б. көптеген ғалым дәріс бергені белгілі. Сол кезеңдерде математика ғылымына келген олимпиада жүлдегерлері үлкен жетістіктерге жетті. Кезінде Ленинград, Мәскеу, Новосібір университеттерінен оқыған аға буын осы үш мектептен алған білімді елімізге алып келді. Нәтижесінде, математика ғылыми тұрғыдан дами түсті. Ал еліміз бастан кешкен дағдарысты жылдарда ғылымның дамуына материалдық жағдай кері ықпалын тигізсе, бүгінде тәуелсіз елдің талай талантты жас­та­ры Google сияқты халықаралық ком­­панияларда жұмыс істеп жүр. Міне, жастардың табыс іздеп, ғылымға кел­ме­уінің бір себебі жайлы тұрмыс, жақ­сы жалақы іздеуінің төркінінде жатыр. Тіптен маман жоқ болғандықтан, бүгінде математика ғылымында игермеген салалар бар», деді ол. Ал соңғы жылдарда қазақстандық студенттердің шетелдік университеттерде білім алып, тәжірибе алмасуын саланың жағымды жағымен байланыстырған ғалым 2010-2012 жылдары шетелде білім алудың өзіне де пайдасы тигенін айтады. Бұл бағытта білім алып қана қоймай, тың зерттеу салаларын да меңгере алды. Шетелдік профессорлардың да ықпалы зор болды. 2017-2018 жылдарда 1 жыл Аустралияда, 2011-2012 жылдары 6 ай Қытай елінде, 2013 жылы 2 ай АҚШ-та тағылымдамада (2013 ж.) және Еуропаның біраз елдерінде ғылыми конференцияларда болып қайтты. Осы орайда топтық жұмыстардың маңыздылығына назар аударған Қ.Төленов «2025 жылға қарай ғылым жағынан үздік ондыққа кіруді жоспарлап отырған Қытай елі­мен, сондай-ақ Аустралиямен теңесе алма­ғанымызбен, отандық математикада жолға қойылған салаларды дамытып, өз мектебімізді қалыптастырып, жас­тар қатарын көбейтсек» деген пікірін білдірді.

 

Елімізде мектепаралық математика жақсы дамыған 

Айдын ҚАСЫМОВ,

1

PhD доктор. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Бел­гия­­дағы Ghent Uni­ver­­sity-інде док­­тор­лы­­­ғын­ ­қор­ға­ған.­ Ма­­­­те­­­ма­тика және ма­­­­­тема­ти­ка­лық мо­дельдеу инс­ти­­ту­ты­ның ғылыми қызметкері.

Ғылыми ортада өскен Айдын Қасымов отбасында көргені де, көңілге түйгені де математика болғандықтан, осы саланы таңдаған. «Әкемді үлгі тұттым, атам да, анам да осы салаға баруымды қалады», деген Айдын Қасымов Жәутіков атындағы физика-математика мектебін бітіргеннен кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Математика және механика факультетіне оқуға түседі. «Алайда екінші курста райымнан қайта бастадым. Сол кезде математикалық талдаудан сабақ беретін ұстазым профессор Жанұзақов ғылыммен айналысуыма жол сілтеп, талпынысымды жандандырды. Ал физика-математика мектебінде оқып жүргенде мектепаралық математиканың жақсы дамығанына көз жеткіздім. Мектебімізде талантты балалар да, олимпиадаға қатысушылар да көп болды», дейді Айдын. Кейіннен Математика және математикалық мо­дельдеу институтына жұмысқа орналасты. Осы институт қабырғасында жүріп шыңдалып, тәжірибе жинаған жас ғалым Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Белгияның Ghent University арасындағы келісімшартқа сәйкес білімін докторантурада жалғастырады. Шетелде оқи жүріп, еліміздегі математика ғылымының жақсы бағыт ұстанып, дамып келе жатқанына көз жеткіздім, дейді ол. Зертханалардағы жұмыстар барысында Италия, Грекия сияқты елдер студенттерінің «Болашақ» бағдарламасына, мемлекеттің жастарды білімге, ғылымға тартудағы қолдауына қызығушылық білдіргені жайлы сөзін Айдын Қасымов салаға жастарды көп­теп тарту қажет деген пікірімен жал­­ғас­тырды. Осы орайда алған білімі мен тәжірибесін отандық математика ғы­лымының дамуына арнап, еліме пайда әкелсем деген ойын ортаға салды.

 

PhD дәрежесін алғандардың көбеюі сапаға кері әсер етуде

Дөрбетқан СҰРАҒАН,

1

PhD доктор. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Ма­те­ма­тик, тео­ре­тик-фи­зик, механик, ҰҒА кор­рес­пон­дент-мүшесі. «Болашақ» бағдар­ла­масымен Лон­дон­да King’s College магистратурасында тео­­рия­лық физика бойынша білім алған. 2015-2016 жыл­­дары Лондонда Imperial College ғылыми қызметкері болып істеген. Ағылшын тілінде жазылған Hardy inequalities on homogeneous groups (100 years of Hardy inequalities) монографиясы үшін 2018 жылы Ferran Sunyer i Balaguer Prize халықаралық жүлдесіне ие болған. Осы сыйлық тарихындағы ең жас ғалым-жүлдегер. Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника са­ла­сын­дағы Мемлекеттік сыйлы­ғы­ның ие­гері. Назарбаев Уни­верси­те­ті­нің оқы­тушысы.

«Отандық ғылымды дамыту бағы­тын­дағы жұмыстар жылдан-жылға жақсарып келеді» деген Дөрбетқан Сұраған ғылымдағы жақсы ізденістерді, бастамаларды тілге тиек етті. Ұлттық ғылыми сараптама орталығының мә­лі­меттері бойынша, еліміздегі математика ғылымы әлемдік тұрғыдан ал­ғанда өзіндік орны мен дәрежесі бар сала. Бұл бағытта Математика және математикалық модельдеу институты – еліміздегі алдыңғы қатарда тұрған ғылыми орталық. Д.Сұрағанның айтуынша, білімді дамытудың іргетасы – сапалы жоғары білім, сапалы білімнің негізі – іргелі ғылым. Ал ғылымды жасайтындар – ғалымдар. Бұл үшін мемлекет ғалымның жағдайына, мәртебесіне көңіл бөлуі маңызды. Осы орайда ұстаздардың мәртебесіне қатысты заң қабылданып, алдағы уақытта жемісін беріп жатса, оның өзі үлкен жетістік. Кейінгі жылдарда ғылыми ортаны толғандырып отырған мәселенің бірі PhD ғалымдардың көбейіп кеткендігіне қатысты пікірін ортаға салып, «Жылдан-жылға елімізде мектеп бітіретін түлектердің саны артып келеді. Нәтижесінде, ұлттық университеттерге оқуға түсетін түлектердің да саны арта түсетіні белгілі. Тиісті министрлік жыл сайын білім алу гранттарының да санын арттыра түспек. Осы тұста ғылымға келетін жастардың да саны көбейетін болар деген ойынын айтып, сапа мәселесін қозғады. Өйткені бүгінде PhD көрсеткішінің көбеюі сапаға әсер етуде. Бұл жерде PhD стипендиясын ғана мақсат етіп келетін студенттердің ғылымға пайдасы шамалы. Сондықтан бұл бағытта өткеннен сабақ ала отырып, алдағы уақытқа кемшіліктерге жол бермеу керек, дейді ғалым. Президент тапсырмасына орай реформаларды жылдам жүзеге асыру маңызды, ал сапаны жақсартудың бірден-бір жолы – талантты жастарды қолдау. Бүгінде мемлекет стратегиясының басым бағыттарының бірі адам капиталы десек, жастарды ғылымға тартудың идеологиясына мән беретін уақыт келді. Себебі талантты жастардың көпшілігі шетел асып, жақсы жағдай іздеп кетуде. Google, Microsoft, Amazon сияқты т.б. ІТ компанияларда қазақ жастары жұмыс істеп жүр. Мұнымен қоса шетелдерде оқып жатқан жастар бар. Олар ертең елге оралады. Бірақ елге келгенде қадірі қашпайтындай жағдай жасалуы керек емес пе. Ал университеттерде дәріс оқып жүрген профессор-оқытушылар материалдық тұрғыдан да, ой еркіндігі жағынан да тәуелсіз болуы керек. Белгілі бір оқу орны әкімшілігінің қас-қабағына қарап бала оқытқанмен жақсы нәтиже шықпайды. Дегенмен ғылымда серпіліс жасауға жастардың жігері де, білімі де жеткілікті, дейді С.Дөрбетқан.

Түйін: Жыл сайын салаға бөлінетін қаражат артып келеді. Дүние жүзі үл­кен дағдарысты бастан өткеруде. Ше­тел­ден мамандарды қыруар ақша тө­леп шақырғаннан гөрі өз мамандары­­мызды даярлаудың келешегі зор. Ал жоғары білімнің сапасын арттыру ар­қылы сапаға қадам басу маңызды. Сон­­дықтан дағдарысты кезеңнің алдын алып, мықты ғалымдарымызды, беделді университеттерімізді дамыту уақыт күт­тір­мейді. Ал математика ғылымының дамуы аға буын ғалымдар мен олардың орнын басатын жаңа ойлы ғалымдардың келешегімен байланысты.

 

АЛМАТЫ